Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АНА СҮТІ БАЛАҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

АНА СҮТІ БАЛАҒА ҚАНШАЛЫҚТЫ ПАЙДАЛЫ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы бойынша Қазақстанда 1-7 тамыз аралығында Дүниежүзілік ана сүтімен қоректендіру апталығы өткізілді. Шараның мақсаты — сау бала үшін ана сүтінің пайдасы туралы әйелдерге  кеңінен ақпарат беру екені анық. Апталық аясында аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесі мен дені сау бала кабинетіне қабылдауға келген жас аналарға емшекпен емізудің қағидаттары және ана сүтінің пайдасы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ана сүтінде баланың сау дамуына қажетті барлық пайдалы заттар баршылық.  Атап айтқанда, майлар, нәруыздар, көмірсулар, су, дәрумендер және минералдар бар. Демек, ана сүті балаға арналған ең жақсы тағам, бұл оның асқорыту жүйесіне қолайлы құрамда болғандықтан ғана шектеліп қоймайды. Оның құрамындағы табиғи антиденелер жаңадан туылған нәрестенің иммунитетін нығайтады, балалар ауруынан сақтауға көмектеседі. Яғни, еметін балалар өте сирек суықтап ауырады, және жасанды қоректенетін балаларға қарағанда жұқпалы ауруларға, аллергиялық реакцияларға сирек шалдығады. Бұдан бөлек, ана сүтімен емізу балаға анасына деген жақындықты, мейірімділік пен жайлылықты сезінуге ықпалдасады. 
Сонымен қатар, ана сүті ананың денсаулығы үшін де өте пайдалы. Жаңадан туылған нәрестені ана сүтімен емізетін аналар босанғаннан кейінгі күйзеліске сирек шалдығады. Емізу аналық без, сүт безі обырының даму қаупін төмендетеді, босанғаннан кейін ананың салмағын азайтуға ықпалдасуы мүмкін, сондай-ақ баланы тамақтандырудың сенімді және қоршаған орта үшін қауіпсіз тәсілі болып табылатындығы жайлы айтылды.
Емізіп жүргеніне біраз уақыт болған ананың сүтінде майлар мен көмірсулар көп болады. Бұл сусынның құрамы қайталанбайды. Оны басқа ешқандай сусын, тағам түрімен алмастыру мүмкін емес!

«ТТ»-ақпарат

11 тамыз 2019 ж. 1 238 0