Тас жолдағы оқиға
– Куәлігіңді бер. Жылдам.Вера көлігін тоқтатқанымен оны өшіріп те үлгермеді. Инспектор ескі «Нива» көлігінің терезесінің алдына жетіп келді де, алақанымен көлікті тарсылдата ұрды. Инспектордың беті әбден қызарған, терлеген. Арғы жақта патрульдік машина жолда көлденең тұр. Трасса бос. 30 градус ыстық ұрып тұр.
– Қайырлы күн. Сіз өзіңізді таныстырмадыңыз.
– Саған білу міндетті емес. Құжаттарыңды тездетіп бер.
Вера ашуға салынбай жай күрсінді. Оның жасы елу үште. Соның жиырма сегіз жылында – Ішкі істер министрлігінің жеке қауіпсіздік басқармасында жұмыс істейді. Онда адамдарды микромимика бойынша оқытады және дөрекілікке мән бермеуге машықтандырады. Вераның үстінде қазір джинсы мен түсі кеткен жейде ғана, оның кім екендігі туралы ешқандай белгі жоқ. Көлігінің зат салғышында екі полковниктің құжаты – оны ол басқармаға тексеруге апара жатыр. Кешкісін тапсыру керек.
Міне, енді мынау шықты.
– Мені сіз ешқандай негізсіз тоқтаттыңыз, – деді ол.
– Негіз – ол мен. Жүргізуші куәлігіңді бер, білгішсінбе.
Вера жүргізуші куәлігін берді. Инспектор қолына алып, мысқылдай қарады.
– Вера Сергеевна. Елу үш. Әжетай, мына ыстықта неғып жүрсің? Немерелеріңді көруге бара жатырсың ба?
Ол болса үндемеді. Мән бермеді. Мейлі сен демалыста болсаң да, бұл – жұмыс.
– Сенен ащы судың иісі шығып тұр. Жүріңіз түтікшеге үрлейсіз.
– Мен ішпеймін. Бірақ мен куәландырудан өтуге дайынмын.
Инспектор тыржиды. Ол ақталып, ақша ұсынып немесе көз жасын төгеді деп ойласа керек. Оның орнына жай ғана келісім болды. Инспектор патруль машинасына барып, құрылғысыз қайтып келді.
– Алкотестер бұзылып қалыпты. Медициналық куәландыруға бару керек. Көлікті айыппұл тұрағына қоямыз.
– Онда хаттама толтырыңыз, эвакуатор шақырыңыз.
– Сен маған не істеуім керектігін үйретесің бе? Мен өзім білемін қалай жасайтынымды.
Вера телефонын шығарды. Панельге қойып, дауыс жазатынды қосты. Экраны жанып тұр.
– Не істеп жатсың?
– Бұзушылықты тіркеп жатырмын. Сіз тегіңізді айтпадыңыз, куәлігіңізді көрсетпедіңіз, дәлелсіз айып тақтыңыз. Өзіңіздің аты-жөніңізді айтыңыз?
Инспектордың беті одан сайын қып-қызыл болды. Вера тер мен темекі иісін сезсін дегендей, көліктің терезесіне тақалып, еңкейді.
– Ей, ақымақ. Мені жазайын дедің бе?
Инспектор көлік жүргізуші куәлігін жұлып алды да, қайта қойды. Вера оның көзінен ашу мен ызаны байқады.
– Білесің бе, қазір мен не істейтінімді?
– Тоқтаңыз, сіз өз өзіңізге жауап бере алмайтын жағдайда тұрсыз.
– Сен үшін осымен жол бітті, жаным.
Ол куәлікті қолына алды да екіге бөліп тастады. Пластик куәлік сынып қалды. Куәліктің дымын қалдырмай одан сайын быт-шытын шығарды да, жолдың жиегіне лақтырып жіберді.
– Міне, осылай. Енді куәліксіз кете бер баратын жағыңа, сенің қандай ақылды екеніңді көрейін. Арызданып көр осыдан.
