Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№17 газет

03 наурыз 2026 ж.

№16 газет

28 ақпан 2026 ж.

№15 газет

24 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданның абыройлы азаматы немесе Серік Нұртазаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы ізгі ой

Ауданның абыройлы азаматы немесе Серік Нұртазаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы ізгі ой

Аудан орталығы Тереңөзек кентін басқарған әкімдер туралы айтыла қалса, Серік Нұртазаевтың есімі бірден ойға оралады. Тереңөзектіктер түгелдей дерлік ұстаз тұтатын Алмат Пірімбетов әкей бала күнімізде «Серікжанның еңбегі зор ғой» деп талабына сүйсініп отырушы еді. Мұндай жоғары бағаны қай­рат­кер тұлға Хайролла Әбенов те қуаттап, «Біздің Серік – нағыз істің адамы» деп ой түйіндейтін. Ал Тәуелсіздік жылдарындағы ауданымыздың алғашқы әкімі Алмагүл Божанова «Серік Нұртазаев қиын кезеңдерде жоқтан бар жасап, барды үлгертіп, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті» деп аудандық мәдениет үйінде өткен алқалы жиында нақты пікір білдіргені есімізде. Парасатты пайым иесі Рақымжан Бәйменов «Серік – текті әрі епті жігіт, еңбекқор, табанды, жігерлі» деп жоғары бағасын да, ақ батасын да берген. Бүгінде бұл кісілердің бәрі өмірден өтті, бірақ орнықты ойлары, сүбелі сөздері жүректерге жетті. Халық – Құдайдың бір аты. Кімнің де, ненің де бағасын халық береді. Халық арасындағы әңгімелерді, ой-пікірлерді түйіндейтін болсақ, Тереңөзек кентін басқарған әкімдердің ішінде Серік Нұртазаев туралы оң пікір, жоғары баға көп айтылады. «Ер еңбегін ел мақтар, Ел дәстүрін ер сақтар» деп бекер айтылмаған. Сондықтан қолға қалам алып, ауданның абыройлы азаматы туралы жазуды жөн көрдік.

...Жетпіс жас – жай жас емес, бұл – кемелділік пен көрегенділіктің биік белесі, парасат пен пайымның, мағы­налы ғұмырдың мазмұнды кезеңі. Осы жетпіс жасқа аман бол­са, бәрі жетеді, бірақ кімнің қалай жететіні бір Аллаға аян. Біз білетін Серік Нұртазаев жетпіс жасқа жақсы жетіп отыр. Айтары бар азамат өмір жолында да, еңбек жолында да талай қиын кезеңдермен, сындарлы сәттермен бетпе-бет келді, бірақ сол қиындықтың бәрін ізденіспен, еңбекпен, табандылықпен, шыдамдылықпен, білімділікпен еңсерді. Кейіп­керіміз бүгінде бәріне шүкір етіп, еткен еңбегі мен төккен маңдай терінің өтеуі – халықтың ыстық ықыласы, шынайы бағасы, ақ пейілі екенін терең түйсінеді. Себебі, елмен бірге еңсе тіктеп, барды да көрді, жоқты да көрді. Бар кезде «болдым-толдым» демеді, жоқ сәтте «солдым-оңдым» демеді. Сүйенері – білімі, сенгені – халық болды. Сондықтан ауданның зиялы қауым өкілдері жетпіс жастың желкенін кер­ген Серік Нұртазаевты халықтың адамы, Тереңөзектің гүл­де­нуіне сүбелі үлес қосқан іскер азамат деп бағалап, құрмет тұтады.
«Адам жаны өрілмеген таспадан.
Адам – адам.
Ұғама оны тас надан.
