Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұмытылмас тарих, ұлықталған ерлік

Ұмытылмас тарих, ұлықталған ерлік

Осы жылдың 2026 сәуірінде Чернобыль атом электр станциясындағы техногендік апатқа 40 жыл толғаны белгілі. Адамзат тарихындағы ең ірі радиациялық апатты жоюға 600 мыңнан астам адам қатысса, оның ішінде 32 мыңнан астам қазақстандық сарбаз бен маман болды. Бұл ретте «Руханият орталығында» Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлерге арналған тағылымды кездесу өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудан ардагерлері, мекеме басшылары, жас­тар және аудан тұрғындары қатысты.

Кездесу барысында ау­дан басшысы 40 жыл бұрын орын алған апаттың себеп-сал­дарына кеңінен тоқ­та­лып, оның адамзат пен қор­шаған ортаға тигізген ауыр зардаптарын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз Чернобыль апатының зар­­­­­дап­тарын жоюға ат­са­­­­лысқан азаматтардың ер­­­­­­лі­­гін әрдайым жоғары ба­­­­ға­­­­­лай­мыз. Олардың жан­қияр еңбегі мен ба­тылдығы – кейін­гі ұрпаққа үлгі» деп атап көрсетті. Радиоактивті сәу­­ленің аса қауіпті зардаптары мыңдаған адамның өмі­рі­не үлкен қауіп төндірді. Бұл апат табиғатқа да, адам­затқа да орасан зиян келтірді. Осындай ауыр ке­зеңде өз өмірін қатерге ті­гіп, апаттың зардаптарын жою­ға қатысқан азамат­тар­дың ерлігі өл­шеусіз. Сіз­дер уақытпен санас­пай, қауіптен тайсалмай, адамзат алдындағы бо­рыш­та­рыңызды жо­­ға­ры қой­ды­ңыз­дар. Бұл – шынайы патриотизм мен азаматтық жа­уап­кершіліктің айқын кө­­­­рі­­­нісі. Біздің ауданымыздан атал­ған апатты жоюға 43 азамат қатысса, бүгінгі күні олардың 12-сі ортамызда. Сіздердің ерліктеріңізді ұлықтау және оны жас ұр­пақтың санасына сіңіру – аса маңызды міндет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Чернобыль апатының зар­­­­дабын жоюға қатысқан арда­­­герлерге арнайы төс­белгі табысталып, сый-құр­мет көрсетілді. Аудан­дық ардагерлер кеңесінің төр­а­ғасы Мұса Келдібаев сөз сөйлеп, Чернобыль апа­­­тының зардаптарын жою­­­ға қатысқан аза­мат­тар­­дың ерлігі ешқа­шан ұмы­­­тыл­­­майтынын тілге тиек етті. Зардапты жоюға қа­­тыс­қан ардагерлер ұсы­ныс-пікірлерін жеткізіп, көр­­сетіл­ген құрмет үшін ал­ғыс­тарын білдірді.

– Чернобыль апаты – біз­дің жадымызда мәңгі сақ­талатын ауыр кезең. Біз, сол уақытта қызмет еткен ардагерлер, бұл қасіреттің сал­­дарын жақыннан көр­дік. Көзге көрінбейтін радиа­ция­ның қаупі қаншама адам­ның өміріне әсер етті, талай денсаулыққа зиянын тигізді. Сол бір сын сағатта көптеген азамат батылдық танытып, апат­тың салдарын жоюға атсалысты. Біз үшін бұл – жай ғана міндет емес, ел алдын­дағы жауапкершілік еді. Қиындыққа қара­мас­тан, әркім өз борышын орындауға тырысты. Бүгін­де сол ерлікті ұмытпау – кейінгі ұрпақтың парызы. Чернобыль бізге бір нәр­сені анық түсіндірді: бей­қамдықтың салдары ауыр болады. Сондықтан таби­ғат­қа, технологияға және адам өміріне әр­дайым жауап­кершілікпен қа­рауы­мыз керек. Бұл апат – тек өткеннің естелігі емес, ол болашаққа сабақ. Арамыздан талай аза­мат кеткені өкінішті. Әр жылдары қол­дау көрсетіп келе жат­қан аудан басшысына және баршаңызға алғыс айта­мыз, – деді Темірбек Айкөпешов.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 сәуір 2026 ж. 37 0