Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс айту күнімен құттықтады
Адамгершілік, ізгілік сияқты құндылықтарды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын Алғыс айту күнінің орны ерекше.
Жарқын көктемнің алғашқы күнімен жарасым тапқан мереке адамдар арасындағы сыйластық пен тілектестікті, ризашылық пен шынайы құрметті арттырады. Халқымыздың салт-санасына берік орныққан түсіністік, достық, қайырымдылық, ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі.
Алғыс айту күнінде адам баласын жатсынбай бауырына басқан, мейірім пен жанашырлық танытқан, адал еңбек еткен ата-әжелеріміздің ізгі қасиеттерін еске аламыз.
Қызылордада қорытындыланған Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мен Сыр елі жұртшылығының бойынан туған жерге деген сүйіспеншілікті, қамқорлық пен жанашырлықты, нағыз отаншылдықты көремін», деген болатын.
Сыр өңірінің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша жерлестерімізге алғысымды айтамын.
Бүгінде Қазақстан ауқымды өзгерістің, түбегейлі бетбұрыстың алдында тұр. Еліміздің келешегі үшін өз таңдауымызды жасап, қастерлі Отанымыздың берік негізін қалауға мүмкіндік беретін жалпыхалықтық референдум өтеді. Тарихи маңызды саяси кезеңде барша Сыр жұртшылығы азаматтық ұстанымдарын білдіріп, Жаңа Конституцияның жобасын қолдайды деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!
Мереке құтты болсын! Елдігіміздің тұғыры биік болғай!