Он баласы бар ананы ел-халық,
Он есе артық сыйлау керек басқадан!» деп басталатын ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңі Серік Нұртазаевтың анасы Разия апамызға арналғандай. Осы өлеңді көрнекті ақын «Он балаға ана болған адамға, Он бірінші бала болам мен өзім» деп түйіндейді. Иә, он бір баланы дүниеге әкелген ақ жаулықты «Батыр ана» Разия Нұртазақызының тұңғыш ұлы Серікке деген мейірім-шапағаты бөлек еді. Бірақ, сол шексіз мейірім-шапағаттың астарында халықтың дәстүр сабақтастығы да бар болатын. Разия апамыз тұңғыш ұлы Серікті кішкентайында анасы Зибаға беріпті. Сөйтіп кейіпкеріміз нағашы әжесінің тәрбиесінде болған. Тіпті тегі де Нұртазаев болып нағашы атасы Нұртазаның атына жазылған екен. Тарқата айтар болсақ, нағашы әжесі Зиба Тәуекелова соғысқа аттанған азаматы Нұртазаның орнына колхозда бригадир, кейін ферма бастығы болып, ер-азаматтың жұмысын атқарған, жалғыз ұлын майданға аттандырған ата-енесін асырап-баққан қажырлы, беделді кісі болыпты. Нұртаза қан майданға аттанғанда Зиба әжеміз жалғыз қызы Разиямен және ұлы Алиакбармен қалған екен. Сол Алиакбар жалғыз болмасын деп, Разия өзінің ұлы Серікті төркініне берген. Бірақ Зиба әже қолдан қуат, бойдан әл тайып, ауырған шағында Серікті өз әкесі Есіркеп пен анасы Разияға әкеліп, аманатқа адалдық танытып, өзінен кейінгі он бауырына қайта қосқан екен.
– Зиба әжем бар мейірімін төгіп, маған жақсы тәрбие беріп өсірді. Әжем­нің атына кір келтірмеуге тырысып, мен де сабақты жақсы оқыдым. Мек­тептегі құрмет тақтасында әжем­мен бірге түскен суретім ілулі тұратын. Әжем жалғыз қызы – менің анам Разия мен ұлы Алиакбарды өсіріп, жетілдіріп, үйлендіріп, балалы-шағалы болғанын көріп, өмірден өтті. Ал­ты ұл, бес қызды жетілдірген әкеміз Есіркеп – механизатор, аяулы анамыз Разия – мектепте жұмысшы болып ең­бек етті, – дейді Серік Нұртазаев өс­кен ортасы, балалық шағы туралы естеліктерді ой елегінен өткізіп.

Қойнауы қазынаға толы, алып тұлғаларға алтын бесік болған Ақ­жарма ауылында туған, оқуы мен тоқуы ұштасқан бала Серік арманшыл еді. Ол үлкен қалада білім алсам, ел қатарлы оқысам, ел мүддесі жолында еңбек етсем деп армандайтын. Алайда, адамның бар арманы түгел орындала бере ме... Ол өсе келе бала күнгі арман-мақсатын туған ауылы үшін өзгертіп, еңбек жолын оқушы кезінде-ақ бастап кетті. Сонау 1972 жылы мектеп қабырғасында оқып жүргенде оқу­шылардан құралған өндірістік бригада құрамында күріш егіп, үлкен өмір жолына, еңбек жолына нық қадам басты. Сөйтіп орта мектепті бітіргенде «Класымызбен туған ауылда қалып, ауылымыз үшін еңбек етіп, ауылымызды түлетеміз» деп бастама көтеріп, сыныптастарымен бірге сол кездегі Ильич совхозында еңбек етті. Туған жерге ту тіккен жалынды жастардың еңбегі еш кеткен жоқ. Оларды өмірдің өзі ширатып, дайын маман етіп шығарды. Серік Нұртазаев сыныптастарымен бірге Тереңөзектегі №88 кәсіптік-техникалық училищеде механизатор мамандығын игеріп, жан-жақтылығының арқасында комсомол ұйымының жетекшісі ата­нып, аудандық, облыстық кон­фе­рен­ция­ларға делегат болып сайланды. Арада бір жыл өткенде тағы бір үлкен са­парға, Отан қорғау жолындағы әскери міндетін атқаруға аттанды. Бұл да азамат үшін бір парыз болатын.