Тыныштық үш секундқа созылды. Вера қозғалмай отырды, қолы рульде. Ішкі жан дүниесі қайнап кеткендей болды. Ол өзінің қызын есіне түсірді, қызы да осындай жағдайға тап болғанда Вера дәлелдің болмауынан ештеңе істей алмаған еді. Одан да қиын жағдай болмасын деп, қызы ақшасын төлеп, үндемеді.
Вера ақырын көлігінен түсті. Жол жиегінде жатқан куәлігінің қалдықтарын алды. Капотына қойып, телефон камерасын қосты.
– Сіздің аты-жөніңіз кім?
– Саған бәрібір емес пе?
– Тегіңіз бен шеніңізді айтыңыз.
Инспектор күлді де қолын айқастырып кеудесіне қойды.
– Сержант Карпенко. Ақылдым, есіңе сақтадың ба? Енді кет бұл жерден, мойынсұнбағаның үшін ұстамай тұрғанымда.
Вера оның бетіне ұзақ қарады. Жолаушы орнында жатқан күртесінің қалтасындағы қызыл кітапшасын алды. Сыртында алтын мөртаңба. Оның бетіне тақап куәлікті ашып көрсетті.
– Мен ІІМ-нің жеке қауіпсіздік басқармасының куәлігін алдым. Жеке қауіпсіздік басқармасы. Подполковник Кирсанова Вера Сергеевна.
Сен жаңа ғана полиция қызметкерінің қызметтік міндетін атқару кезінде құжатын жойдың, сержант Карпенко.
Максим куәлікке қарады. Содан соң Вераға. Содан соң қайта қызыл кітапшаға қарады. Оның қып-қызыл беті бозарып шыға келді. Еріндері дірілдеп кетті.
– Бұл ... мен... мен білмей қалдым...
– Сен менің кім екенімді білмедің. Бірақ сен не істеп жатқаныңды білдің. Сен қанша рет осылай адамдарды тоқтаттың? Айтшы, қанша адамның ақысын жедің?
– Жоқ, сіз түсінбедіңіз, мен бірінші рет...
– Өтірік айтпа. Менің жиырма сегіз жыл еңбек өтілім бар. Мен адамның өтірік айтып тұрғанын бірден сеземін.
Вера телефонға қоңырау шалды. Қысқа қоңыраудан соң арғы жақтан бірден жауап берді.
– Жеке қауіпсіздік басқармасының кезекші бөлімі.
– Подполковник Кирсанова. Аймақаралық трасса, ек іжүз отыз сегізінші шақырым. Арнайы топ керек. Жол патрульдік қызметкері қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, ол менің қызметтік құжатымды жойып жіберді, ақша сұрады, қоқан-лоққы көрсетті. Бұзушылықтардың барлығы диктафонға жазылды.
– Түсінікті. Топ шығып жатыр. Жиырма бес минутта боламыз.
Вера телефонын қойды. Жол патрульдік қызметтің инспекторы Максим көлігінің жиегін ұстап тұрып қалды. Басын төмен түсіріп, не істерін білмей.
– Өтінемін... мен олай жасағым келмеді... менің отбасым бар... кішкентай балам бар...
– Сен қорқытқан, ойыңа келгеніңді істеген адамдардың да отбасы бар. Оны ойладың ба?
– Мен енді олай істемеймін, шынымды айтамын, мен...
– Үндеме.
Патрульдік көліктің ішінен екінші инспектор шықты. Өзі жас, қобалжулы. Оны байқамайды деген сеніммен осы уақытқа дейін көліктің ішінде отырған.
– Сенің атың кім? – деді Вера.
– Аға лейтенант Рогов Виктор Андреевич.
– Сен оның не істеп жүргенін көрдің ба?
Виктор үндемеді, Максимге бір қарады.
– Жауап бер. Немесе сені де сыбайлас ретінде ұстатамын.
– Көрдім.
– Ол үнемі осылай істейді ме?
