Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ешқашан шәйт деспеген жұбайлар

Ешқашан шәйт деспеген жұбайлар


Күләш Төлендіқызы Тұрлымбетова көп балалы, бақуатты отбасында туып өсті. Төленді аға өз ортасында беделді, бауырмал, жоқ-жітікке ауызындағысын жырып беретін ақ-пейіл, сондай-ақ іске мығым, зерек те көреген адам еді. Бала тәрбиесіне өте мұқият қараған әке балаларының оқуын басты назарда ұстады. Күнде кешкісін ұл-қыздарының күнделіктерін тексеретін.
Соғыстан кейінгі қиын кезеңде оқып агрономдық мамандық алып шыққан қайсар әке: «Болашақта бір-бір мамандық иесі болып, өмірден өз орындарыңды табуға қазірден қамданыңдар. Қамданғандарың барлық пәндерден жақсы оқығандарың», — деп балаларының құлақтарына құймақша құйып отыратын.
Күнделікті сабақтарына тыңғылықты дайындалатын Күләш ағасы Ермек, әпкесі Клара сияқты жақсы оқыды. Алған 4-5-терін күнделігіне қойғызып, әкесіне көрсетуге асығатын. «Осы сары қызым жарайды» деген әке мадағы бойына қуат беріп, қанаттандыра түсетін. Мерзімдік басылымдарды үзбей оқитын әке үлгісі ұл-қыздарына да жұғысты болып, олар да газет-журналдардың оқырмандарына айналды.
Мінезге бай, сабырлы Ұлбике ана ері мен отбасындағы жеті баланың жағдайын жасап, үйдің берекесін кіргізіп отыруды өмірдің қызығына балайтын мейірімді жан.
Күләш Төлендіқызы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаз болуды армандады. Арманы қызды ҚазПИ-дің (қазіргі ҚазҰПУ) биология факультетіне жетеледі. 1977 жылы оқуын бітіріп, дипломын қолға алған соң, Аграрлық университетінің түлегі Акурпеков Кәдірақын екеуі тұрмыс құрып, шаңырақ көтерді. Атасы Жұмәділ, енесі Әуелхан бес уақыт намазын қаза жібермейтін, ораза ұстайтын иманды кісілер екен. Күләшқа Ұлбике ана: «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келер» деген сөз бар. «Үлкендерді сыйла, алдарынан қия өтпе. Сыйласаң сыйымды боласың, Үлкендердің батасын ал», — деп кеңес берді. «Келіндік міндетімді мінсіз өтей алдым деп ойлаймын. Ата-анам көздерінің тірі кезіңде-ақ ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берген», — дейді Күләш сөз арасында.
Күләш ұстаздық жолын Еңбекші қазақ ауданы (Алматы облысы) М.Әуезов атындағы орта мектепте биология пәнінің мұғалімі болып бастады. Сүйікті мамандығын мүлтіксіз атқаруға бар ынты-шынтымен кірісті. Бірде сабағына мектеп директоры қатысты. Соңынан сабағының жетістіктері мен кемшіліктерін саралап талдау жасады. Бұл оны жаңа биіктерге жетеледі.
Әр сабағына пәпкі ашып, оған сабақ жоспарларын, әдіс-тәсілдерін, көрнекіліктерін жинақтады.
Мал дәрігері Кәдірақынды мал совхозына ауыстырғандықтан, бұлар Қаражота ауылына қоныс аударды. Күләш жұмысын сондағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте жалғастырды.
Оқу, іздену нәтижесінде біліктілігін арттырып, тәжірибесін байыта түскен Күләш Төлендіқызы аудандық семинарларда сабақ көрсетіп, әріптестерінің ілтипатына бөленді. Оның «Дәрілік өсімдіктер» тақырыбында жасаған баяндамасы жоғары бағаланып, аудандық, облыстық оқу бөлімдерінің мақтау қағаздарымен марапатталды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында ел басына түскен ауыртпалық халықты саң соққан балықтай есеңгіреткені рас. Жаһандану жалаңдап өмірімізге дендеп ене бастады. Жанбағыс қамы алғашқы орынға шықты. Жұмыссыз қалғандар нәпақа іздеп қалаға сабылды. Жұмысы жабылған Кәдірақын аздаған малын бағып жүріп көп ойланды. Кәдірақын Күләшқа темекі ексек деген ойын айтты. Екеуі ақылдаса келе осы тоқтамға тірелді. Осы кәсіппен көптен айналысатындардан сұрап көп мағлұмат алып, істің қыр-сырына қаныққандай болды. Сөйтіп, темекіден басқа картоп, пияз, күнбағыс, жүгері екті.
Күндіз жұмыстан қолы қалт еткенде бала-шағасымен ат-арбаға отырып, егіс алқабына барады. Темекінің сарғыш тартқан жапырақтарын жинап кеш батқанша үйге жеткізіп алады. Кешкі тамақтан соң, балалар тегіс ертеңгі сабақтарына әзірленуге отырады. Кәдірақын мен Күләш жапырақтарды жіпке өткізіп, кебу үшін сыртқа жайып қояды. Кейде бұл жұмыс түнгі сағат 3-4-ге дейін созылады. Қолдарының салдырап ауырғанын да елемей, жұмысты бітіруге жандарын салды.
Кәдірақын егіс алқабында күнбағысты орып үйге жеткізетін. Күнбағыстан май тартып, артығын сатып қаражат жасайтын.
«Өмір үйретеді, еңбек ширатады» деген ып-рас. Күләштың дене еңбегіне төселгені сондай Кәдірақын күрек ұстаса, күрек ұстап, кетпен ұстаса, кетпен ұстап ер азаматынан қалыспай іс тыңдыратынын оны жақсы білетіндер сыртынан бала-шағасына үлгі ғып айтып отырады. «Адамның қолынан келмейтін ешнәрсе жоқ» деп дана Абай бекер айтқан ба? «Алғаш бұнымыз қалай болады?» — деп жүрексінгенмен тәуекелге бел буып іске кіріскенде батылдана түсті. Сөйтіп олар бес жыл бойы темекі отырғызып, бұл өнімнің қыр-сырына әбден маманданды. Темекілері жылда жоғары сұрыппен өтіп, еңбектері ақталды. Отбасындағы бес баласының жоғары білім алуына жағдай жасады.
Бүгіндері үлкендері Ләззат халық банкінде бөлім басшысы, Алтынай химия ғылымының кандидаты, ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, Динара есепші, ұлдары Самат пен келіндері Нұргүл дәрігер, Жадыра орыс балабақшасында қазақ тілінен сабақ береді.
Ешқашан шәйт деспей, бірін-бірі қолдап, қуаттап сыйластықпен өмір сүрген, қыруар қиындықта жеңген Кәдірақын мен Күләштың өмірі бала-шағасына үлгі болары анық.
Күләш тоқсан жасқа келіп отырған анасы Ұлбике кейуананың хал-жағдайын біліп тұруды міндеті санайды. Анасын баладай мәпелеп, жағдайын жасап отырған кәсіпкер інісі Ерәлі мен келіншегі Райханға туыстары дән риза. «Біреудің жақсы ісін көрсең, оны ардақтай біл…», — деген екен Ахмед Югнаки. Сол айтқандай, ананы құрметтеудің үлгісін көрсетіп отырған Ерәлі мен Райханға Алланың нұры жаусын демекпіз.
Кәдірақын мен Күләшқа бала-шағасының қызығын көруге жазсын. Отбасына амандық тілейміз.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі


12 шілде 2018 ж. 854 0