Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ірі инфрақұрылымдық жобалар басталады

Ірі инфрақұрылымдық жобалар басталады

Қызылорда қаласында Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы өткені тарихи жағдай екені белгілі. Жүз жылдан астам тарихы бар шаһарымыз ел астанасы болды. Сол жылдары ұлт тағдыры таразыланды, талай маңызды шешімдер қабылданды. Міне, осы күні қасиетті өңірде елдік мәні бар мәселелер көтерілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде автокөлік жол­дарын халықаралық стан­дарт­тарға сай жаңғырту – елдің транзиттік әлеуетін арттырудағы айрықша міндет екенін мәлімдеді.

«Жақында Қызылорда – Жез­қазған жолының Қызылордаға тиесілі бөлігі салынып бітті. Жыл соңына дейін Ұлытау облысындағы бөлігіндегі көлік қозғалысы толық ашылады. Жолдың жалпы ұзындығы – шамамен 400 шақырым» деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар биыл Қазақстанда бұрын болмаған ауқымы кең инфрақұрылымдық жобалар басталмақшы.

Осы ретте, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто­дәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы бөлігін де айтты. Яғни жолдың тарлығының салдарынан жол апатының жиі орын алуына байланысты ар­найы тапсырма берді. Биылғы жылы аталған жолды төртжолақты етіп жаңа күрежол құрылысы басталады. Ал көптің көкейіндегі қазіргі жол бөлігі тиісінше облыстың ішкі жолы болып қалатыны қуанышты жағдай. Бірқатар жол­ға байланысты жоба­ның жұмысы сапалы әрі уақы­тылы орында­луын Президент өз бақы­лауында ұстайтын болады.

Құрылтайда елді елең еткізген жаңалық қатары көп болды. Соның ішінде, жаңа Парламенттің ата­уын «Құрылтай» деп атауды ұсынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордаға ке­ліп тұрып, Арал мәселесін айналып өту мүмкін емес еке­нін айта отырып, «Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет» деді.

Дегенмен жүйелі іс-шараның арқасында сол­түстік Аралды сақтап қалу мүмкін болды. Қашқан теңіз қай­та оралып, кіші Аралдың деңгейі біртіндеп көтеріле бастады. Енді Көкарал бөгетін биіктету мәселесі күн тәртібіне шықты. Президенттің айтуынша, жоба жыл­дың соңында басталып, кіші Аралдағы су көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда ел болашағына тікелей әсер ететін өзекті тақырыптар қоз­ғалды. Соның ішінде жоғарыда айтқан Арал мәселесі – экология, денсаулық, қауіпсіздік пен халықаралық жауап­­кершілікті тоғыс­тырған аса маңызды түйін ретін­де айқын көрінді.


Қайрат НҰРСЕЙІТОВ,
облыстық мәслихат депутаты

21 қаңтар 2026 ж. 60 0