Түркияда Халықаралық тәжірибеден өтті
Сыр өңірінің бір топ мейіргері Түркия елінің Измир қаласына арнайы іссапармен барды. Измир қаласында «Мейіргерлік ісіндегі заманауи менеджмент: халықаралық тәжірибе және үздік практикалар» атты халықаралық практикалық шеберлік-сыныбы өткізілді. Жоғары деңгейде жүзеге асқан біліктілік арттыру алаңында аудандық аурухананың мейіргері Айкерім Тұрлығұлова қатысушы атанды.Аталған шеберлік-сыныбы мейіргерлік менеджменттің заманауи тәсілдері, науқасқа бағытталған күтім жүйесі, сапаны басқару және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Халықаралық тәжірибеде тиімділігі дәлелденген басқару модельдері таныстырылып, мейіргерлік қызметті ұйымдастырудағы жаңа әдістер ұсынылды. Әсіресе, командалық жұмыс, көшбасшылық қабілеттерді дамыту, кәсіби коммуникация және шешім қабылдау үдерістерін жетілдіру бағыттары назардан тыс қалған жоқ. Шеберлік-сыныбы барысында тәжірибелік бөлімге ерекше мән беріліп, нақты жағдайлар негізінде кейс-талдаулар жүргізілді. Бұл өз кезегінде қатысушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік берді.
– Измир қаласында медицина саласы бойынша өткен шеберлік-сыныбына қатысып, үлкен тәжірибе жинақтадым. Бұл сапар мен үшін тек оқу ғана емес, жаңа орта мен тың көзқарас сыйлады. Шетелдік мамандардың жұмысын көріп, олардың кәсібилігі мен науқасқа деген мейірімді қарым-қатынасы ерекше әсер қалдырды. Шеберлік-сыныбы менің кәсіби дамуыма үлкен серпін беріп, өз қызметіме, мамандығыма деген қызығушылығымды арттырды. Әсіресе, медицинада тек білім емес, адамгершілік пен жанашырлықтың қаншалықты маңызды екенін терең түсіндім. Әрине, халықаралық тәжірибе алаңы біз үшін кәсіби тұрғыдан біліктілікті арттыруға зор мүмкіндік берді. Халықаралық JCI, EFQM, ISO стандарттарына сәйкес, шетелдік мамандармен пікір алмастық. Барлық жағынан қолдау көрсеткен бас дәрігер Жанар Жұмабаева бастаған ұжымға алғыс айтамын, – деді Айкерім Болатқызы.
Айкерім Тұрлығұлова – Тереңөзек кентінің тумасы. Аудандық ауруханада 9 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта емхананың «Жалпы тәжірибелік» бөлімшесінде кеңейтілген практика мейіргері ретінде көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.
– Мейіргерлік іс денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Заманауи талаптарға сәйкес, мейіргерлер тек күтім көрсетуші маман ғана емес, сонымен қатар басқарушылық шешімдер қабылдай алатын, кәсіби құзыреті жоғары, жауапкершілігі мол тұлға болуы тиіс. Осы ретте ұйымдастырылған шеберлік-сыныбы мейіргерлік менеджментті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мұндай халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңдары медицина қызметкерлерінің кәсіби дамуына зор ықпал етеді. Мамандар үшін жаңа көзқарас қалыптастырып, қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Әріптесіміз Айкерім Болатқызы алдағы уақытта халықаралық шеберлік-сыныбынан жинақтаған тәжірибесін аудан медицинасының дамуына қолданады деп сенемін, – деді бас дәрігер Жанар Әшімқызы.
Б.ОРДАБЕКОВ










