Ана сүті – бала денсаулығының негізі
Ана мен бала ұлттың қазынасы. Кемел келешегіміздің көкжиегі. Бала денсаулығы ана сүтімен тығыз байланысты.Ана сүті – нәресте үшін ең табиғи әрі ең пайдалы тағам. Дүниеге келген сәттен бастап баланың денсаулығы, иммунитеті және дұрыс дамуы көп жағдайда ана сүтіне байланысты. Сондықтан әрбір анаға емізудің маңыздылығын түсіндіру – біз, мейірбикелердің басты міндеттерінің бірі.
Ана сүтінің құрамында бала ағзасына қажетті барлық дәрумендер мен қоректік заттар бар. Әсіресе алғашқы күндері бөлінетін уыздың құндылығы өте жоғары.
Ол баланың иммунитетін күшейтіп, жұқпалы аурулардан қорғайды. Ас қорыту жүйесін жақсартады.
Сонымен қатар, ана сүті баланың миының дамуына оң әсер етеді және оның болашақтағы денсаулығына берік негіз қалайды.
Емізудің тек балаға ғана емес, анаға да пайдасы зор. Босанғаннан кейін ағзаның тез қалпына келуіне жақсы көмектеседі. Қан кету қаупін азайтады. Ана мен бала арасындағы байланысты нығайтады.
Медицинада баланы кеудеге дұрыс орналастыру керек. Бала тек емшекті емес, айналасындағы қара бөлігін толық қамтуы тиіс. Емізу кезінде анаға да, балаға да ыңғайлы болуы қажет.
Ана сүті – табиғаттың ең үлкен сыйы. Ол ешбір жасанды қоспамен салыстыруға келмейді. Әрбір ана баласын кем дегенде 6 айға дейін тек ана сүтімен қоректендіргені жөн. Бұл – баланың болашағына жасалған ең үлкен инвестиция.
Ана сүтін дұрыс еміп өскен баланың дені сау, болашағы жарқын болмақ.
Индира ЖАРМАХАНОВА,
Қызылорда қалалық
№6 емханасының мейірбикесі
Қызылорда қалалық
№6 емханасының мейірбикесі










