Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

Жақында «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты кеңейтілген мәжіліс өтті. Аймақ басшысы білім саласында атқарылған жұмыстарға, ұрпақ тәрбиесіндегі ауқымды міндеттерге тоқталды. Осындай маңызды жұмыс ауданда жалғасын тауып, аудандық мәдениет үйінде кеңейтілген жиын өтті.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен өткен мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Абай Әлімбаев, құқық қорғау саласы қызметкерлері, депутаттар, ардагерлер, мектеп әкімшілігі, ата-аналар, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша өткен мәжілісте ұрпақ тәрбиесі, жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты болдырмау, кибербуллинг қылмыстарының алдын алу мәселесі кеңінен талқыланып, өзекті ой-пікірлер айтылды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына осы бастан жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет» деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие берудің маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру, балалардың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғау – баршамыздың міндетіміз. Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім және саналы тәрбие алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру. Аймағымыздың білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн 159 млрд теңге бөлінді. 2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынса, 9 мектеп жанынан қосымша ғимарат бой көтерді және 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Аймақ басшысының қолдауымен Нағи Ілиясов ауылындағы №132 орта мектеп және Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Өткен жылы 240 млн теңгеге 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, аудан орталығындағы №36 мектеп-лицейіне «Қазақстан Ұлттық қорынан» 250 млн теңге бөлініп, модификациялық кабинеттер жасақталды. Ауданда балаларға саналы тәрбие беру мақсатында зиялы қауым өкілдері және құқық қорғау, медицина, басқа да сала қызметкерлерінің қатысуымен тәрбиелік мәні бар іс-шара легі тұрақты өткізіліп келеді. Құқықбұзушылықты болдырмау үшін арнайы жұмысшы топпен елді мекендерді аралап, жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде бағдарлама «Заң мен тәртіп», «Еңбек адамы», «Таза Қазақстан» ұстанымдары аясына топтас­тырылды. Бұл – ұрпақ тәрбиесін жоғары қоятын еліміз үшін ең басты құндылық. Сондықтан біз балалардың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарауымыз керек деді, – Берік Әбдіғаппарұлы.


Одан кейін аудан прокуроры сөз алып, құқықбұзушылықтың алдын алу, өсім алған қылмыстар бойынша жұмысты күшейту керектігін атап өтті. Жиында аудан прокурорының орынбасары Ғалымжан Дүйсенбаев баяндама жасап, аудан көлемінде өсім алған қылмыстарға тоқталып өтті. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Қасымхан Асанұлы хабарлама жасап, рейдтік шаралардың жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізіп, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды ұсынды. Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып сөз алып, мектеп жасындағы оқушылар арасындағы ахуалға тоқталды.
– Жыл көлемінде құқықбұзушы­лық пен қылмыстың алдын алуда аймақ басшысы бастап бірқатар тап­сырмалар жүктеп, арнайы алгоритмдер мен іс-шаралар жоспары әзірленіп, жол картасы бекітілді. Аудан көлемінде бірнеше рет білім беру ұйымдары мен аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің қа­тысуымен «Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Абайлаңыз балалар!» атты жедел-профилактикалық шаралар, төтенше жағдайлар бөлімі ма­ман­дарымен демалыс кезінде балалар мен жасөспірімдердің өмірі­нің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бел­­гіленбеген жерлерде суға түсу, жол ережесін және өрт қауіпсіздігін қатаң сақтау туралы түсіндірме жұ­мыстары жүргізілді. Десе де, 2025 жылы кәмелетке толмағандардың қа­тысуымен 2 жол-көлік оқиғасы, 1 өзіне-өзі қол жұмсау фактісі тіркелді. Кей ата-аналардың баласын мектептен тыс уақытта қадағаламауы салдарынан өмірдің қиын жағ­дайына қалған 6 жасөспірімге аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке тол­мағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия тарапынан көмек берілді. Келеңсіз жағдайларды болдырмау мақ­сатында облыс прокурорының бас­­тамасымен 2025-2026 оқу жылы­ның ІІ оқу тоқсанынан бастап білім беру ұйымдарында «Адал бала» цифрлық платформасы жүзеге асырылуда, – деген бөлім басшысы балаларға қауіпсіз орта құру мақ­сатында атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталып, мектеп пен ата-ана байланысын нығайту қажеттігін атап өтті.

Кеңейтілген мәжіліс барысында ата-аналар атынан Жантемір Айсин бала тәрбиесі туралы сөз қозғап, ұрпақ тәрбиесінің негізі – ұлттық құн­дылықта екенін атап өтті.

– Бүгінгі жиынымыздың мәні терең, жүгі ауыр. Өйткені ұрпақ тәр­биесі – жай бір отбасылық мәселе емес. Бұл – мемлекеттің де, қоғамның да, ұлттың да ең үлкен аманаты. Ұлттың болашағы бала болса, баланың болашағы – тәрбиеде. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген Мұхтар Әуезовтің сөзі тек ұлағат емес, ұлттың тірегі. Тәрбие тек мектептің, балабақшаның міндеті емес. Тәрбие – ең алдымен отбасының парызы. Қазақ «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп бекер айтпаған. Бала ата-анасының сөзін емес, ісін қайталайды. Сондықтан бүгінгі біздің міндет – баланы ақылмен емес, үлгімен тәрбиелеу. Бұл – ұлттық тәр­биенің ең биік қағидасы. Қазақ даласында бала тәрбиесінің бай мектебі бар. Бесік жыры – эстетика, тыйым – этика, батырлар жыры – батылдық, ертегі – қиял, салт-дәстүр – тәртіп, құрмет – қадір мен кісілік мектебі. Бұлардың барлығы – ұлт тәрбиесінің іргетасы. Ұрпағының рухына ұлт­тық қасиет дарыта алған ел ғана мәңгілік, – деді ардақты ардагер.

Расында халқымыз үшін ұлттық құндылық – жай мұра емес, баға жетпес құндылық. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп айтылатыны сондықтан. Білім мен тәрбие егіз болмаса, ұлттың да, ұрпақтың да болашағы бұлдырайды. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттық мәселе. Бұл – мемлекеттен бұрын, әр отба­сының негізгі ісі. Баласын ұлттық құн­дылықпен тәрбиелеген ел ғана заманның дауылына да, жаһанның ық­палына да төтеп береді.

Айта кетейік, мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді. Аудан әкімі мектеп оқушыларын үйірмелерге тарту, шы­­ғармашылық және спорттық сек­цияларға қатыстыру жұмысын жал­ғастыру керек екенін айтты.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 қаңтар 2026 ж. 188 0