Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

№ 100 газет

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Еселі еңбекпен алғысқа бөленген

Еселі еңбекпен алғысқа бөленген

Жүсіп Баласағұн бабамыз «Кісіге екі дүниеде пайдалы үш нәрсе бар, біріншісі – халқына адал қызмет ету, екіншісі – әділдік, үшіншісі – ар-ұят. Адам осы үш қағида арқылы бақытын табады» деген екен. Бұл қағида мақаламызға арқау болған Жалдыбай Тағыбаевқа арналғандай. Себебі, ол – Сыр өңірінің мақтанына айналған азаматтардың қатарында есімі де, еңбегі де ерекше құрметпен аталатын текті де тегеурінді, қайратты да қажырлы азаматтардың бірі де бірегейі.

Кейіпкеріміздің бойынан бабамыз айтып кеткен қасиет­тің барлығы табылады. Ол қасиеттер ата-анасынан дарыған. Әкесі Байғара ағаш ұстасы, қобыз, домбыра секілді ұлттық аспаптарды жасаушы қолөнер шебері болған. Ал анасы Зейнеп те өнерден құралақан емес екен. Тоғыз құрсақ көтеріп, оның жетеуін жетілдірген ардақты жан көпбалалы ана, өскен-өнген әулеттің шамшырағы, қазаны оттан түспеген қонақжай жан болыпты. Ардақты азамат Жалдыбай Байғараұлы саналы ғұмырында адал еңбек етіп, туған ауылы мен туған жерінің түлеуіне қызмет етіп, еңсе тіктеп, ел ағасына айналған еңбек ардагері. Дегемен, Жалдыбай ағаны бүгінде біздің замандастарымыздың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін. Жасаған еңбегін «мен осындай іс тындырып едім» деп мақтаншылықпен асыра көрсетуді білмейтін арда азаматтың халық игілігі үшін жасаған еңбегі аға буынның, әріптестерінің жадында әрі көз алдында.


Мектеп бітірісімен Кеңес армия­сының қатарында екі жыл қызмет еткен Жалдыбай Байғараұлы 1982 жылдан бастап Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың дайындық бөлімінде білім алған. Бір жылдан кейін осы оқу ордасының педагогика, психология және музыка бөліміне оқуға түсіп, студент атанады. Осылайша жалынды жастық шақ, ән-жырға бөленген студенттік кезең өте береді. Жалдыбай аға бес жыл бойы институтта баян, домбыра аспаптарын оқып, хор, ән айтуды меңгереді. Студенттік кезде де өзінің көшбасшылық қырын таныта білген азамат қоғамдық іс-шараларға белсене қатысқан екен.

– Қай жерде мерекелік іс-шара болса, сол жерде жүрдім. Жастық шақ ең бір жалынды кезең ғой. Спортпен де шұғылданып, спорттық жарыстардың ортасынан табылдым. Үрмелі аспаптар оркестрі құ­рамында бес жыл бойы баритон аспабында ойнадым. Облыс көлемінде өтетін атаулы күндерде оркестр құрамында өнер көрсеттім. 1983 жылы Алматы кон­серваториясының Домбыра бөлімін бітіріп келген Гүлзипа апайымыз «Сыр-сазы» этно-фольклорлы ансамблін ұйымдастырып, апайдың көмекшісі болдым. Шаңқобыз, сазсырнай, жетіген, сыбызғы, домбыра, қобыз аспаптарында ойнай беремін. Ынталы істің өнімді болатынындай, қолға алған аспабымды тез үйреніп алдым. Ансамбльде орындалатын әндерге, күй­лерге лайықтап нотасын қағазға түсіріп жүрдім. Облыс, қала көлеміндегі әртүрлі мерекелік концерттерге, бай­қауларға қатысып, республика көлемінде жүлделі орындарға ие болдық. Нәтижесінде 1988 жылы «Сыр сазы» этно-фольклорлы ансамбліміз халықтық атақты жеңіп алды, – дейді Жалдыбай аға жастық шақтағы жалын жанарын шарпып өткендей жүзі нұрланып.

Оқу бітіргеннен кейін саланың білікті маманы ре­тінде іске кіріскен Ж.Тағыбаев жаңадан ашылған Қызылорда қаласындағы №3 музыка мектебіне директордың орынбасары болып тағайындалады. Сол кезде этно-фольклорлы «Қазына» трио­сын құрып, ансамбль құрамында өзі де өнер көрсеткені күні кешегідей көз алдында. Сол ансамбль құрамында Жалдыбай ағамен қатар өнер көрсеткен Үміт Медеуова қазіргі таңда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері әрі «Құрмет» орденінің иегері екенін айта кеткеніміз орынды. Трио құрамында өнер көрсеткен Сәуле Тойбаева да әнші, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Осы ретте «Қазына» триосының талай кешті дәстүрлі сазға бөлеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, халықтың шынайы құрметіне ие болғаны бүгінде халық жадында.

