Депутат Елнұр Бейсенбаев президент әкімшілігінде жаңа қызметке тағайындалды
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев президент әкімшілігінде жаңа лауазымға тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Мемлекет басшысының өкімімен Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды», – деп жазды Ақорда.
Айта кетейік, бұған дейін Елнұр Бейсенбаев жаңа Конституция «мәңгілік билікке» жол бермейтінін айтқан еді.
2008 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдады, ал 2010 жылы осы университеттің магистратурасын "Саясаттану магистрі" мамандығы бойынша бітірді.
2006-2012 жылдары «Жастар Үні» қоғамдық бірлестігінде түрлі басшылық қызметтер атқарды, оның ішінде ұйымдастыру бөлімінің кеңесшісі және жастар қанатының төрағасы болды. 2012–2015 жылдары Алматы қаласындағы №48 мектеп-лицейінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етті, сондай-ақ Қазақстан Коммунистік халық партиясының Алматы қалалық филиалы қоғамдық бірлестігінде идеология және үгіт-насихат жөніндегі хатшы қызметін атқарды.
2015-2017 жылдары Алматы қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасында жастар жобалары және ұйымдастыру жұмысы бөлімін басқарды, кейін аталған басқарманың басшысы болды.
2017-2018 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тәрбие, әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты департаментінің директоры қызметін атқарды.
2019-2020 жылдары Елнұр Бейсенбаев Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі болды, ал 2020-2021 жылдары Jas Otan жастар қанатының төрағасы қызметін атқарды.
2021-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты болып, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеді.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы.
2023 жылғы 28 наурыздан бастап «AMANAT» партиясының партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты.
Фото: Mazhilis.parlam.kz