Адал еңбекті ту еткен азамат 1974 жылдың мамыр айында әскерге шақы­рылып, әуелі Латвияның астанасы Ригада, кейіннен Литваның Вильнюс қаласында сержанттар дайындайтын оқу ротасында әскери борышын өтеді. Әскери тәртіп – қатаң, бұйрық талқыланбайды, орындалады. Кіші коман­дирлер оқуын үздік бітіргеннен кейін басшылықтың ұйғарымымен Серік Нұртазаевты оқу ротасы қыз­метке алып қалады. Өзі де намысқа тырысып, қазақ жігіті деген абыройлы атқа кір келтірмеу үшін әскери-саяси дайындықтың үздігі, спорт саласы бойынша да сайыпқыран жас атанып, 1976 жылдың мамыр айында старшина шенімен туған ауылына оралған. Ауылға келген соң шамалы уақыт комбайн айдап, содан соң еңбек жолын Далакөл ауылдық кеңесінің хатшысы болып жалғастырыпты. Ол кезде бүгінгі күнгідей жаңа технология жоқ. Бүтін бір ауыл халқының туғанынан бастап, өлгенге дейінгі құжаты, адам түгіл малдың да санақ қағазы ауылдық кеңесте толтырылады. Былайғы тілмен айтсақ, қазіргі халыққа қызмет көрсету мекемесінің, ветеринарлық стансаның көп жұмысы ауылдық кеңесте атқарылады. Құжаттамалық қамтамасыз ету мен жазудың бәрі – ауылдық кеңес хатшы­сының жұмысы... Мұндай қиын әрі күрделі жұмысты атқарған адам ғана түсінеді. Бір күні аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Дина Айсина барлық ауылға хабар беріп, ауылдық кеңес хатшыларын аудан орталығына жинайды. Шұғыл жиынға сақадай-сай дайындалып Далакөл ауылдық кеңесінің хатшысы Серік Нұртазаев та жетеді. Жиын қысқа әрі нұсқа болады.
– Жігіттер, бәріне бірдей тапсырма, бәріне бірдей талап бар. Жоғары басшылық тарапынан гендерлік саясатты жүзеге асыру және жергілікті атқарушы органдардағы әйелдердің үлес салмағын арттыру үшін ауыл­дық кеңеске қыз-келіншектер мен әйелдерді жұмысқа орналастыру жөнінде тапсырма келіп түсті. Өзде­рің­із ауылды жақсы білесіздер, ауыл­дық кеңесте қыз-келіншектер мен әйелдердің қолынан келетін жұмыс тек ауылдық кеңестің хатшысы болу ғана. Сондықтан бәрің түгел жұмыс ауыстырасыңдар. Өндіріске барып, шаруашылыққа барып, жұмыс істе­гендерін жөн. Бұл сендердің қол­дарыңнан келеді, ауылдағы өндіріс орындарына, шаруашылықтарға тап­­­сырма берілген, олар жұмысқа қа­был­дайды, ешкім жұмыссыз қал­майды, – дейді Дина Есжанқызы.
Сөйтіп Далакөл ауылдық кеңесінің хатшысы Серік Нұртазаев әрі қарайғы еңбек жолын Ильич совхозында өндіріс бригадирі ретінде жалғастырады. Кейін совхоздың кәсіподақ комитетінің төрағасы болады. Әр тапсырманы тиянақты орындап, жауапкершілікті терең сезіне білетін азаматты уақыт өте келе басшылық та, ауыл халқы да қолдап, он сегіз жыл Далакөл ауылдық кеңесі төрағасы қызметін абыроймен атқарған Айнаддин (Айнаш) Алдабергенов зейнет демалысына шыққаннан кейін ауылдық кеңес төрағалығына Серік Нұртазаевты сайлайды. Бұл қызметті іскер азамат 1990-1993 жылдар аралығында атқарады. Еңбек ете жүріп, білімін жетілдіруді де кейінге қалдырмай, 1979 жылы Қызылорда совхоз-техникумын бухгалтер, 1990 жылы Қызылорда педагогикалық инс­титутын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алады. Ал еліміз егемендікке қол жеткізіп, Тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасы өз іргетасын қалап жатқан жаңа кезеңде Серік Нұртазаев білімі мен тәжірибесін қаржы саласына арнап, 1994-1999 жылдары Кентау қаласындағы «Арман-ЛТД» шағын кәсіпорнының бас есепшісі, «Ачполиметалл» АҚ-да экономист-бух­галтер, 1999-2000 жылдары «Ақжарма» ЖШС-ның бас экономисі қызметтерін атқарған. Содан соң мемлекеттік қызметке келіп, 2001 жылы Ақжарма ауылдық округінің әкімі болып тағайындалған. Айтып өту керек, сол жылы қараша айында республика бойын­ша алғаш рет ауыл әкімдерінің эксперимент сайлауы өтеді. С.Нұртазаев сол сайлауға қатысып, ауыл халқының қолдауымен ауыл әкімі лауазымына қайта сайланады. Бұл кезең бюджеттің мүмкіндігі өте тар, салықтық түсім көлемі бүгінгімен салыстырғанда жер мен көктей кез. Тоқырау жылдарының да бұлты әлі сейіле қоймаған. Соған қарамастан ауыл әкімі әбден тозығы жетіп, төбесінен су тамып тұрған ауыл мектебінің төбесіне жаңадан шатыр салғызып, жөнделуіне қол жеткізеді. Сонымен қатар ауылішілік су жолдарын реттеу бойынша кешенді әрі нақты жұмыстар жүргізуді қолға алды. Ауылдың ынталы жастарының басын қосып, оларды ауыл-село спортшыларының І облыстық спартакиадасына бастап барып, Ақжарма ауылы командалық жарыста І орын алып, облыс чемпионы атанады.