– 1991 жылы облыстық халық шығармашылық орталығында жаңадан ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жаңа бөлім ашылды. Жалдыбай сол бөлімнің басшысы болып абыройлы қызмет етті. Ол уақыттарда ұлттық құндылықты, мәдениет саласындағы жыр мен термемізді, ұлттық аспаптарымызды насихаттаудың маңызы өте зор еді. Осындай қиын-қыстау кезеңдерде халықтың игілігі жолында елеулі еңбек еткен азаматтың жүйелі жұмысы ұмытылмақ емес. Жалдыбай бауырымызды қазақ­тың ұлттық құндылықтарын сақтау жолында ерен еңбек еткен азамат деп айта аламыз. Ол еліміз егемендік алған алғашқы жылдар, қиыншылық пен сынаққа толы жылдар еді. Сол жылы алғаш рет қазақ жігіттері арасында республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтіп, Жалдыбайдың жеңімпаз атанғаны әлі есімде. Расында, Жалдыбай бауырымыз нағыз жанашыр, жігіттің сұлтаны десек, артық айтқандық емес. Кейін Сырдария ауданында қатар қызмет етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыпқа келтіру жолында елеулі еңбек еттік, – деп пікір білдірді қоғам қайраткері Әріп Хожбанов.

Ж.Байғараұлы 1992 жылдан бастап бес жыл табан аудармастан Қызылорда қаласының мәдениет бөлімін басқарып, көп жұмыстың жүйесін табуына ықпал еткен. 1998 жылы бүкіләлемдік қазақтардың Алматыда өткен алғашқы құрылтайына шақыру алғанын да айтып өту орынды.
– Ол оқиға былай болды. Аталған құрылтайға арнайы барған барлық облыс қаз-қатар киіз үйлерін тігіп, сәні мен салтанаты жарасып жатқан кез еді. Әр аймақтың киіз үйінің алдында өңір өнерпаздары ән салып, өнерімізді көрсетіп жатырмыз. Осы кезде Мемлекет басшысы мен арнайы қонақ боп келген Финляндияның сол кездегі Президенті бір топ қонақпен тігілген үйлерді аралап келе жатты. Сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Б.Жәукебаева мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы А.Жұматаев аға­ларымыз бізге келіп, «Ал, қамшыны басыңдар, келе жатқан қонақтардың назарын бізге бұратындай өнер­леріңді көрсетіңдер» деп бізді қамшылап жіберді. Біз ансамбль репертуарындағы халық әндерін, Алтай, Қытай, Моңғол қазақтарының әнін шырқай жөнелдік. Сазды әуенге еліткен қонақтар ерекше әсерге бөленіп, біздің облыстың құрған киіз үйіне жақын келіп, тұрып қалды. Біз попурри әнімізді жалғап жатырмыз. Бір кезде жаңбыр жауа бастады. Облыс әкімі С.Шаухаманов ағамыз сол сәтті ұтымды пайдаланып, қонақтардың үйге кіруін сұрады. Біз де қонақтармен ілесіп, әнімізді тоқтатпай келеміз. Сазды әуенмен киіз үй іші нұрланып, меймандардың көңілі көтерілді. Осылай барлық облыстың киіз үйіне тоқтамай келе жатқан құтты қонақтар Сыр елінің берекелі үйіне кіріп, дәмнен ауыз тиіп, біраз отырып қалды. Көңілдері көтеріліп, ерекше әсерге бөленген құрметті қонақтар шығып бара жатып, біздің өнерімізге тәнті болғанын айтып, ертеңгі гала концертте өнер көрсетуді ұсынды. Осылайша ансамбль болып үлкен концертте өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөлендік, – дейді өнердің өрісін кеңейтуге өзіндік үлес қосқан ардақты азамат.

Кейін №1 музыка мектебінде басшы, Қараөзек ауы­лында мектеп директоры қызметтерін атқарған Жалдыбай Байғараұлының еңбек жолы, саналы ғұмыры Сыр өңірімен, оның ішінде Сырдария ауданымен тығыз байланысты. Арда азамат 1999 жылдан 2005 жылға дейін Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарған. Сол жылдары аудан әкімі қыз­метін абыроймен атқарған Әріп Битілеуұлымен бірге аграрлы ауданның аяққа тұруына көп еңбегін арнаған. Халық игілігі үшін жасаған жұмыстары аудан халқының жадынан өшкен емес.

