Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ҰБТ өткізу ережелері өзгереді

Қазақстанда ҰБТ өткізу ережелері өзгереді

Ғылым және жоғары білім министрі 2026 жылғы 26 ақпандағы бұйрықпен Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оған сәйкес, талапкерлер Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (оқыту тілі) және екі бейіндік пән бойынша ҰБТ тапсырады. Бұл талап шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларына түсетін талапкерлерге қолданылмайды. 
Сонымен қатар қысқартылған оқу мерзімі қарастырылған білім беру бағдарламалары бойынша туыстас бағыттарға түсетін тұлғалар (оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматы емес қазақ ұлтының өкілдері) жалпы кәсіби және арнайы пәндер бойынша ҰБТ тапсырады. Бұл талап та шығармашылық дайындықты қажет ететін бағдарламаларға түсетіндерге қолданылмайды.

ҰБТ-ға қатыса алмаған жағдайда
ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш беріп, бірақ тестілеуге келмеген талапкерлерге келесі дәлелді себептер болған жағдайда тестілеу кезеңіндегі басқа күндердің бірінде (аудиторияда орын болған жағдайда) қайта қатысуға мүмкіндік беріледі:
  • Ауру, ауруханаға жатқызылу. Талапкер №026/у нысанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысын немесе стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді (ауру тарихы көрсетілген) ұсынады.
  • Жақын туысының қайтыс болуы. Талапкер қайтыс болғаны туралы куәлік пен туыстықты растайтын құжат ұсынады.
  • Республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар конкурстарына, орындаушылар байқауына, кәсіби шеберлік жарыстарына немесе спорттық жарыстарға қатысу. Талапкер білім беру ұйымының тиісті бұйрығын ұсынады.
  • Төтенше жағдайлар. Әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде тестілеу ресми құжаттардың негізінде кейінге қалдырылады.
Бұл жағдайда талапкер Ұлттық тестілеу орталығының директорына өтініш жазып, жоғарыда көрсетілген құжаттардың бірін қоса тіркейді.

ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімдері
20 желтоқсан – 30 желтоқсан
Өтініш бір рет беріледі. Қатысушылар:
  • 11 (12) сынып оқушылары (ақылы негізде ЖОО-ға түсу үшін);
  • былтырғы мектеп түлектері;
  • техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім түлектері;
  • шетелде оқыған мектеп түлектері;
  • Қазақстан азаматы емес қазақ ұлтының өкілдері;
  • ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түсіп, шекті балл жинай алмағандар;
  • шығармашылық бағдарламалар бойынша оқып, басқа бағдарламаға ауысқысы келетіндер;
  • “Педагогикалық ғылымдар” бағытына ауысқысы келетін студенттер.
15 ақпан – 25 ақпан
Өтініш бір рет беріледі. Қатысушылар:
  • 11 (12) сынып оқушылары;
  • былтырғы мектеп түлектері;
  • техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім түлектері;
  • шетелде оқыған түлектер;
  • шекті балл жинамаған немесе пән комбинациясы сәйкес келмейтін талапкерлер.
10 сәуір – 25 сәуір
Өтініш екі ретке дейін берілуі мүмкін. Қатысушылар:
  • биылғы мектеп түлектері (грант конкурсына немесе ақылы негізде);
  • былтырғы түлектер;
  • техникалық және кәсіптік білім түлектері (қысқартылған оқу бағдарламалары бойынша);
  • шетелде білім алған түлектер;
  • ЖОО-ға ақылы негізде түсіп, шекті балл жинамаған тұлғалар.
25 шілде – 5 тамыз
Өтініш бір рет беріледі. Қатысушылар:
  • биылғы мектеп түлектері;
  • былтырғы түлектер;
  • техникалық және кәсіптік білім түлектері;
  • шетелде оқыған тұлғалар;
  • шекті балл жинамаған талапкерлер;
  • шығармашылық бағдарламалардан басқа бағдарламаға ауысқысы келетін студенттер;
  • “Педагогикалық ғылымдар” бағытына ауысқысы келетін студенттер.
Өтінішті онлайн берген кезде талапкер:
  • ҰБТ өткізу пунктін,
  • тестілеу күнін,
  • уақытын таңдайды.
Белгіленген мерзімнен кейін тіркелу
Егер талапкер белгіленген мерзімде өтініш бермесе, тестілеу басталғанға дейін аудиторияда орын болған жағдайда дәлелді себептермен тіркеле алады. Себептер:
  • ауру немесе ауруханаға жату;
  • жақын туысының қайтыс болуы;
  • олимпиадаларға немесе жарыстарға қатысу;
  • төтенше жағдайлар.
Бұл үшін талапкер Ұлттық тестілеу орталығы директорына өтініш жазып, тиісті құжатты қоса береді.
Апелляция тәртібі
  • Апелляцияға өтініш тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беріледі.
  • Тест аяқталған соң компьютер экранында талапкердің жауап нұсқалары, әр тапсырма бойынша балл, блоктар бойынша және жалпы ҰБТ балы көрсетілген нәтижелер картасы шығады.
  • Талапкерге нәтижелермен танысуға 10 минут беріледі.
Экранда екі функция көрсетіледі:
  • “Апелляцияға өту”
  • “Апелляциясыз аяқтау”
Егер талапкер ешқайсысын таңдамаған жағдайда, бағдарлама 10 минуттан кейін автоматты түрде жабылады.
Апелляцияны таңдаған жағдайда талапкер тест тапсырмаларына өтіп, апелляцияға негіздеме жазады, кейін “апелляцияны аяқтау” батырмасын басады.
Апелляция нәтижелері 30 жұмыс күні ішінде беріледі.
Бұл бұйрық 2026 жылғы 15 наурыздан бастап күшіне енеді.
05 наурыз 2026 ж. 133 0