1999 жылы ауданға Әріп Битілеуұлы басшы болып келеді. Әр ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, күрделі мәселелерді шешу жолын жүйелеп, ауданның көрсеткіштерін жақсарту бағытында нақты жұмысқа кіріскен аудан әкімінің бастамасымен ауылдарда әлеуметтік нысандар салынып, мектептер мен жолдар жөнделіп, электр желілері жаңартылып, каналдар тазартылып, жергілікті атқарушы органның жұмысына жан бітіп, белсенді жұмыс басталып кетеді. Ал Тереңөзек кенті – ауданның экономикалық ғана емес, рухани-мәдени орталығы екені белгілі. Жұртшылық кенттің дамуына қарап, ауданға баға береді. Сондықтан аудан орталығының мәселесін терең білетін, кентті көркейтуге күш салатын білікті кадр керектігі айтпасақ та түсінікті. Сөйтіп аудан әкімінің қолдауымен Серік Нұртазаев 2002 жылы қыркүйек айында Тереңөзек кентінің әкімі қызметіне тағайындалады. Бұл аса жауапты әрі қызығынан шыжығы көп жұмыс еді. Мақаламыздың кіріс­пе­сінде Алмат Пірімбетов, Хайролла Әбенов, Рақымжан Бәйменов, Алмагүл Божано­валар айтқандай, кент­тің жаңа әкімі Тереңөзектің еңсе­сін тіктеу жолында жар құлағы жастыққа тимей еңбек етуге белсене кіріседі. Тұрғындар жақсы біледі, жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында аудан орталығына жаңадан ауызсу жүйесін жүргізу, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, көркейту-көгалдандыру, безендіру, орталық алаңды абаттандыру жұмыстары бас­тау алды.
2004 жылдың ақпан айының оныншы жұлдызы Тереңөзек халқы үшін сындарлы да сынақты күн болды. Дарияның сірескен мұзы, тасқын су көлемінің көптігі ауданға қатты қауіп төндірді. Мекемелердегі ер-азаматтар табанынан сыз өтсе де су шайып кетуі мүмкін қауіпті тұстарға шеге құмды қаптап, қолдан бөгет жасады. Аудан басшысы Әріп Хожбановтың өзі азаматтармен күні-түні бірге жүріп, таң атқанша көз ілмегені халықтың әлі жадында. Ертеңіне таңертең ауданға облыс әкімі Серікбай Нұрғисаев арнайы келіп, аудан басшысы болуы ықтимал төтенше жағдайдың себебі мен салдарын баяндап, артынша облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы мұз жарғыштар арқылы мұз жару жұмыстары жүргізіліп, сірескен мұздың, тасқын судың қаупі сейіледі. Бірақ, сол жылдың қараша айында және 2005 жылдың көктемінде жағдай қайта қайталанады. Бұл кезде аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев еді. «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойына құмнан бөгет жасалғанымен еріген мұз суының көптігіне ол бөгеттің де төтеп бере алмайтыны белгілі болады. Енді қайтпек керек? Әр сәт сынаққа толы, әр сағат нақты шешім қабылдауды талап етеді.
