Егін егу науқаны басталды
Жыл өткен сайын егін егу мәселесі елімізде, әсіресе, оңтүстік өңірлерде күрделеніп барады. Су тапшылығы салдарынан қиындық туындап, шаруалар егіс көлемін азайтуға мәжбүр. Сыр өңірінде көктемгі егіске дайындық жұмысы пысықталып, межелеген жоспар нақтылануда. Өткен жылы аграрлық саланың бүге-шүгесін зерттеп, қамбасын астыққа толтырған Сыр дихандары осы жылы да қамбасын астыққа толтыруға үмітті.Осы аптада республика көлемінде егін егу мәселесіне баса назар аударылды. Өз кезегінде бұл мәселе – Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің негізгі нысанасына ілігіп, өңір басшыларына тиісті бірнеше тапсырма берді. Ал облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы өткізілген мәжілісте көктемгі егіске байланысты мәселелерді саралады.
– Биыл Қызылорда облысында 185 800 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылды. Осылайша, соңғы төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды. Оның орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Су ресурстарын тиімді пайдалану, шығынды азайту үшін үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Өткен жылы тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 100 гектар егін егілсе, биыл 16 700 гектарға жеткізу межеленген. Оған қоса 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Биыл бұл көрсеткіш 65 мың гектарға жеткізіледі. Бүгінде шаруашылықтар тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Қажетті 65 600 тонна тыңайтқыштың 18 500 тоннасы сатып алынды. Егін егуге қатысатын 3975 ауыл шаруашылығы техникасының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі көктемгі егіске 10 100 тонна дизель бөлді. Ол шаруаларға кестеге сәйкес таратылады. Ерте егілетін дақылдар наурыз айының бірінші онкүндігінде себіледі, күріш егісі сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады. Жоспарланған егіс көлемі Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланады, – деді аймақ басшысы.
Әрине, су ресурстарының тапшылығы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Көктемгі егіске дайындық барысы Сырдария ауданында пысықталуда. Аудан басшысы Берік Сәрменбаев су тапшылығына қарамастан, шаруалар бірлесіп жұмыс жасау керектігін үнемі айтып келеді. Алдағы егін маусымына дайындық барысы жөнінде аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қанат Нұрсейітов бізге жан-жақты мәлімет берді.
– Биыл ауданда 32 064 гектарға егін егу жоспарлануда. Оның ішінде, күріш дақылы 17 000 гектарға егілетін болады. Суды үнемдеу мақсатында биыл 2000 гектарға жүгері, 1885 гектарға бидай, 384 гектарға мақсары, 105 гектарға соя, 10 000 гектарға жоңышқа егуді көздеп отырмыз. Шаруашылықтарда өткен жылы 3500 гектарға лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 1500 гектар жерге тегістеу жұмыстары жүргізіліп, 100 пайызға жеткізілетін болады. Осы уақытқа дейін 16 000 гектар жер тегістелді. Аудан бойынша барлығы 92 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде, шаруашылықтар егінге 35 дана насосты пайдаланады. «Билинг» жүйесіне 110 шаруашылық құрылымы тіркелді. Олардың 54-і егінге қажетті суға келісімшарт жасады. Күріш егісіне қажетті минералдық тыңайтқыштың көлемі 10 800 тоннаны құраса, бүгінге 3818 тоннасы сатып алынды. Бүгінде ішкі су жолдарынан 136 500 текшеметр топырақ шығарылып, 7 дана гидротехникалық шлюз, 18 дана су тартатын қондырғы жөнделді, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарына барлығы 780 дана техника дайын. Жалпы алғанда 376 трактор, 196 трактор тіркемесі, 98 соқа, 63 жүк көлігі, 47 дән сепкіш техникасы қатысады. Қашанда маңдайын күн сүйген шаруалар бейнеттен қашпайтыны анық. Жылқы жылында шаруалардың егіні бітік шықсын дегіміз келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











