Қызылорда облысы әкімі Рамазан айымен құттықтады
Сіздерді күллі мұсылман үшін ең қасиетті, берекелі де кешірімді Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Шарапаты мол айда сабырлылық пен төзімділік, кешірімділік пен қанағатшылдық сияқты адамзаттық асыл құндылықтар алдыңғы орынға шығады. Халқымыз бұл айды әрқашан үлкен үмітпен, ерекше дайындықпен қарсы алып, «Ораза - он екі айдың ішіндегі ең қайырлысы» деп, қастерлеген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет. Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе» деген болатын.
Қасиетті айда жасалатын қайырымдылық шаралары, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, ағайын арасындағы араздықты ұмытып, татулыққа ұмтылу – біздің қанымызда бар игі қасиеттер.
Биыл да облысымызда осы бағыттағы байыпты бастамалар жалғасын тауып, жастардың бойында имандылық пен отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыруға баса мән беріледі.
Біздің басты байлығымыз – елдің тыныштығы мен қоғамның ауызбіршілігі. Рамазан айында халқымыздың бірлігі арта берсін.
Осынау берекелі айда ұстаған оразаларыңыз бен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Әрбір шаңыраққа ырыс пен ынтымақ, құт-береке орнасын!
Еліміздің іргесі бүтін, тәуелсіздігіміз баянды болғай!