– Су тасқыны салдарынан төнген қауіпті ешкім ұмыта қоймаған шығар. Әр үйге хабар беріп, тұрғындар құжаттары мен ең қажетті киімдерін буып-түйіп, алда-жалда су шайып кетсе, баспанасын тастап кетуге дайын отырған кезеңдерді көзімізбен көрдік. 2005 жылы дария арнасынан тасып, еріген мұз суының көлемі көбейіп, тасқын су салдарынан Соркөл толып, кентке қауіп төнді. «Қызылорда-Жалағаш» автожолына дейін су келіп, су деңгейі сәл көтерілсе, Әйтек каналының арғы бетіндегі жүздеген үй суға кететін болды. Аудан әкімі Ибрагим Сражадинұлына автожолды бұзып, тасқын суды Әйтек каналы арқылы ағызып жіберу жөнінде ұсыныс айттым. Әлі есімде ол кісі аудандық су шаруашылығы мекемесінің басшысы Серік Аяғановты шақырып ақылдасты, ол кісі бұл ұсынысқа қарсы болып, бұл қадам қауіпті бұрынғыдан да арттыратынын айтты. Содан аудан басшысы «Қызылордасушаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіп­орнының директоры Сұлтанбек Тәуіпбаевқа хабарласып, мамандармен кеңесіп, ұсынылған жобамыз қолдау тапты да автожолды бұзып, Соркөлге толған тасқын суды «Әйтек» каналы арқылы ағыздық. «Әйтектің» көпіріне келіп сірескен мұзды көрген жұрттың көзіндегі, көңіліндегі қорқынышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Абырой болғанда Тереңөзек кентін тасқын су алып кетпеді. Міне, кент әкімі қызметін атқарған кезімізде осындай қиындықтармен бетпе-бет келіп, елдің азаматтарымен иық тірестіре еңбек еттік. Алмагүл Божанова, Әріп Хожбанов, Ибрагим Әбибуллаев, Сұлтанбек Тәуіпбаев, Ғизат Әбілтай, Ғанибек Қазантаевтармен бірге жұмыс істедім, – дейді Серік Нұртазаев.
Осы ретте ағын су «Жалын» сауықтыру лагері тұсындағы бөгетті қайта-қайта бұза берген соң С.Нұртазаевтың бастамасымен дария арнасын төтелеп қазу ұсынылған. Бұл ұсынысты су шаруашылығы саласының майталманы Бегеш Жақып есептеп, тиімділігін шығарып, білікті мамандардың қолдауымен мәселе біржолата шешілген. Осы ретте Бегеш Бисенұлының «Құрмет» орденінің иегері екенін, ол кісіге 2024 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін айта кеткеніміз орынды. Мұнан бөлек «Әйтек» кана­лының сол жағалауы мен тас жол арасындағы ескі өзен арнасы болған үлкен ойпатты тегістеу үшін іскер азамат дайындаған жоба-ұсыныс сәтті қорғалып, жер тегістелген. Қазір бұл жер 1200 орындық мектеп-лицей, көпқабатты тұрғын үйлер, мекемелер, ауызсумен қамту құрылыстары, азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану орындары мен жекелеген үйлер салынған қалашыққа айналды. С.Нұртазаев кентті басқарған жылдары Тереңөзек кенті облыстық көркейту-көгалдандыру, тазалық байқауында ІІ орын алып, аудан абыройын асқақтатқаны да белгілі. 2003-2005 жылдары «Ауыл жылына» байланысты тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге, жаңадан Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратының салынуына белсенді жұмыс жасады. Тарап кеткен мекемелердің азып-тозып, иесіз қалған ғимараттарын кәсіпкерлермен бірлесе жөндеп, базар мен монша ашылуына ықпал етті. Кент әкімінің бұл еңбегін сол кезде аудан әкімі болған Әріп Хожбанов жоғары бағалайды.
