Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапалы ұрпақ – саналы қоғам

Сапалы ұрпақ – саналы қоғам

Білім мен тәрбие ұштасқанда ғана сапалы болатыны белгілі. Қос тұғырға айналған ережені бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Мектеп – білім мен тәрбиенің киелі ордасы. Өскелең ұрпақты білім иесі болуға баулу қаншалықты дұрыс болса, оларға дұрыс жол, оң бағыт беру де соншалықты маңызды.

«Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуға тиіс. Зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, яғни, буллингке, қаті­гездік пен озбырлыққа мүлде жол берілмеуі керек. «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады» деген еді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Әрине, ата-ата баласын «қатыгез бол» деп тәрбиелемесе керек. Ал мектеп қашан да баладан түзу жүріп, үлгілі оқушы болуды талап етеді. Десек те, бүгінгі қоғамда жаға ұстатар жағдай тыйылмай отыр. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, өзара шекісіп қалған жоғары сынып оқушылары арасындағы жағдай үлкен дауға айналған. Ең сорақысы, бір оқушы осы жағдайдың кесірінен жанарынан айырылғанын жаңалықтарда жарыса жазуда. Қарап тұрсаң, жазым деген аяқ астынан. Десе де, мектепке кеткен баласын ата-ана тағатсыздана уайымдайды. Себебі қоғамда осындай жағдай жиі орын алып отыр. Білім алуға кеткен баласы «өз аяғымен келе ме, мүгедек болып орала ма» деген ой, әрине, кез келгенді мазаламай қой­майды.

Бұл ретте мектептерде, білім ошақтарында түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы зор. Осы орайда Ақжарма ауылындағы №130 орта мектеп оқушыларымен кездесу өткізілген болатын. Ауқымды жиындар аудан көлемінде де, жекелей мектептерде де атқарылып жатқаны белгілі. Бұл профилактикалық түсіндірме жұ­мыс­ын Сырдария ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­бы­лыққа қарсы күрес тобының инс­пекторы полиция аға лейтенанты А.Рсымова және «Отбасын қолдау» орталығы психологы А.Маханбетова, нарколог Қ.Жұмабеков, емхана психологы М.Маханбетжанов және аурухана қызметкерлері бірлесе отырып жүргізді. Мектеп акт залында оқушылар арасында зорлық-зомбылықтың, суи­цидтің алдын-алу, саламатты өмір салтын сақтау жөнінде маңызды ақпарат айтылды.

– Бүгін кездесудегі басты мақсат – құқықтық сауаттылықты арттыру, тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын түсіндіру. Себебі әрбір жас – елдің болашағы. Қазіргі қоғамда жас­өспі­рімдер арасындағы құқық­бұзу­шы­лықтың алдын алу – ортақ міндет. Заң талаптарын білу және оны сақтау – әр азаматтың парызы. Көшеде, мектепте, қоғамдық орындарда өзіңізді дұрыс ұстап, өзгелердің құқығына құрметпен қарау – мәдениеттіліктің белгісі. Ең маңыздысы – уақытты тиімді пайдалану. Бос уақытты пайдалы іс­терге арнап, спортпен шұғылданып, білім алуға көңіл бөлу қажет. Жаман әдеттерден аулақ болып, болашаққа жауапкершілікпен қарау маңызды. Сондай-ақ құқықбұзушылықтың салдары өте ауыр екенін есте сақтау керек. Кез келген заңсыз әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан әрқашан заң шеңберінде әрекет ету – өкінбейтін шешім. Тәртіпке бағынған құл болмайды. Еліміздің саналы, тәртіпті, білімді азаматы болу – әрқайсыңыздың қолыңызда, – деді ауданық полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі отбасылық-тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы полиция аға лейтенанты А.Рсымова.

Өз кезегінде емхана психологы М.Маханбетжанов «Суицид – ғасыр дерті» тақырыбында баяндама жасап, зиянды әдеттен аулақ болу қажеттігін атап өтті.

– Бұл мәселе тек бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның алаңдаушылығын туғызатын өзекті тақырыптардың бірі. Суицид – көбінесе адамның ішкі жан күйзелісі, жалғыздық сезімі, түсін­­беушілік пен үмітсіздіктің салдары. Өкінішке қарай, кейбір жастар қиын­дықты жалғыз өткеруге тырысып, тығырықтан шығудың жолын таба алмай жатады. Кез келген қиындықтың шешімі бар. Ең бастысы, мәселені іште сақтамай, сенімді адаммен бөлісу. Бұл – ата-ана, ұстаз, дос немесе маман болуы мүмкін. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше, батылдықтың белгісі, – деген маман емхана қызметкерлері әркез бірлесе жұмыс жасап, кез келген мәселенің бірге алдын алуға дайын екенін жеткізді.

Балаларды жауапкершілікке баулып, оларға кез келген әрекеттің салдары болатынын түсіндіру маңызды. «Заң мен тәртіп» қағидаты тәрбие жұ­мысының ажырамас бөлігіне айнал­уы тиіс. Бұл ретте тиісті мамандар ұс­таздармен және оқушылармен осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуі маңызды.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
18 сәуір 2026 ж. 79 0