Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық баспасөз күні: ел бірлігін нығайтады

Ұлттық баспасөз күні: ел бірлігін нығайтады

2023 жылы ҚР Үкіметі қаулысымен 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні болып бекітілді. Бұл датамен 1913 жылы дәл осы күні«Қазақ» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы бастауымен тұңғыш рет қоғамдық саяси және әдеби-мәдени басылымының бірінші номері жарық көрді.


Ұлттық баспасөздің шамшырағы болған «Қазақ» газетінде Алаш жұртының санасын оятатын мақалалар жарияланды. Күллі Ресейдің қарамағындағы қазақтар мен Қытай, Монғолия қазақтарына жеткен газет алғаш шыққаннан бастап үздіксіз 1918 жылға дейінгі аралықта 265 номері жарық көрді. Осы аралықта «Қазақ» газеті өз мақсатына жетті. Яғни бостандық үшін күресуге, жастардың ғылым мен білімге ұмтылуға, ұлттың бірлік-берекесін нығайтуға шақырды. Дегенмен ұлт санасына сәуле болған, ояту жолында белсенділік танытқан газеттің жолына қаншама кедергі қойылғанымен, ұлтымыздың оянуына, тілі мен ділінің, салт-санасының біртұтастануына игі ықпал етіп жатты.
«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді», – деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, газет һәм басқа баспасөз құралдарының адамзат баласының ақпараттық қажеттілігін өтеудегі маңызы әрқашан зор болып келді және бола да беретіндігін бүгінгі ХХІ ғасыр дәлелдеп отыр.

Қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосып, ақпарат айдынында ерекше орны бар аудандық басылым – «Тіршілік тынысы» газетінің де биыл шыға бастағанына да 87 жыл болады. Ашықтық, жариялылық, жаңашылдықты мақсат еткен газет журналистері қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, ел бірлігін нығайтуға атсалысуда. Аға буынды алмастырып, бүгінде жас қаламгерлердің ұстаханасына айналған редакция ұжымы апта сайын өз оқырманымен қауышуға асығады. Осы ретте баспасөз қызметкерлерінің жұмысы қай кезеңде де жауапты болып келгенін айта кеткен орынды. Қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртаза журналистің еңбегін: «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ», – деп бағалады. Шындық сөз. Бұл қиындығы мен қызығы мол, ауқымын өлшеу қиын шығармашылық үдеріс.
«Төртінші билік» атанып, мемлекеттің ұстанған саяси-экономикалық бағытын сәтті жүргізіп келе жатқан қазақ басылымдары қашанда орасан әлеуетке ие сала.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық баспасөз қызметкерлеріне арналған құттықтау сөзінде:«Халқымыздың біртуар перзенттері – Алаш арыстары шығарған бұл басылым сындарлы сәттерде ұлтты ұйыстыруға айрықша ықпал етті. Сөз бостандығына адалдығынан айнымаған басылымдар әрдайым шынайы ақпараттың және сапалы сараптаманың қайнар көзі болып қала береді», – деген болатын.

Ақпарат ғасырында, ақпараттық технологиялар дәуірінде ақпараттарды әзірлеу, өңдеу, өнімді тұтынушы талғамына, сұранысына лайықтап жеткізуде журналист үшін жеделдік, жылдамдық, қысқа-нұсқалық басты орынға шығып отыр. Сондықтан осы ұстаныммен ақпарат айдынында журналистердің қаламы одан әрі ұштала бермек.

Ұлттық баспасөз күнінде әрбір оқырманымыз тарих болып қатталған газет-журналдарды көзбе көз көріп, қолмен ұстай парақтай отырып дәуірдің тынысын сезінсе, баспасөзге деген сұраныс та артатынына сенімдіміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөз
02 ақпан 2026 ж. 224 0