Жастардың бизнес жобасы қолдау тапты
Бүгінде бизнес өкілдері кәсіп ашуға байланысты мәселе қозғалғанда ең алдымен нарықты мұқият зерттеу керектігін тілге тиек етеді. Көбіне жұмыссыз жастар шағын бизнес көзін ашуға бейім келеді. Мұндайда оларға тәжірибесі толысқан кәсіп иесінің ақыл-кеңесі ауадай қажет. Осы ретте Нағи Ілиясов ауылында жұмыссыз жастар арасында әлеуметтік бизнес лагері өтті.Кәсіп ашуға ниетті жастардың алаңына айналған бизнес-тренингті «Venera print» жарнама агенттігінің құрылтайшысы Венера Даулетбаева жүргізді. Мұнда бірнеше жылдық тәжірибесі бар маман идеяны дамыту, питчинг және инвесторлармен жұмыс жасау жөнінде ақпараттармен бөлісті. Өз кезегінде іс-шара аясында белсенді жастар 8 командаға бөлініп, бизнес жобаларын таныстырды. Бірқатар тапсырмаларды орындап, өзара бәсекелестіктің көркін қыздыра түсті.
Олардың жобаларын бағалаған әділ қазылар алқасының құрамында бизнес-тренер Венера Даулетбаева, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің маманы Ғани Үсенбаев, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Динара Мұратбекқызы болды.
– Бүгінгі таңда жастар үшін кәсіп бастау – үлкен мүмкіндікпен қатар, жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Көп жағдайда жастар бірден үлкен табысқа жеткісі келеді, алайда кез келген табысты бизнес кішкентай қадамнан басталатынын ұмытпаған жөн. Ең алдымен, өзіңнің қызығушылығың мен қабілетіңді дұрыс анықтап алу қажет. Себебі сүйікті іспен айналысқан адам ғана ұзақ жолға шыдайды. Қазіргі уақытта кәсіп бастау үшін үлкен капитал міндетті емес. Ең бастысы – идея, еңбекқорлық және табандылық. Жастарға шағын жобадан бастап, тәжірибе жинақтап, біртіндеп дамуды ұсынамын. Сонымен қатар нарықты зерттеп, тұтынушы сұранысын түсіну – табыстың негізгі кілті. Мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге қолдау да аз емес. «Бастау Бизнес» жобасы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы көптеген мүмкіндік ұсынып отыр. Осындай қолдауларды тиімді пайдаланып, білім алып, өз кәсібін сенімді түрде бастауға болады. Тағы бір маңызды мәселе – цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану. Бүгінде Instagram, TikTok сияқты платформалар арқылы бизнес жүргізу әлдеқайда жеңілдеді. Сондықтан жастар заман талабына сай икемделіп, жаңа технологияларды игеруі тиіс. Ең бастысы – қорықпау. Қателік – тәжірибенің бір бөлігі. Әр сәтсіздік жаңа сабақ береді. Сондықтан тәуекелге барып, әрекет ету – табысқа бастайтын жол, – деді Венера Даулетбаева.
Бірнеше бөлімнен тұрған іс-шараның қорытындысында «Nagi Camp» командасынан Балнұр Елеуова, Назым Таңсықбай, Ұлжан Әділжанқызы І орынды иеленді. «Aul Handmade» командасынан Назым Арыстанбекова, Бибігүл Ақылбек, Айым Зұлхарнайқызы, Айгүл Абдрашит ІІ орынды, ал «Love Flowers» командасынан Мақпал Тұрсынбекова, Нұрай Серікқызы, Гүлім Аманжолқызы ІІІ орынды еншіледі. Барлық жеңімпаз командаларға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










