Елімізде республикалық референдум өтеді
Мемлекет басшысының 2026 жылғы 21 қаңтардағы шешімімен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру жөнінде Жарлыққа қол қойған болатын. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бұған дейін он екі отырысы өткізіліп, Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы дайындалды. Ашықтық қағидатын ұстанған комиссия барлық отырысты тікелей эфирде өткізіп, халықтан келген ұсынысты ескеруге барын салды. Осы аралықта еліміз бойынша тұрғындардан 10 мыңнан аса ұсыныс келіп түскен. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысы қорытындыланып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы Конституция жобасы ұсынылды.Бұл ретте Мемлекет басшысы осы жылдың 15 наурызында республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Комиссия түрлі сала өкілдерінен құралған 130 адамнан тұрғанын ескерсек, жаңа Ата Заңның жобасын дайындауда асқан ыждағаттылық керек болды. Мемлекет басшысы Конституциялық комиссияның өте ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаңа Конституция ережелері мемлекетіміздің институционалдық негізін трансформациялау үдерісі толығымен аяқталып, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшетінін көрсетеді. Ел Президенті маңызды жұмысты кәсіби тұрғыда атқарған Конституциялық комиссия мүшелеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Комиссия мүшелерінің жаңа Конституция жобасын тікелей эфирде талқылауы қоғамдық диалогтің жоғары деңгейін танытқанына назар аударды.
Бүгінде республикалық референдум өткізуге байланысты дайындық қызу жүруде. Қоғам тарапынан айтарлықтай қызығушылық оянып, азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейі айқындала түсті. Шын мәнінде, Ата Заңның құрылымы билік институттары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз еткенін аңғара аламыз.
Айта кетейік, елордада еліміздің жетекші қоғамдық-саяси күштері «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалицияға бірікті. Оның құрамына бес жетекші саяси партияның өкілдері мен миллиондаған азаматтың мүддесін білдіретін 300-ден астам қоғамдық ұйым енген еді.
Жуырда Коалиция мүшелері өңірлерде түсіндіру жұмысын бастайды. Алдағы референдум қарсаңында ашық диалог пен азаматтардың саналы түрде қатысуын қамтамасыз ету мақсатында еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесу өткізу жоспарланып отыру.
«Тт» ақпарат







