Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Арналар аршылды – тіршілік жанданды

Арналар аршылды – тіршілік жанданды

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана халқымыз. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңінде айналаны тазалап, қоршаған ортаға жанашырлық таныту маңызды. Су арналары қайта жандана бастаған шақта олардың тазалығы мен қалыпты ағысын қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Осы орайда ауданда каналдарды көктемгі тазалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, табиғи тепе-теңдікті сақтауға бағытталған игі бастамалар қолға алынды.

Осындай игі жұмыстар аясында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Жетікөл, Айдарлы ауылдарындағы «Жетікөл жарма» және «Ақтам» каналдарын механикалық тазалау жұмыстарымен танысты. Жұмыс сапары барысында аудан басшысы ат­қа­рылып жатқан жұмыстардың сапасына, мерзімінде орындалуына және тех­­ни­калық қауіпсіздік талаптарының сақ­талуына ерекше назар аударды.

Бүгінде елді мекендерді тұрақты аяқ­сумен қамтамасыз ету мақсатында «Жетікөл жарма» каналының 16,5 шақы­рымдық бөлігінде кешенді тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Ақтам» каналының сағасы тазартылуда. Бұл жұмыстарға «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалы арқылы 9 экскаватор, 4 ауыр техника, 1 бульдозер және 2 қосымша арнайы техника жұмылдырылған.
Жұмысшы топ белгіленген жоспарға сәйкес канал арнасын кеңейту, түбін тереңдету жұмыстарын қарқынды түрде жүргізуде. Өз кезегінде аудан әкімі жауапты сала басшыларына және мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасын арттыру, белгіленген мерзімнен кешіктірмей аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүк­теді.

Аталған жұмыстар тек санитарлық тазалықты қамтамасыз етумен шек­телмейді. Сондай-ақ су өткізу жүйе­лерінің тиімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы мен тұр­ғын­дардың қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізіп, табиғатқа деген қамқорлық пен жауапкершіліктің көрінісі саналады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 сәуір 2026 ж. 49 0