Ғалымжан Садықов, аудандық аумақтық инспекцияның басшысы: Ветеринария – ауыл тіршілігінің күретамыры
Ветеринария – еліміздегі маңызды саланың бірі. Әсіресе, аграрлық аудан үшін саланы дамытуда ветеринар мамандардың рөлі ерекше. «Медицина – адамды емдесе, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген сөз бар. Жалпы көптеген ауру түрі адам мен жануарға ортақ болатыны анық. Сондықтан осы сала ең қымбат қазына – адам денсаулығы мен өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Ел өміріндегі маңызды саланың жұмысын жүргізіп отырған аудандағы аумақтық инспекциясының мамандары өткен жылды табысты қорытындылады. Бұл жайында инспекция басшысы Ғалымжан Садықов айтып берді. Назарларыңызға сұхбатты ұсынамыз.– Ғалымжан Рүстемұлы, бұл саланың бүге-шүгесіне дейін жақсы білетін білікті маман әрі ауданның бас мемлекеттік ветеринариялық инспекторы ретінде сұхбатты ауданның ветеринария саласының негізгі жұмысы мен атқаратын міндеті туралы сұрақтан бастасақ...
– Иә, аграрлы ауданның, ауыл тіршілігінің күретамыры – мал шаруашылығы десек, саланың жұмысын алға сүйреп, тыныс-тіршілігіне жан бітіріп тұрған мамандар – ветеринарлар. Ең бастысы ветеринария саласы – мал денсаулығын ғана емес, халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты, соның негізгі кепілі екенін ұмытпаған жөн. Негізгі міндетімізге тоқталсақ, жануарлар ауруының алдын алу, емдеу, мал дәрігерлік сараптау. Тексеру, таза жануар өнімін өндіру арқылы адамзатты адамға жұғатын аурудан сақтау. Яғни, аудан аумағындағы ветеринариялық тұрақтылықты сақтау және халықтың денсаулығын қорғау. Сала бір-бірімен тығыз байланысты үш бағыттан тұрады. Бұл жүйеде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясы, Ветеринариялық станция және Ветеринариялық зертхана өз құзыреттері шеңберінде жұмыс істейді.
Алдын алу және емдеу жұмыстарымен ветеринариялық станция қызметкерлері айналысады. Олар тікелей профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырады. Аса қауіпті аурулардың алдын алу, жануарлар мен адамдарға ортақ ауруларға қарсы уақытылы егу жұмысын жүргізу негізгі міндеті. Ал диагностикалық зерттеулер бойынша – мал басынан қан сынамаларын алу арқылы бруцеллез, туберкулез және т.б. дертті анықтауға мониторинг жасалады. Сонымен қатар сәйкестендіру қызметі бар. Ол дегеніміз – мал басын сырғалау және «АШЖБ» АЖ (Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесі) базасына енгізу. Ветеринариялық зертхана аса қауіпті аурулардың диагностикасы және халыққа сатылатын ет және сүт өнімдеріне сараптамалық зерттеулер жүргізеді.
– Ветеринариялық инспекцияның атқарып отырған жұмысын, функциясын айтсаңыз...
– Ветеринариялық инспекция – мемлекеттік бақылау және қадағалау міндетін атқарады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Сырдария аудандық аумақтық инспекциясы жоғарыда аталған жұмыстардың заңдылығын қадағалайтын басты орган. Инспекцияның негізгі функциялары – ветеринариялық станцияның егу және диагностикалық жұмыстарды қаншалықты сапалы және уақытылы жүргізгенін бақылауда ұстайды. Сонымен қатар инспекция мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен тұрғындарға маңызды мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Атап айтқанда – мал сою пункттеріне, қайта өңдеу кәсіпорындарына және мал шаруашылығы нысандарына ветеринариялық-санитариялық қорытындылар береді.
Экспортқа және импортқа шығатын өнімдерге ветеринариялық сертификат рәсімдейді.
– Аудан бойынша ветеринария саласының өткен жылы атқарылған жұмыстары қандай? Ахуал қалай болды?
– 2025 жылы «Эпизоотияға қарсы іс-шараларға» аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларына арналған 12 түрлі індетке қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарланған көрсеткішпен ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жүргізілді. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін диагностикалық зерттеулер барысында бруцеллез ауруына күдікті нәтиже барлығы 90 бас МІҚ малы анықталып, қайта зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар диагностикалық зерттеу барысында бруцеллез ауруына оң нәтиже барлығы 20 бас МІҚ малы анықталды. Олар ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай союға өткізіліп, мал егелеріне 2 315 990 теңге өтемақы кәсіпорын есебінен, 1 718 912 теңге мемлекет тарапынан төленді. А.Тоқмағамбетов ауылдық округіне қарасты «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Арысқұм» кен орны аумағынан қаңғыбас иттен құтыру ауруы анықталды. Ауыл әкімінің «Шектеу іс-шараларын белгілеу туралы» №2 шешіміне сәйкес, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Арысқұм» кен орнына шектеу іс-шаралары қойылды. 10 қаңтар 2025 жыл мен 27 наурыз 2025 жыл аралығында құтыру ауруына қарсы сауықтыру шаралары жүргізілді. Аталған эпизоотиялық бірліктегі 19 ит пен 20 мысық ауланып, өртеліп арнайы қазылған шұңқырға көмілді. Аумақ механикалық тазартылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл шаруашылығы жануарларын энзоотиялық ауруларына қарсы профилактикалық шаралар жүргізу мақсатында 6 түрлі ауруға қарсы ветеринариялық іс-шаралар жоспары бекітіліп, қажетті ветеринариялық препараттар жеткізілді. Осы уақытқа дейін 3160 бас жылқы сақау (мыт), 3001 бас жылқы гастрофилез, 6628 бас МІҚ малы пироплазмоз, 1000 бас түйе қатпа ауруына қарсы егілді.
– Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бойынша қанша мал басы бірдейлендірілді?
– ҚР АШМ 2015 жылғы 30 қаңтардағы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы» №7-1/68 бұйрығына сәйкес, 2025 жылға барлығы 10000 бас мүйізді ірі қара, 9000 бас ұсақ мал, 4000 бас жылқы, 100 бас түйе, 30 бас шошқа бірдейлендіру жоспары бекітілді. Нәтижесінде, 10758 бас мүйізді ірі қара, 9090 бас ұсақ мал, 4732 бас жылқы, 206 бас түйе, 50 бас шошқа бірдейлендірілді. Қазіргі таңда, аудан бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасында 40831 бас МІҚ, 25653 бас уақ мал, 28365 бас жылқы, 1585 бас түйе, 100 бас шошқа тіркеуде тұр.
– Ветеринарияны цифрландыру – Мемлекет басшысының басты талабының бірі екені белгілі. Салада бұл жүйенің іске асуы қалай жүруде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығын дамыту үшін ветеринария саласын түбегейлі реформалау және цифрландыру қажеттігін бірнеше рет айтты. Президент ветеринариялық бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ету – бұл ұлттық қауіпсіздік пен экспорттық әлеуеттің негізі екенін атап көрсетті. Осы күні «Төрт түлік» мобильді қосымшасы бойынша жеке және заңды тұлғалар арасында қосымшаны пайдалану және оған тіркелу қажеттігі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Қазіргі таңда аудан көлемінде 4060 мал иелерінің 3779-ы (93%) «Төрт түлік» мобильді қосымшасына қосылып, пайдалануда. Бұл мобильді қосымша – мал шаруашылығын бақылаудың жаңа деңгейі. Қазіргі цифрлық заманда мал басын түгендеу және оның қауіпсіздігін қадағалау үшін қағазбастылықтан арылатын уақыт келді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген «Төрт түлік» мобильді қосымшасы – әрбір мал иесінің телефонында болуы тиіс қажетті құрал.
– Неліктен бұл қосымша маңызды?
– «Төрт түлік» қосымшасы малдың «Фермадан – дастарханға дейін» тарихын ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Қосымшаның негізгі мүмкіндіктері төлдерді тіркеу. Жаңа туған төлге бірден сырға салып, оны базаға үйден шықпай-ақ енгізуге болады. Әрбір малдың жеке паспорты цифрлық форматта қолжетімді болады. Онда малдың алған екпелері, өткен тексерулері мен диагностикалық мәліметтері сақталады. Жануар иесі ауысқан жағдайда, қосымша арқылы тиісті өзгерістерді жылдам енгізуге болады. Сонымен қатар елімізде ветеринарияны цифрландыру аясында «ВСЭ модулі» (Ветеринариялық санитариялық сараптама) іске қосылды. Бұл жүйе «Фермадан –дастарханға дейін» қағидатын толық іске асыруға бағытталған. Мал сою пункттері, ет дүкендері, балабақшалар мен мектеп асханалары секілді барлық ішкі сауда және әлеуметтік нысандар осы ВСЭ модуліне міндетті түрде тіркелуі тиіс.
Электрондық сертификаттау дегеніміз – мал сою пунктінде сойылған еттің сараптама нәтижелері бірден жүйеге енгізіледі. Осы сәттен бастап Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті (Ветинспекция) еттің қайдан шыққанын, қай дүкенге немесе қай мектепке жеткізілгенін онлайн режимде көріп отырады.
– Сертификат арқылы өнімнің қауіпсіздігі де басты назарда болады емес пе?
– Әрине, әсіресе балабақша мен мектеп асханаларына жеткізілетін әрбір келі ет осы модуль арқылы өтпесе, ол заңсыз және қауіпті деп танылады. Бұл балаларымыздың сапасыз өнім тұтынуына жол бермейтін цифрлық тосқауыл. Цифрландыру бағытындағы бұл жұмыстар ветеринариялық инспекцияға қосымша жауапкершілікті арттырады. Егер ауданда ресми мал сою пункті болмаса, бұл тізбек үзіледі де, жергілікті өнімнің заңды айналымға кіруі қиындайды.
– Өткен жылы иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары қалай жүргізілді?
