Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер мен өмірге ұштасқан өнеге

Өнер мен өмірге ұштасқан өнеге

Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі өткен жылды жақсы жаңалықпен қорытындылады. Анығын айтқанда, Анар Қалдыбаева жетекшілік ететін бөлім мамандары жаңа кейіпке енген ғимаратқа ауысты. Бұрынғы тарихи-өлкетану музейінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізген бөлімнің өз алдына аудандық мәдениет үйінің базасынан бөлек шығуы – құптарлық жағдай. Жақында бөлім жанынан сала ардагерлерінен құрылған «Алтын қазына» ансамбліне бөлім ғимараты кеңінен таныстырылды.

Аудан басшысы Берік Сәрменбаевтың қол­дауымен жүзеге асқан күрделі жөндеу барысында бөлім мамандары үшін арнайы бөлмелер жасақталған. Әдістемелік бағытта жұмыс жасайтын сала мамандары қос бөлмеге шоғырланған. Аудан мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқан бірнеше сала үздігі мен майталман маман­дарының суреттері ілінген. Оның ішінде, ұзақ жыл бойы кітапхана саласында қызмет еткен жандар бар. Өткен ғасырдың бел ортасынан ауданның мәдениет саласына жетекшілік жасап, жүйелі жұмыс жасай білген бөлім басшылары толықтай қамтылған.

Бұл ретте, «Алтын қазына» ансамблінің мүшелері бұған дейін жасалған жұмыстарға жоғары баға беріп, жылдың табысты басталуына ақ тілегін жеткізді. Бөлімнің жаңа ғимараты ерекше дизайнда жасалғанын тілге тиек етті.

Сала ардагерлерімен басқосу «Руханият орталығында» жалғасын тапты. Музей қорын­дағы жәдіргерлердің тарихына қанықты. «Алтын қазына» ансамблінің мүшелері дөңгелек үстел барысында ой-пікірлерін жеткізді.


– Жұтамас байлық саналатын ұлт мәдениетін өркендетуде сала ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Мәдениет пен руханият бір-бірімен ұштасып жатқаны белгілі. Қашанда аудан мәдениетінің көсегесін көгертіп, сапалы жұмыстың жүруіне зор ықпал еткен Сіздердің еңбектеріңіз ерекше. Табандылық пен жауапкершілікті айқын сезініп, жүктелген мақсат-міндетті барынша орындай білген қадірлі ардагерлердің өз уақытында атқарған жұмысын жоғары бағалаймыз. Күні-түні үй көрместен, аудан мәдениетінің тамырына қан жүгірткен әрқайссыңызға құрметіміз ерекше, – деді Анар Қалдыбаева.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылында жергілікті халыққа клуб ұжымы қалтқысыз қызмет етіп келеді. Бұл ретте, қырық жылға жуық басшылық қызмет атқарған Іңкәрдария ауылдық клубының меңгерушісі Зағира Ахметованы әріптестері зейнет демалысына шығарып салды. Зағира Саханқызы ауыл өмірімен біте қайнасып, Қызылқұм баурайында қоныс тепкен елді мекен халқымен бірге мәдениет саласын жандандыра білді. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сала ардагері санатына қосылған ардақты жанға аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың арнайы «Алғыс хатын» табыс­тады. Іргелі ұжым атынан құттықтау лебізін білдіріп, иығына шапан жапты.

Ендігі кезекте сала ардагерлері атынан Жантемір Айсин, Сансызбай Сәдуақасұлы, Баян Сүюбаева сөз алып, жылы лебіздерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Ал ауданға қарасты елді мекендердегі кәсіпорын басшылары да өзіндік ілтипаттарын көрсете білді.

– Қырық жыл бойы басшылық қызметте отырған сәтімде ең алдымен адалдық пен абыройды алдыңғы орынға қойдым. Ауылдық клубтағы көзге көрінбейтін жұмыстардың барлығын еңсеру үшін қажыр-қайрат керек болды. Бір жағынан басшылық пен халықтың сенім үдесінен шығу оңайға соқпады. Талай мәрте табан астынан шешім қабылдап, үлкен жобаларды жүзеге асыруға тура келді. Барлық сый-құрмет үшін әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін, – деді Зағира Саханқызы.

Басқосуда бөлім басшысы жақында Қоғалыкөл ауылдық клубының меңгерушісі қызметіне келген Елдос Жаппасбайұлын және Іңкәрдария ауылдық клуб үйінің жаңа басшысы атанған Айкерім Жұмабекованы көп­шілікке таныстырды. Аудандық орталық кітап­хананың директоры Рүстембек Бәй­ділдаев Зағира Саханқызының қажырлы еңбегіне тоқталды.

Жиын соңында «Алтын қазына» мәде­ниет саласы ардагерлерінен құ­ралған ансамбль мүшелері шығар­машылық бағытты айқындап, өзара ой бөлісті.


Б.АЯБЕКҰЛЫ
27 қаңтар 2026 ж. 106 0