– Әдетте көп ішінде ентелеп көзге түсуге тырыса бермейтін азаматтар болады. Біздің Секең сондай аза­мат­тардың санатынан. Бірқалыпты қалпынан таймай, Тәңірдің берген тірлігіне шүкіршілік етіп, қай іске болса да жауапкершілікпен, екінің бірінде бола бермес ұқыптылықпен кіріседі. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін зерделеп, үніне құлақ түріп, тамыр соғысын дөп басып жүретін азамат. Мінезінің сабырлылығы, салмақтылығы, байсалдылығы көзге көрініп тұрады. Аузынан шыққан әрбір сөзін байыппен, парасатты, пайымды ойымен жеткізеді, ықылас-пейілінің шынайылығын нақты ісімен дәлелдеп жүрген азаматымыз. Мен оны бірсөзді, ұстанымына берік, батыл, сабырлы, тәуекелге бара алатын, ойы нық, мақсаты айқын, сол мақсатқа жетуде тынымсыз еңбек ететін адам ретінде бағалаймын. Бірге қызметтес болган кездерімізде Ақжарма ауылының, Тереңөзек кентінің әкімі болды. Кейін зейнеткерлікке шыққан тұста облыстық Қоғамдық кеңес хат­шылығының жұмысын үйлестіріп, жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Біздің халыққа арнаған қыз­метіміздің абыройлы болуына өз үлесін қосқан сенімді әріптесіміз Серік бауы­рымызды жетпіс жас мерейтойымен құттықтаймын. Әркез амандықта болып, абыройының биік, мерейінің үстем болуына тілектестігімді біл­діремін, – дейді «Құрмет» орденінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Әріп Битілеуұлы.
С.Нұртазаев 2007-2011 жылдары Сырдария аудандық ішкі саясат бө­лімінің басшысы қызметін атқарды. Бұл жылдар ауданның 80 жылдық мерей­­тойымен, қоғамдық-саяси баста­ма­­лармен, аудан тарихы туралы кітап шы­ғарумен, идеологиялық маңызы зор іс-шаралармен тұспа-тұс келді. Елеулі еңбектер қатарына үкі­мет­тік емес ұйымдар жұмысының жүйе­ленуін айтсақ болады. Бұл туралы «Сырдария ауданының Құрметті аза­маты» Ұлмекен Жаналиева айтып берді.
– Хайролла ағай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мен аудан­дық әйелдер кеңесінің төр­айымы ретінде жиындарға қаты­сып, түрлі бағытта іс-шаралар өткізетінбіз. Қалаға да, ауылдарға да жиналыстарға, іс-шараларға, кездесулерге барамыз. Бір күні Серік біздің басымызды қосып, үкіметтік емес ұйым ретінде әділет органдарына тіркеу жұмысын қолға алды. Сөйтіп облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановқа барып, жарғысын алып, ережесін әкеліп, бізді де қоғамдық ұйым ретінде тіркетті. Кейін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруды үйрендік. Уақыт өте келе аудандық ардагерлер кеңесінің, әйелдер кеңесінің жобалары облыста үздік болып танылып, жұмысымыз үлгі етілді. Кейін аудан жастарына да қолдау көрсетіп, «Мирас» жастар қоғамдық бірлестігі жұмысын бастады. Қанат Әлжаппаров, Бақытбек Қарамырзаев секілді талантты жас­тар аудан жайдарманшыларының командасын жасақтап, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, ауданның ғана емес, облыстың атын шығарды. Осы жұмыстардың бастауында қоғамдық ұйымдардың жұмысына жан бітірген сол кездегі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Серік Нұртазаевтың табанды еңбегі тұрды. Сондықтан біз Серіктің бұл еңбегін ұмытпаймыз, – дейді Ұлмекен Жаналиева.