– Аудан бойынша иесіз ит-мысықтарды аулау жұмыстары нәтижесінде, барлығы 435 үй жануары – 377 ит, 58 мысық ауланды. Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарламасына сәйкес, жыл басынан бері 12 жағдай – 11 ит қапқан, 1 мысық тырнаған тіркеліп, ветеринариялық бақылау нәтижесінде құтыру белгілері анықталған жоқ.
– Аудан аумағында қауіпті індет саналатын Сібір жарасы ошақтары бар екені белгілі...
– Иә, ауданда 6 елді мекенде орналасқан Сібір жарасының ошақтары бар. Олар Жетікөлде «Шошқа ауыл», Қоғалыкөл ауылында «Сары құм», Шіркейлідегі «Ескі коровник», Шаған ауылындағы «Ескі Шаған», Ақжарманың «Күміс қорғаны» және Тереңөзек кентіне қарасты «Құндызды учаскесі». Барлық Сібір жарасы ошақтарының орны қайтадан талапқа сай қоршалып, табаны цементпен бетондалып, белгілері қойылып, мемлекеттік жер актісі алынған. Айту керек, ауданға қарасты кент және ауылдық округтеріне ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес типтік жобадағы 10 мал көмінділерімен қамтамасыз етілген. Биылғы жылға 4 ауылдық округке (Тереңөзек, Қалжан ахун, Айдарлы, Аманкелді) мал қорымдарын салу жоспарлануда. Тағы бір індет – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қарсы іс-шаралар. Өткен жылы 12 елді мекен қолайсыз болып анықталды. Бұл аумақтарда көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
– 2025 жылы инспекция тарапынан қандай мемлекеттік қызметтер көрсетілді?
– Ветеринария саласы – 2025 жылы аудандық аумақтық инспекциясы тарапынан барлығы 19 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың ішінде шаруашылық субъектілеріне 14 мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық қорытынды берілді, үшінші елдерге эскпортқа 5 ветеринариялық-санитариялық сертификат беріліп, барлығы 379 бас ет бағытындағы ұсақ мал көршілес Өзбекстан мемлекетіне жөнелтілді. Бақылау және қадағалау жұмыстарына тоқталатын болсақ, Сырдария аудандық ветеринариялық станция мемлекеттік кәсіпорны тарапынан жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың орындалуына мониторингтік бақылау қорытындысымен заң бұзушылықтың алдын алуға 1 ұсыным берілді. Аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін жеке және заңды тұлғаларға 107 нұсқама беріліп, оның ішінде нұсқаманы орындамаған 1 жеке тұлғаға ҚРӘҚБтК-нің 462 бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
– Салада осы күні өзекті болып тұрған қандай мәселе бар?
– Ондай мәселе бар. Қазіргі таңда ауданда заманауи мал сою пунктінің болмауы – халықтың денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін өзекті мәселе. Көп жағдайда мал үй жағдайында, аула ішінде сойылады. Бұл ветеринариялық-санитариялық талапқа сай емес. Белгіленбеген орында сойылған етке шаң-тозаң, шыбын-шіркей және түрлі бактериялар тез үйір болады. Мал сою кезінде оның ішкі мүшелері мен қанында болуы мүмкін бруцеллез, туберкулез немесе сібір жарасы сияқты аса қауіпті инфекциялар тиісті тексерусіз анықталмай қалады. Бұл тек етті тұтынушыға ғана емес, мал сойған адамға да жұғу қаупін тудырады.
Ең басты мәселе – өскелең ұрпақтың денсаулығы. Балабақша мен мектеп асханаларына жеткізілетін ет өнімдерінің қауіпсіздігі 100 пайыз кепілді болуы тиіс. Арнайы мал сою пункті болмағандықтан, мекемелерге түсетін еттің қай жерде, қандай жағдайда сойылғанын бақылау қиынға соғады. Ветеринария туралы заң талабына сәйкес халыққа және әлеуметтік нысандарға тек қана ветеринариялық сараптамадан өткен, арнайы мөр басылған және анықтамасы бар ет қана сатылуы тиіс. Ауданға заманауи мал сою пункті салынса, ветеринариялық бақылау болады. Яғни әрбір мал сойылмас бұрын және сойылғаннан кейін маманның тексеруінен өтеді. Сондай-ақ тазалық пен сапа болады. Ет өнімдері санитарлық нормаларға сай салқындатылып, таза ортада сақталады.
– Ет тұтынбайтын қазақ жоқ. Сондықтан бас амандығы үшін, қауіпсіздік басты міндет екенін ұғындық. Аудан тұрғындары нені білуі тиіс?
– Ең алдымен айтарым, сатушының қолында өнімнің қауіпсіздігін растайтын ресми ветеринариялық анықтама болады. Аудан тұрғындары, ет немесе сүт сатып алу кезінде сатушыдан міндетті түрде ветеринариялық-санитариялық сараптама анықтамасын талап етіңіздер. Бұл – сіздің және отбасыңыздың денсаулығының кепілі. – Сұхбатыңызға, рақмет!
Әңгімелескен
Бибісара ЖАНӘЛІ











