Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өңірлердің су тасқынына дайындығы республикалық штаб отырысында талқыланды

Өңірлердің су тасқынына дайындығы республикалық штаб отырысында талқыланды

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өңірлердің 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығы талқыланған республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Қазіргі таңда "Шардара" су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 200 текше метр су жіберілуде. Оның 50 текше метрі "Көксарай" су реттегіші арқылы алынып, аймаққа секундына 179 текше метр су түсуде.

Ақпанның 13-нен бері Сырдария өзенінен мұз жүрді. Бүгінде ықтимал су тасқынының алдын алудың кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп қолға алынған. Су басу қаупі бар аймақтарға арнайы техникасы мен күш-құралдары бар жауапты мекемелер бекітілді. Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қор жеткілікті, халықты көшіру пункттері дайын.

Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар және су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте.
«Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес 1 тікұшақ дайын. Мұз жаруға арнайы мамандандырылған мекемемен келісімшарт жасалды.

Өткен жылы 199,1 млн. теңге қаржыға 11 нысанның қорғаныс бөгеттері жөнделіп қалпына келтірілді. Бұдан бөлек, бюджеттен тыс көздер есебінен 1 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

05 наурыз 2026 ж. 169 0