2011-2012 жылдары Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарған кезінде Серік Нұртазаев «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға байланысты көптеген жұмыстар атқарып, жаңадан жұмыспен қамту мекемесін құрып, халықты әлеуметтік қорғау, жұмыссыздықты азайту шараларын белсенді насихаттап, сауатты жүргізе білді. Бұл бағыттағы жасалған жақсы жұмыстары облыс деңгейінде мақұлданып, Н.Ілиясов ауылында Үкімет мүшелеріне арнайы көрсетіліп, жақсы баға берілді. 2012 жылы Сырдария ауданы әкімінің орынбасары болған кезде де іскерлік қабілетін шыңдай түскен Серік Нұртазаев аудан бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайтуға үлкен жұмыс жасап, аудандағы қалған 6 ауылда жаңадан ауызсу жүйесін жүргізу, Тереңөзек кентінде қашыртқы сулар жүйесін іске қосу, Қалжан ахун мешітін жөндеу, Сырдария өзеніне көпір салу, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолын салу, білім, мәдениет мекемелерінің жылу жүйелерін жөндеу, ескерткіштер орнату жұмыстарына өзіндік үлесін қосты. Осы жұмыстарды бірлесе атқарып, аудан дамуына зор үлес қосқан сол кездегі бөлім басшылары Жарқынбек Баджанов, Асылбек Әбдуов, Нұртаза Нұғыманов секілді азаматтардың іскерлігі мен патриоттығын, елжан­дылығы мен жанашырлығын жоғары бағалайды. Ал ауыл әкімі Нұрбек Әзірбекпен бірлесіп, Ақжарма ауылын аудандағы «Тіректі ауыл» қатарына қосып, республикалық бюджеттен үш миллиардтай қаржы бөлуге мүм­кіндік алған еңбектері ақталып, қазір Ақжарма ауылы барлық әлеу­меттік мәселелері, жолдары мен жарық­тандырылуы шешілген, дамып, гүлденген ауылға айналды. Лауазымды қызметтерді атқарумен қатар, білім көкжиегін үнемі кеңейтіп отырған Серік Нұртазаев 2013 жылы «Болашақ» университетінен «Экономист» мамандығын алып, ауданды ауызсумен қамтамасыз ететін «Өркен-Сырдария» ЖШС дирек­торының орынбасары қызметін атқа­рып, ауданды ауызсумен қамту және қашыртқы жүйелерін іске қосу, техни­камен жабдықтау, тарифтерді бекіту, субсидия құжаттарын бекіт­тіру жұмыстарына атсалысты. Зей­нет­керлік демалысқа шықса да қоғамдық-саяси істерден қол үз­беген азамат 2022 жылдың мамырынан Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-нұсқау бө­лі­мінде облыстық Қоғамдық кеңес жұмысын үйлестіріп келеді. Бірер жыл бұрын мектеп бітіргендеріне 50 жыл толуына орай Ақжарма ауылындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлерге арналған ескерткішті қайта жөндеуге бастамашы болып, өмірден өткен батыр аталардың аты-жөндерін түгендеп, ел азаматтарының қолдауымен олардың есімін мәрмәр тасқа жаздырып, белгі орнатуға ұйытқы болды.
Сөзі мен ісі бір арнаға тоғысқан азамат ел экономикасының дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешім табуына қосқан үлесі үшін түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, облыс әкімі Н.Нәлібаев Тереңөзек кентіндегі «Руханият орталығының» ашылуын­да С.Нұртазаевқа «Қызылорда облы­сының дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады. Мұнан бөлек «Қызылорда облысының құрметті ардагері» атанған азамат бірнеше рет ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Қызылорда облысының Құрмет Грамотасымен, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хатымен марапатталған. Қызметте абырой биігінен көрінген азамат отбасында да аяулы жар, ардақты ата, арқасүйер әке. Кейіп­керіміз өмірлік жары Мейрамкүл Шайкамалқызымен бірге үш ұл, бір қызды өмірге әкеліп, перзенттеріне тәлімді тәрбие берді. Үйдің үлкені Кенжебек облысымызға белгілі заңгер болса, Әсел – білікті экономист, үшінші ұлы Әсет қаржы саласында жұмыс істесе, Мирас кәсіпкерлік саласының көрігін қыздыруда. Ұл-қыздарынан тараған ұрпақтар да үлкен қалаларда білім алып, еңбекке араласып, оқуда озат атанып, ата-әжелерінің абыройлы жолын жалғауда.
Табанды еңбегімен, қажырлы күш-жігерімен, білімділігімен талай қиын­дықты еңсеріп, өзіндік дара жолын қалыптастырған, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан азаматтың бар еңбегін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Бүгінгі мақалада тек бір­сыпырасын қамтыдық, әйтпесе Серік Нұртазаевтың жүріп өткен өмір жолында бір кітапқа жүк боларлық тарих пен тағылым бар. Ендеше, жетпіс жастың желкенін керген ауданның абыройлы азаматына сексенге сергек жетіп, тоқсанның төрінен орын алып, ғасыр ғұмыр жасаңыз деп тілек қосқымыз келеді...



Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі

03 наурыз 2026 ж. 67 0