Жазушы марафоны
Жазушылық – ұлы өнер. «Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу Адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді» дейді Әбіш Кекілбаев. Десе де жазушылық екінің біріне берілетін оңай қасиет емес. Талап пен талантты ұдайы жетілдіріп, дамытып отыру қажет. Мейлі ол роман жазу немесе шағын мақала жазу болса да. Жазған адамның ойы тұшымды, сөзі жинақы болса, оқырманын елітіп әкетері сөзсіз. Қалам мен қағазды серік еткендіктен жазу жолына түскісі келетін замандастарға арнап жазба жариялауды жөн санадық. Бұл – ресейлік жазушы Галина Фазлутдинованың жазбасынан тікелей аударма.Роман жазу бала кезден бергі арманым еді. Отыз бес жасқа келгенде ол ғарышқа ұшу немесе он тілде еркін сөйлеу секілді орындалмас қиялдардың қатарына қосылып кеткен болатын. Алайда қолыма «Әдеби марафон» атты кітап түскенде бәрі өзгерді. Расында роман жазу үшін ешқандай ғажайып қабілет керек емес екен. Бар болғаны бір ай уақыт пен берік шешім жеткілікті. Толық сюжет те, нақты жоспар да қажет емес. Тек бір идея болса болғаны. Түйінін тез ойлап таптым. Бұл сиқыршы әйел мен князь туралы, сиқыр, кек пен махаббатқа құрылған оқиға болсын дедім. Жаңа құжат ашып, оны «роман» деп атадым. Содан кейін бағдарламадан кесте түзіп, жазылған сөздерді есептей бастадым. Әрі қарай өзінен-өзі жүріп кетті.
Бірінші күні түн ортасына дейін ұйықтай алмадым. Жазуды тоқтата алмай қойдым. Мен фэнтезиді жақсы көремін. Сондықтан жазу рахатқа айналды. Не болатынын өзім де білмей, ноутбукқа асығып келетінмін. Бұрын кітап жазу үшін айлар, тіпті жылдар керек деп ойласам, енді кішкентай күнделікті әрекеттің қуатын түсіндім. Түскі аста тапсырысты күтіп отырғанда дәптерге жаздым. Кептелісте немесе дәрігер кезегінде отырғанда, телефонның жазбаларына түртіп қоятынмын. Кейде планшетті алып, саябақта, орындықта немесе шөптің үстіне отыра қалып жазатынмын. Сюжет алға жылжып, кейіпкерлер өз ағынымен өмір сүрді. Әңгіме мүлде жоспарлағанымнан басқа бағытта өрбіді. Әр аптаның басында «Әдеби марафонның» жаңа бөлімін оқып, қиындықтарды еңсеру туралы кеңестер мен басқа қатысушылардың пікірлерінен шабыт алып отырдым. Олардың сезімдері мен тәжірибиесі менікімен дәл келетін. Бұл үлкен демеу болды. Олар жетсе, мен де жетемін!
Осы уақыт ішінде шабытқа деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Бұрын мен шығармашылық адамдар музаны күтіп, тек сол келгенде ғана жазады деп ойлайтынмын. Бірақ күніне 1667 сөз жазу керек болса, күтуге уақыт жоқ. «Мен музаның келуін күтпеймін. Өзім соңынан қуып барып, компьютерге сүйреп әкелемін» деген кітаптағы дәйексөз сол айдағы ұраныма айналды.
Финал
Тамыз айының соңғы күнінде баяғы арманымды орындадым. Бір айда 50 мың 35 сөзден тұратын, кейіпкерлері тірі, оқиғасы тұтас роман жазып шықтым. Іштей қуаныш, мақтаныш және өмірде бәрі мүмкін екеніне деген сенім кернеді. «Әдеби марафонның» авторы жұмысты бітірген соң, шығарманы кемінде алты аптаға салып қоюды ұсынады. Бұл аздап ұмытып, кейін жаңа көзбен қарау үшін маңызды. Мен өз романымды бұдан да ұзаққа қалдырдым. Алты ай өткен соң ғана жазғанымды қайта оқуға бел будым. Үлкен үміт күткен жоқпын. Жазу үдерісінің қаншалықты қарбалас болғанын жақсы білетінмін. Бірақ таңғаларлығы, бәрі ойлағаннан әлдеқайда жақсы болып шықты. Әрине, сюжетте олқылықтар мен ұмытылған кейіпкерлер бар еді. Бірақ оқиға қызықты, кей жерлерінде күлдірсе, финалдық шайқаста көзіме жас келгенін жасырмаймын. Енді романымды редакциялап, жақын арада баспаға жібермекпін.
Бірінші романымнан түйгенім
Кемшіліктің көптігі – бастаушы жазушының ұраны. Мәтінді түзетпей, қалай жазылса, солай жазыңыз. Әйтпесе, алғашқы абзацтан әрі аса алмайсыз. Түзетуге уақыт кейін де табылады.
Қайта оқымаңыз. Бұл түзету мен өз-өзіңізді сынаудан сақтайды. Ең көбі соңғы екі-үш сөйлемді шолып шығып, ары қарай жалғастырыңыз. Біреуге көрсетпеңіз. Әйтпесе біреудің сыны жазу рухын сөндіреді.
Маңызды емес шаруаларды кейінге шегеріңіз. Кино көру, достармен кездесу, әңгімелесу сынды пайдасыз алгоритмдерді келесі айда да жасап үлгересіз.
Қолайлы уақыт табыңыз. Таңертең, түсте, кешке жазып көріңіз де, қай кезде жақсы жүретінін байқаңыз.
Күн сайын жазыңыз. Тұрақты ырғақты сақтау демалыста апталық норманы қуып жетуден жеңіл.
Өзіңізге қуат беруді ұмытпаңыз. Серуен, жаттығу, кітап оқу секілді істерге уақыт табыңыз.
Фото: ашық дереккөз
Аударған
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










