Ақ егістен мол өнімге дейінгі еңбек жолы
Көктем келісімен тіршілік атаулы жаңарып, дала тынысы жандана түседі. Бұл – диқандар үшін ең жауапты кезеңнің бірі. Өйткені көктемгі егіс – жыл бойғы еңбектің іргетасы, ел ырысының бастауы. Әрбір дәннің дер кезінде жерге түсуі, сапалы себілуі – мол өнімнің кепілі. Бірер күн бұрын Нағи Ілиясов ауылына арнайы атбасын бұрып, диқан қауымның көктемгі қыруар тіршілігіне қанықтық. «Мағжан және К» ЖШС төрағасының орынбасары Медет Мауханов күтіп алып, №2 бригадаға апарды.Диқандар арасында ақ егіс аталып кеткен бидай егу маусымы аяқталып, Сыр салысын егуге дайындық басталып кеткен. Биыл «Абзал және К» ТС мен «Мағжан және К» ЖШС 1100 гектар бидай еккен. Сәуір айының соңғы онкүндігінде басталатын күріш егу маусымына 450 адам сақадай сай. Техника сайланып, қазіргі уақытта жер тегістеу жұмысы жүргізілуде. Осы жылы жоспар бойынша 4000 гектар алқапқа күріш егу жоспарланған. Нағи Ілиясов ауылында диқандар 10 бригадаға бөлініп, еңбек етуде. «Янтарь», «Яхонт», «Маршал», «Лидер» секілді күріш түрін егетін шаруалар осы жылы да мол өнім алуға үмітті.
Мамыр айының соңында жоңышқаның алғашқы орымы түседі. Шаруашылықта күріш пен жоңышқаны егу барысында алмастыру тәжірибесі жүргізіледі. 3-4 жыл жоңышқа егілген жерге күріш дақылы себілсе, мол өнім беріледі. Тыңайған жердің құнары артып, күріштің сапалы өсуіне жағдай жасалады.
– Шаруашылықта техника қоры жеткілікті. Ақ егісті орналастыруға 10 МТЗ тракторы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта егістік алқабында жер тегістеу жұмысы қарқын алды. Сала мамандары дамылсыз, демалыссыз дайындық жүргізуде. Көктемгі егіс науқанының табысты өтуі бірнеше факторға байланысты. Ең алдымен, жердің құнарлылығы мен ауа райы басты рөл атқарады. Сапалы тұқым, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану, заманауи техникаларды қолдану да өнім көлемін арттыруға септігін тигізеді. Бүгінде аграрлық салада жаңа технологиялар кеңінен енгізіліп, еңбек өнімділігі артып келеді. Таңның атысынан күннің батысына дейін тынымсыз еңбек еткен диқан қауымы әрбір дәннен үміт күтеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы осы тұста айрықша мәнге ие. Көктемгі егіс – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды кезең. Диқандардың маңдай терімен келген өнім – халықтың ырысы. Сондықтан бұл науқанның әрбір сәті бағалы, әрбір еңбегі құрметке лайық. Берекелі көктем, мол өнім – баршаның ортақ тілегі, – деді шаруашылық төрағасы Дархан Ералиев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










