Басты ұстаным – сапалы білім мен жайлы орта
Елімізде жаңа жылдан бастап үшінші тоқсан басталып, балалар қысқы демалыстан оралды. Жалпы оқу жылында ұзақ тоқсан саналатын оқу маусымында балалар маңызды кезеңді артқа тастайды. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудан орталығында орналасқан Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектепке арнайы барып, білім ошағының жай-күйімен танысты.Аудан әкіміне білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып пен мектеп директоры Дархан Қожахметов білім беру ұйымындағы кабинеттердің жабдықталуы, ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі, материалдық-техникалық базасының жағдайын көрсетті. Бұдан бөлек, аудан басшысы жылу қазандығының жұмысына қанықты. Өз кезегінде Сырдария аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейірхан Бақытжанұлы жылыту маусымында білім ошағында атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталды.
Айта кетейік, қазіргі уақытта білім беру ұйымында 332 оқушы білім алса, оларға 54 мұғалім сапалы білім мен саналы тәрбие беруде. Оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Аудан әкімі елдің ертеңгі тізгіні білімді ұрпақтың қолында екенін айтып, білімді ұрпақты тәрбиелеу ұстаздар қауымына жүктелген абыройлы міндет екенін атап өтті. Жас ұрпақтың бойында тұлғалық қасиеттерді қалыптастырып, мектеп ұстаздарының кәсіби шеберліктерін одан әрі шыңдауын, білім сапасын арттырудағы игі бастамаларда шығармашылық ізденіс пен жаңа серпін болу керектігін жеткізді.
Биыл мектеп бітіруші түлектермен кездесіп, қалаған мамандық иесі болуға, ҰБТ-дан жоғары балл жинауға тілектестік білдірді.
Мектепке ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, полиция аға лейтенанты Талғат Қозыбаевтың есімі берілген. Қазіргі уақытта білім ошағының оқушылары аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі білім бәсекелерінде жеңімпаз атанып жүр.
Бұл ретте, Берік Әбдіғаппарұлы аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директорына балалар қауіпсіздігін қатаң бақылауда ұстап, жылу беру маусымында мәселе туындамау керектігін тапсырды.
Б.АЯБЕКҰЛЫ











