Жаңа нышан – жаңа бағыт
Сатира сардары, ақын, жерлесіміз Асқар Тоқмағанбетов атындағы ауылда бүгінде 299 отбасында 1500-ден астам тұрғын бар. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ауылда тың жаңалық орын алғанын естіп, оқырманға жеткізуге асықтық. Мұнда «Ауылдың айшығы» ауыл логотипіне арналған онлайн конкурс ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Онлайн байқауға қатысқан 16 талапкердің ішінен Жанұзақ Темірбеков жеңімпаз атанды.Ойы ұшқыр, білімі терең жеңімпаз жастың еңбегін жоғары бағалаған ауыл әкімі Нұрлан Құрманалиев тарихы тереңде жатқан елді мекеннің логотипі бекітілгенін жақсы жаңалыққа балады.
– 1929-1950 жылдар аралығында сол жерде қаңлылардың «Майлықұм» деген колхозы болған. 1950 жылы «Бидайкөл», «Майлықұм», «Қызылорақ» колхоздары ұйымдастырылып, 1962 жылы «Партияның XVIII съезі атындағы» совхоз болған ауылымыз қырғи тілді Асқар ақынның атымен аталады. «Ауылдың айшығы» ауыл логотипіне арналған онлайн байқаудың маңыздылығы жоғары. Талай дүлдүлді дүниеге әкелген елді мекеннің бойтұмары бекітілгеніне дән ризамыз. Ауылдық клубтың ұйымдастыруымен жүзеге асқан байқау нәтижесінде Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Жанұзақ Темірбеков жеңіс тұғырынан көрінді. Білімі толысқан азаматтың шығармашылық еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді Нұрлан Құрманалиев.
Логотип байқауының жеңімпазын анықтауға атсалысқан әділқазы алқасының құрамында ауыл әкімі Нұрлан Құрманалиев, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өлкетанушы Жәнібек Маханбет, Асқар Тоқмағанбетов атындағы №135 орта мектеп директоры Зәуре Білісбаева, суретші, кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабдолла Алданазаров, еңбек ардагерлері Бәрзубек Жылқыбаев, Манат Есенбаева, Злиха Сыздықова болды.
Бұл ретте, жеңіс тұғырынан көрініп, қаржылай сыйлыққа ие болған Жанұзақ Темірбеков логотиптің мазмұнына тоқталды.
– Асқар Тоқмағанбетов ауылы логотипі – ауылдың тарихи, рухани және әлеуметтік құндылықтарын айшықтайтын біртұтас композициялық белгі. Логотип дөңгелек пішінде бейнеленген. Дөңгелек – бірлік пен тұтастықтың, ынтымақ пен тұрақтылықтың нышаны. Бұл ауыл тұрғындарының татулығы мен ортақ мақсат жолындағы бірлігін білдіреді. Орталық бөлігінде орналасқан ауылға кірер қақпа береке мен бірліктің, қонақжайлылықтың, өткен мен болашақты жалғайтын жол, ауылдың дамуы мен ашықтығын білдіреді. Шаңырақ бейнесі – елдің тұтастығы мен ұлттық рухын білдіреді және ауыл тұрғындарының ортақ үйінің символы екенін меңзейді. Көктегі құстар бейнесі – тыныштық пен татулықтың, тазалық пен пәктіктің, жаңару мен болашақтың, арман мен үміттің символы. Ашық кітап – білімнің, ағартушылықтың және Асқар Тоқмағанбетовтің әдеби мұрасының белгісі. Бұл ауылдың рухани құндылықтарға және білімге деген құрметін айқындайды. Бидай масақтары – еңбек пен берекенің, ауыл шаруашылығының символы. Олар ауылдың негізгі тіршілік көзі мен молшылықты білдіреді. Жасыл түс – табиғат пен жаңаруды, қоңыр түс – жер мен тұрақтылықты, алтын түс – ырыс пен молшылықты білдіреді. Логотиптің жалпы мазмұны – білімге ұмтылған, рухани бай, еңбекқор әрі бірлігі жарасқан ауыл келбетін көрсетуге бағытталған. Байқаудың жеңімпазы атанғаныма шын жүректен қуаныштымын. Ауылдан түлеп ұшқан азамат ретінде бұл мен үшін зор мақтаныш, – деді Жанұзақ Темірбеков.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











