Келешекке кемел біліммен немесе 24/7 жұмыс істейтін кітапхана
Облысымыздың жеті ауданынан ашылған «Руханият» орталықтары – аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының төл туындысы екені анық. Бұл ғимарат ұлт ұпайын түгендеп, халқымыздың рухын аспандатып, өнерін өрістету бағытында бір емес бірнеше ғасырға қызмет ететін бірегей мекеме болып табылады. Былтыр есігін айқара ашқан біздің ауданымыздағы «Руханият» орталығы да бірліктің ордасы ретінде жақсы жұмыс істеуде, қарапайым тілмен айтқанда, жас та, жасамыс та осында, күніне бір емес бірнеше іс-шара ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтуде. Айтайын дегенім, «Руханият» орталығында 24/7 жұмыс істейтін кітапханалар бар. Бұл біз секілді жұмысбасты адамдар үшін өте тиімді, яғни жұмыстан кейін келіп кітап оқуымызға керемет мүмкіндік. Оның үстіне Президентіміз «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын.
Бүгін қалыптасқан отбасылық үрдісіміз негізінде «Руханият» орталығындағы кітапханаға барып, «Түнгі кітапхана» жобасы аясында өз жұмысын оқырмандарға қалтқысыз ұсынып жатқан кітапханадағы жаңа оқулықтармен, көркем әдеби туындылармен таныстық. «Бала айтқанды емес, көргенді істейді» демекші көрсін, көңілге түйсін, ізденістен ізгілік тапсын деп қызым Бағжан мен ұлым Хантөрені де ертіп бардым. Балаларға кітапхананың іші, аурасы, кітап сөрелері ерекше ұнады, олар қызыға аралап, кітаптармен танысып, қайтқылары келмей қалды.
Көп ата-аналар «балалар телефонға телмірген, кітап оқымайды» деп жиі айтады. Бірақ өздерінің кітап оқымайтынын айтпайды, мойындағысы келмейді. Меніңше, ата-ана кітапханаға барса, бала да барады, ата-ана кітап оқыса, бала да кітап оқиды. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сіздерді кітап оқуға, кітапханаға шақырамын!










