Қызылордада жаңа кітапхана салынады
Алашқа ана болған қастерлі Сыр елінде Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтіп, Қызылодадағы келелі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы қатысты. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына тікелей әсер ететін өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, ұтымды ұсыныстар айтылып, нақты шешімдер қабылданған Құрылтайда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ұлт ұпайын түгендеуге қатысты жаңа бастамалар көтерілді, сәйкесінше жақсы жаңалықтар да көп болды. Соның бірі – өңірімізде жаңа кітапхана құрылысының жүргізілетіні туралы сүйінші хабар.Шын мәнінде, Президент жаһандану жағдайында еліміздің табысқа жетуінің басты факторы білім екенін түрлі алаңдарда үнемі айтып келеді. Аталған міндеттемелерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды қадамдарының бірі – кітап оқу. Президентіміз Ұлттық құрылтайдың бұған дейінгі отырысында бұл мәселеге ерекше тоқталған болатын және бүгінгі тарихи жиында да айтып өтті. «...озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді Президент.
Аймағымызда Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен «Руханият» орталықтары ашылғаны белгілі. Бұл жоба кітапханалар жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Бұрын тар, салқын, қолайсыз ғимаратта орналасқан кітапханалар жаңа ғимараттан орын алып, өз жұмысын жаңа заман талабына сай лайықтандырды деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде кітапханалар 24/7, яғни оқырман қауым үшін уақытпен санаспай тәулік бойы жұмыс істеуде. Осы ретте «Адами капиталды дамыту» ұғымы туралы айтпай өту мүмкін емес. Адами капиталдың түп негізі – білімде. Ал, білімнің қайнар көзі – кітапта. Біз кітап оқу арқылы ой-өрісімізді кеңейтіп, жоспарларымызды жүйелеп, мақсатымызды айқындап, нақтылыққа қалыптасамыз. Сондықтан кітап оқуға көңіл бөлу, Президент атап өткендей кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру – бәріміз үшін ортақ мақсат болуы қажет. Сонда ғана бәсекеге қабілетті ел боламыз, Әділетті, Таза Қазақстан құруымызға жол ашылады.
Әрине, жасанды интеллект дәуірінде біз жаһандану үдерісінен қалып қоймауымыз керек. Ол үшін ғылыми жаңалықтар мен тұжырымдамалар топтастырылған кітаптарды оқуға, талдауға, терең түйсінуге ынталы болғанымыз жөн. Ал біз мұндай мүмкіндікті кітапханалардан табамыз. Сондықтан Мемлекет басшысының қолдауымен, тапсырмасымен аймағымызда бой көтеретін жаңа кітапхана – өңір руханиятын жаңа белеске бастап, әдеби ортаның қалыптасуы мен дамуына оң ықпал етеді деп сенемін. Барша оқырман қауымды сүйінші жаңалықпен шын жүректен құттықтап, Ұлттық құрылтай отырысында қабылданған шешімдерді жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырамын.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
Қызылорда облысы әкімінің әдебиет,
мәдениет өкілдеріне арналған
«Тұран» сыйлығының иегері