– Бұл кісі өзі өнерлі әрі іскер азамат. Мәдени саланың қай бағытында болса да жандырып, жандандырып жіберетін белсенді еді. Қараөзек ауылында мектеп директоры болған жылдары да өзінің нағыз білікті маман екенін көрсете алды. Одан кейін Сырдария ауданында аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Ол кездерде аудан дамудың даңғыл жолына түсіп, еңсе тіктеп келе жатқан уақыттар еді. Халық игілігі үшін атқарылған жұмыстар әлі күнге көз алдымызда. Осындай білікті маман, білімді азаматтардың ерен еңбегі қазіргі өркендеген ауданымыздың ірге­тасын қалады деуге негіз бар, – дейді «Құрмет» ор­денінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алмагүл Сайранқызы.

Кейіпкеріміз кейіннен тағдыр жолы елордаға айдап, Астана қаласына қоныс аударған. №76 Ә.Бөкейханов атындағы мектеп-лицей директорының көмекшісі, ұйымдастырушы, музыка мұғалімі қызметтерін ат­қарған ол шәкірт тәрбиелеп, саналы ғұмырында бойы­на жиған білімін кейінгі ұрпақ бойына дарыту жолында аянып қалған емес. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, Жалдыбай Байғараұлының тәлімін алған шәкірттер бүгінде үлкен өмірге қадам басып, талай байқаулардан жүлделі орындарға ие болып жүр.

Еңбекпен есейген азамат қашан да ұлттық құн­дылықтардың қарыштауы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде елорда төрін әнімен әуелетіп жүрген «Әдемі» этно-фольклорлы ардагерлер ансамбліне жетекшілік етіп жүрген Жалдыбай ағай 65-85 жас аралығындағы ардагерлердің уақытын бір арнаға тоғыстырып, қоғам өміріне белсенді араласуына үлес қосып жүр. Астана ардагерлер орталығының жанынан құрылған ансамбль бүгінде республикалық, қалалық деңгейдегі байқауларда топ жарып, телевизиялық жобаларға да белсене қатысады. Түрлі байқауларда топ жарып жүрген ардагерлерден құрылған «Әдемі» ардагерлер ансамблі жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығына сәйкес «Халықтық» атағын алды. Сүйінші жаңалықты естіген жандар балаша қуанып, мәдениет саласына өз үлестерін қосқанына дән риза. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқауда «Әдемі» этно-фольклорлы ансамблі төрт номинация бойынша қатысып, барлығынан бас жүлдені жеңіп алған. Халықтық атаққа ие болған ансамбль мүшелері тыңғылықты дайындықтың арқасында бас жүлдемен қатар Еуропаға жолдама еншілеген. Бұл ретте ансамбль жетекшісі Жалдыбай Байғараұлының еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн.

«Отан отбасынан басталады» демекші бүгінде Жалдыбай ағаның өнерлі отбасы – көпке үлгілі берекелі шаңырақ. Жары, білім саласының ардагері Луиза Болатқызымен бірге Жасұлан, Лаура, Құралай және Мәди есімді ұл-қыз сүйіп, немерелерінің қызығына кенеліп отыр. Ұлағатты ұрпақтар да ата-аналарының абыройлы жолын жалғап, білім алып, өнер меңгеріп, ел дамуының түрлі саласында жемісті еңбек етуде. Текті әулеттің түлегі, елдің жанашыр азаматы Ж.Байғараұлы бүгінде ел ағасына айналған. Елге еткен еңбек ескерусіз қалмасы анық. Еңбек жолында да, өмір жолында да өзіндік орнын қалыптастыра білген арда аза­маттың еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше марапат төрінен де көрінген.

«Айтылған – әңгіме, жазылған – тарих» демекші, еселі еңбегімен ел ағасына айналған осындай азаматтар туралы қалам тербеп, кейінгі буынға үлгі етуді құп көрдік. Еңбегі еселі жандар халық алғысына бөлене берері анық. Ең бастысы, Сырдария жұртшылығы, зиялы қауым, жалпы қоғам ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Жалдыбай Байғараұлының ауданымыз үшін сіңірген еңбегін жоғары бағалайды, құрмет тұтады. Азамат үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Сол бақыт баянды болғай, өнердің өрісі кеңейе бергей деп тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
аудандық мәслихаттың депутаты

10 қаңтар 2026 ж. 306 0