Максим өтінішпен, жалынғандай кейіп танытып оған қарады. Виктор жұтынып жіберді де, теріс қарады.
– Иә. Әрдайым кезекшілікке шыққанымызда ол өзімен салғаласпайтындарды тоқтататын. Әйелдерді, үлкен кісілерді, өзге қаланың адамдарын. Оларға спирттік ішімдіктің иісі шығып тұр немесе көлігіңіз ұрланған дейтін. Олар қорқып, ақша береді. Сосын оларды жіберетін.
Максим оған жақындай түсті.
– Сен сүмелек, не істедің?! Сен мені...
– Тоқта, – Вера екеуінің арасына тұрды. – Тағы қадам жасасаң, куәгерге қауіп төндірді дегенді қосамын.
Максим орнында тұрып қалды. Қолын түсірді, беті шылқыған су, қалшылдайды, не істерін білмей абдырап тұр.
Арнайы топ он сегіз минутта келді. Екі көлік, төрт азаматтық киімдегі адамдар. Вера қысқаша баяндады, телефондағы жазбаны берді. Куәліктің қалдықтарын пакетке салды.
Максимді алып кетті. Ол басын төмен түсіріп, сүрініп қабынып жүрді. Қарсылық танытпады, қолы дірілдеді. Виктор шеткерірек, темекі шегіп, жан-жағына қарап тұрды.
Топтың жетекшісі Вераға келіп, уақытша жүргізуші куәлігін берді.
– Ресімдедік. Қалаға дейін жетесіз, ол жақтан жаңасын аласыз. Ал мынаны біз бұрыннан аңдып жүрміз. Шағымдар болғанымен, дәлелдер аз еді. Енді жеткілікті.
Вера басын изеді. Рульге отырды. Көлігін оталдырды. Артқы көріністегі әйнекке қарады – Максим қызметтік көлікте қозғалмастан отыр. Таңертең ол сержант еді. Ал қазір – қылмыстық істің қатысушысы.
Ол трассаға шықты. Музыка қосты. Жай ырғақты. Қалтасында куәлігінің қалдықтары салынған пакет бар, бұл оның заттай дәлелі. Артқы орындықта құжаттар салынған папка. Барлығы жоспар бойынша.
Тек қана қолы сәл дірілдеп тұр. Қорқыныштан емес. Жарты сағат өзінде ұстаған ызадан. Ол өзінің қызын есіне түсірді. Өзге адамдарды да, қорыққаннан Максим секілділерге ақша төлегендерді. Олар үндемеуге болмайтынын білмеді. Енді Максим секілді арсыздар білетін болады.
Бір аптадан соң қызметтік тексерістен кейін Максим қызметтен босатылды. Қылмыстық іс қозғалды. Виктор толық куәлік берді. Бейнерегистраторлардан жазбалар, куәгерлер, тағы бопсалаудың бірнеше эпизоды табылды. Адамдар дәлелдер табылғандықтан қорықпайтын болды.
Вера басқармадан жаңа куәлік алды. Папканы сол күні кешкісін өткізді. Үстел үстінде куәлігінің қалдықтары жатты, оны іске тіркеді.
Ал Максим формасыз, жалақысыз, погон тағудан айырылып үйінде сотты күтті. Ол әрдайым көзін жұмған сайын ескі «Ниваны» және суық көзқарасты әйелді көретін. Ол оны қорлап, кейін ұмытуға болады деп ойлады. Бірақ ол ұмытылмайтын адам екен.
Вера ол жайлы ойламады. Оның басқа да жұмысы бар еді, басқа трасса, басқа сержанттар, өздерін форма кигендіктен ойына келгенін істеп, жазасыз қаламын деп ойлайтындарды іздеу. Бірақ телефондағы жазбаны бір керегі болып қалар деп өшірмеді.
Әдетте сәттілік мықтыға ғана емес, шыдамдыға кез келетінін білетін.
Аударған
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөз










