Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кітап оқуға уақыт жоқ?!

Кітап оқуға уақыт жоқ?!

Ғалымдардың айтуынша, кітап оқу күнделікті жүйкенің жұқаруын 68 пайызға дейін төмендетеді. Аптасына 3,5 сағат кітап оқығандар арасында өлім-жітім 23 пайызға азая­тын көрінеді. Сонымен қатар кітапқұмардың түрлі жүйке ауруларына аз шалдығатыны дәлелденген. Таза ауада серуендеп, сазды әуен тыңдап демалғанға қарағанда, кітап оқу жүйке жүйесінің жұмысына айтарлықтай оң әсер ететіні анықталған. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» дейді Әбіш Кекілбаев.

Көпшілікке сауал тастасақ, «кітап оқуға уақыт бола бермейді» деп күмілжитіні рас. Ал біздің кейіпкеріміз, шағандық Бақыт есімді келіншек «кітап оқу – кез келген мәселенің шешімі» дейді. 14 ақпан – кітап сыйлау күні болса, әлбетте бұл – кітапқұмарлар үшін маңызды атаулы күн. Осы орайда кітап оқитын оқырмандарымызға «іздеу салдық».

– Кітап оқығанды жақсы көремін. Жұмыста болсам да қолым қалт еткен мезетте оқуға кірісемін. Қазір онлайн жүйе жақсы дамыған. Кез келген кітаптың электронды нұсқасын табуға болады. Телефонға жүктеп, қалаған жерде оқуға да мүмкіндік мол. Өзім көбіне электронды кітап оқимын. Ондай «жан азығын» телефоннан аударым жасап, сатып аламын немесе тегін нұсқалары да бар. Көбіне детектив және триллер жанрлары жүрегіме жақын. Әсіресе, шетелдік авторлардан Юлия Шилованың кітаптары жанымды «емдейді», – дейді Бақыт.

Шаған ауылының тұрғыны бүгінде бірнеше жұмысты қатар істейді. Бірі – балабақшада аспаз болса, екінші жұмысы кәсіпке тікелей қатысты. Көпбалалы ана «қанша жерден күнкөріс жанды қажытқанымен, сананы тұрмыс билемеуі керек» дегенді ұстаным етеді. Кітаппен осыдан біраз жыл бұрын «достасқан».

– «Кітап – жан азығы» деген мәтелді уақыт өткен сайын түсініп келемін. Шынымды айтсам, кітап мені өмірдің қиын сәттерінен құтқарады. Кітап – айырылмас және ешқашан сатып кетпейтін дос. Қуансам, кітап оқимын, мұңайсам, тағы да кітап оқимын. Осылай бұл менің әдетіме айналды. Ал әдеттің өмірді қалыптастыратыны белгілі. Қазір әртүрлі жанрда оқимын. Көбіне шытырман оқиғаларға қызығамын. Бір кітапты бір-ақ күнде оқып тастайтын кездер болады. Бірақ екі жұмысты қатар алып жүрген соң, бұл бірнеше күнге созылып кетеді. Тіпті осы уақытқа дейін жобамен қанша кітап оқығанымды айта алмаймын. Себебі, өте көп. Ұзақ дегенде 3-4 күнде бір кітапты оқып таусамын. Қатты ұнаған кейіпкерлерім есімде сақталып тұрады. Өмір болған соң әртүрлі мәселе кездеседі. Осындайда кітап мені «құтқарады» деуге болады. Сондай-ақ көп оқыған адам қартайғанда альц­геймер сияқты аурулармен ауырмайды, – дейді кейіпкеріміз.

Бақыттың төрт баласы бар. Жан-жақты талаптанып, ізденіп жүретін келіншек өз-өзін ұдайы дамытып отырады. Жаңа нәрсені үйренуге жаны құмар. Балаларының ақылды, талапты болып өсуін тілейді. Бұл ретте оларға да кітап оқудың қажет екенін ұдайы айтып отырады. Төрт бала, екі жұмыс, қосымша мәселелер мен күнделікті білімді дамыту, сонымен қатар үздіксіз кітап оқу. Расында, кейіпкеріміз «кітап оқуға уақыт жоқ» деген құр сылтау екенін алға тартады. Шындап келгенде де, солай.

Өткен жылдағы есеп бойынша ел кітап­ханаларына бас сұққандар саны 37 миллионды құраған, ол жылдағы көрсеткіштен әлде­қайда жо­ғары. Бұл халықтың кітап оқуға деген құш­тар­лығының артып келе жатқанын көрсетеді. Кітап оқу­дың адамға пайдасы көп. Оны ғалымдар тиісті уәждермен-ақ дәлелдеп тастаған. Әсіресе, гад­жетке тәуелді кезеңде кітап деген құндылықтан көз жазып қалуға әсте болмайды. Оқу керек, оқы­ғанды көңілге тоқу керек. Ал «кітап оқуға уақыт жетпейді» дейтін жандарға біздің бүгінгі кейіпкеріміз үлгі.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 ақпан 2026 ж. 43 0