Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдариялықтарға үш автокөлік табысталды

Сырдариялықтарға үш автокөлік табысталды

Жақында «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен су, балық шаруашылығы, ветеринария қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өткізілген болатын. Салтанатты іс-шарада сырдариялық сала мамандары жоғары марапат төрінен көрінді. Ең бастысы – аудандағы ветеринария саласындағы мамандарға үш автокөлік кілті табысталды.

Кәсіби мереке аясында ауданға қарасты Айдарлы, Қоғалыкөл, Нағи Ілиясов ауылының ветеринария мамандары автокөлікті болып, мерейі тасыды. Күнделікті қауырт жұмыс пен қарбаласқа толы күннің ешбірін елемей, қызметке адалдық танытқан жерлестеріміз қашанда абырой биігінде. Алдағы уақытта жап-жаңа «Нива» автокөлігі сала мамандарының жұмыс барысында кәдесіне жарайтын болады. Бүгінде Айдарлы және Нағи Ілиясовтағы ветеринариялық пунктте 3 маман қызмет етсе, Қоғалыкөлде 4 қызметкер бар. Айдарлыға Жалғас Тәжібаев, Қоғалыкөлге Бибігүл Өтепова, Нағи Ілиясовқа Бекжан Әлімбаев жетекшілік етеді.

Айта кетейік, әрбір ауылдағы мал дәрігерінің күнделікті атқарар міндеті жеткілікті. Саланың жауапкершілік жүгін көтеретін олардың жергілікті халық үшін жасап жатқан игілікті ісі жоғары бағаға лайық. Салтанатты іс-шарада су шаруашылығы және ветеринария саласының майталмандары облыс әкімінің, облыс әкімінің орынбасарының, басқарма басшысының алғыс хаттарына ие болды.

– Ветеринария саласына соңғы жылдары ерекше көңіл бөлініп келеді. Кәсіби мерекеде құрмет төрінен көрініп, әріптестеріміз автокөлік иесі атанды. Нұрлыбек Дәулетбаев басқаратын ұжымның жемісті еңбегінің арқасында ауданымыз осындай жетістікке қол жеткізіп отыр. Ветеринария – жануар­лар мен адамдардың амандығы үшін жұмыс істейтін маңызды сала. Бұл салада еңбек ететін мамандардың білімі мен кәсібилігі халық денсаулығы мен ауыл шаруашылығының өркендеуіне зор үлес қосады. Жануарлар ден­саулығын сақтау мен қорғауға бағыт­талған ғылым және тәжірибелік сала. Ол жануарларды емдеумен қатар, адамдарды жануарлардан жұғатын аурулардан қорғау, азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету және эко­логиялық тепе-теңдікті сақтау секілді маңызды міндеттерді атқарады, – деді аудандық аумақтық инспекция бастығы Ғалымжан Садықов.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 шілде 2025 ж. 265 0