Қазақстанда қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек алу енді жеңілдейді
Өмірде қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік көмек алу енді жеңілдей түсті. Қазақстанда өтінішті eGov Mobile арқылы беруге болады, ал шешім бір апта ішінде қабылданады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттіг Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Енді әлеуметтік көмек алу үшін әкімдік табалдырығын тоздыру міндетті емес. Өтінішті ұялы телефон арқылы беруге болады. Дегенмен шешім азаматтың табысына, отбасының әлеуметтік жағдайына және белгіленген критерийлерге сәйкес қабылданады.
Қағаз жинап, кабинет жағалап, кезек күткен күндер артта қалды. Енді әлеуметтік көмекке өтініш беру үшін осы қосымша жеткілікті. eGov Mobile-ға кіріп, "Арнайы қызметтер" бөліміне өтесіз. Сол жерден әлеуметтік көмек тағайындау батырмасын басасыз.
"ҰАТ" АҚ корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Анар Мағзұмованың айтуынша, шешім шамамен бір апта ішінде қабылданады.
"Аталған қызмет eGov Mobile мобильді қосымшасында 2026 жылдың қаңтар айынан бастап іске қосылды. Тәжірибе көрсеткендей, тек 2025 жылдың өзінде eGov.kz порталы арқылы 7 мыңнан астам өтініш келіп түсті", – деді Анар Мағзұмова.
Өтініш мақұлданса, азаматқа хабарлама жіберіледі. Ал талапқа сай болмаса, себептері көрсетілген ресми жауап жолданады. Қызмет тегін, әр өтініш жеке қаралады.
Жергілікті мәслихат шешіміне сәйкес көмек әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріледі. Атап айтқанда, күнкөріс деңгейі төмен отбасылардың балаларына жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеуге қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ зейнетақымен ғана күн көретін қарттарға екі жылда бір рет тіс протездеу тегін жасалады. Бұдан бөлек, мерекелерге орай қаржылай көмек беру де қарастырылған.
Ал Астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жәрдемақы тағайындау бөлімінің басшысы Нұргүл Жүндібаева көптеген әлеуметтік көмек қарастырылғанын айтып берді.
"Соның ішінде қалалық қоғамдық көлікте тегін жүруге ақша бөлінеді. Көмірге компенсация беріледі. Егер де мысалы үйлеріне газ өткізсе, төленген ақшасының 130 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бізде ақшалай көмек көрсетіліп тұрады", – деді Нұргүл Жүндібаева.










