Жаңа Конституция ұлт мүддесіне қызмет етеді
Еліміздің тағдырын, болашағын айқындап беретін жаңа Конституция қабылданатын күн жақын. Өмірге келетін Ата Заңды қабылдау еліміз үшін маңызды шешім. Тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған Ата Заң мемлекеттік, елдік, ұлттық мүддеге басымдық берген. Алдын ала жобасы жарияланған жаңа Конституция бұрынғыдай емес, оқып, түсінуге оңай, тілге жеңіл, бастысы құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналған.Ел тарихында алғаш рет толыққанды жаңартылды деп айтуға негіз бар құжатта мемлекетіміздің мәдениеті, салты, тілі, саяси жүйесі, т.б. ұлт құндылықтары қамтылған. Сонымен қатар зайырлық, неке нормалары да ашық көрсетілген. Бұл ретте жаңа Конституцияны жай мәтін емес, қоғамның дамуына бағытталған дүниетанымы мен моральдық нормалар жиынтығы жазылған Ата Заң деп айта аламыз.
Маңызды құжатты жазуға ауқымды комиссия атсалысқанын ескерсек, әрбір қазақстандықтың мүддесі ескерілгеніне толық кепіл бар. Ең қуаныштысы, мемлекеттік тілде жазылған Конституцияны шын мәнінде халықтық Конституция деп айта аламыз. Талқылаулар мен ұсыныс пікірлер ескеріліп, өз тілімізде тасқа басқандай ұлттық мүдде тұрғысынан қабылданатын Конституция – жаңа Қазақстан құрудағы маңызды қадам деп білеміз.
Сламбек ҚАЮПОВ,
Қоғалыкөл ауылдық
ардагерлер кеңесінің төрағасы










