Бірлік пен қажырлы еңбек зор нәтижеге жеткізеді
Биыл аудандық газет жыл бойына 100 нөмірін жарыққа шығарып, аптасына екі мәрте аудан халқын жаңалықпен сусындатты. Аудан жаңалықтарының жаршысы атанған төл басылымның 100 нөмірі тарихи құжат ретінде жинақталып, ауданымыздың бай шежіресін толықтырды. Жылдағы дәстүрге сәйкес, жылдың соңғы нөмірінде аудан әкімімен сұхбат жарияланып, ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды саралаймыз. Халықтың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі, әлбетте, халықтың көз алдында. Есігімізден енгелі тұрған жыл қарсаңында өткен жылды қорытындылап, аудан әкімі Берік Сәрменбаевпен сұхбат құрдық.– Берік Әбдіғаппарұлы, ең алдымен аудандық газетті, төл басылымды әркез қолдағаныңыз үшін «Сыр медиа» ЖШС басшылығының және редакция ұжымының атынан алғыс айтамын. Биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы Сыр өңіріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы келіп, өңір дамуына оң бағасын беруі болды-ау...
– Биыл аймағымызда ауқымды жұмыстар жүргізіліп, Сыр өңірі қарқынды даму үстінде. Иә, өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 30 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, аймақтың дамуымен танысты. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын көріп, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Бұл – ерекше қолдаудың, бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі. Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті. Биыл Сыр өңірінің халқы Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толу мерейтойын ерекше көңіл-күйде атап өтті. Мерейлі датаға байланысты іс-шаралар ауданымызда өз деңгейінде өткізілді. Мемлекет басшысының Сыр өңірін ерекше қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасымен облысымызда көптеген жоба жүзеге асырылуда.
– Иә, бүгінде Сыр өңірінің даму қарқыны жоғары. Жыл бойы облыс көлемінде айтулы жұмыстар атқарылғанын аңғаруға болады. Әрине, облысқа жақын орналасқан Сырдария ауданы да жыл санап көш ілгері жылжып келеді. Аудандағы ахуалға тоқталып өтсеңіз...
– Аймағымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша республикада алғашқы орында. Аймақ бюджеті 851 млрд 300 млн теңге болып, 2021 жылдан бері 246 пайыз өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд теңге болса, биыл 207 млрд теңгеге жетіп, 4,4 есе артты. Оның ішінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд теңгені құраса, бүгінде 13,2 млрд теңгеге жетті. 2025 жылы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылды. Ауданның өнеркәсіп орындары 93,3 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,6 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 13,1 млрд теңгені құрады. Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын жақсарту үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды.
– Инфрақұрылымдық жұмыстар демекші, биыл бірнеше ауыл «көгілдір отынға» қол жеткізіп, қуаныштары еселенді. Бұған аудан, ауыл халқы куә болды. Тұрғындар үшін күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтейтін жол, ауызсу, электр жарығы десек, бұл бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Мемлекет басшысының басты тапсырмасының бірі – ауыл-аймақтарды дамыту. Оның ішінде, тұрғындардың тұрмысын жеңілдету, инфрақұрылымдық жұмыстарды оңтайлы жүргізу басты назарда. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен бұл жұмыстар өз шешімін табуда. Осы ретте, биыл жыл бойына ауданда жол, құрылыс және коммуналдық сала бойынша қарқынды жұмыс жүргізілді.
Аудан аумағындағы Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етіліп, ел игілігін көруде. 2025 жылы газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп Н.Ілиясов, Шаған ауылдары табиғи газға қосылды. Облыс әкімі арнайы келіп, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Бұл ретте биылғы жылы облысымыздың газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жеткенін айта кету орынды. Ендігі кезекте Ақжарма елді мекенін газдандыруға биылға республикалық бюджеттен 840,8 млн теңге қаржы бөлініп, бүгінде газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 1,8 млрд теңге. Бүгінгі таңда «Алия Сервис» ЖШС арқылы жоғары қысымды газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Құдай қаласа, Ақжарма халқы 2026 жылы табиғи газға қосылатын болады. Одан кейін Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарын газдандыру жұмыстары басталады.
Ал аудандағы электр желілерін тозу деңгейін 68 пайызға дейін түсіру жоспарланып, бұл бағытта соңғы 3 жылда Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарын электр желілерімен қайта жабдықтау жұмыстары толық аяқталды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 490,5 млн теңгеге Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, тозу деңгейі 62 пайызға төмендейтін болады.
Биыл аудан бойынша жол саласына қатысты 7 жобаға 982,3 млн теңге қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар «Қызылорда-Аэрапорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы және Шіркейлі, Шаған, С.Сейфуллин елді мекендерінде 13 көше жөндеуден өтті. Халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерге байланысты аудандық бюджеттен 136,6млн теңге қаржы бөлініп, 17 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан тұрғындары орталықтандырылған ауызсумен 100 пайыз қамтамасыз етілген.
– Аудандағы құрылыс жұмыстарының қарқыны қалай болды?
– Жыл басында 1,5 млрд теңгеге кент кіреберісіндегі «Руханият орталығы» пайдалануға берілді. Ең үлкен ғимарат бүгінгі заман талабына сай салынған. Әрбір ауданнан салынған рухани орда бүгінде аға буын мен жастардың рухани орталығына айналды. Тереңөзек кентінде облыстық бюджеттен бөлінген 475,5 млн теңгеге сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны іске қосылды. Бүгінде полигон толықтай техникалық құрылғылармен жабдықталып, мұнда қалдықтарды сұрыптау мен кәдеге жарату процесі іске асырылуда. Аудан орталығында күнделікті жинақталған қалдықтар сұрыпталып, оларды қайта өңдеуге мүмкіндіктер жасалуда. Қазіргі таңда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында бірнеше адам жұмыспен қамтылған. Ал білім саласында құны 293 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі және С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында құны 103 млн теңгеге Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория, 329 млн теңгеге Шаған елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілсе, аудан орталығында құны 150 млн теңгеге «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшесі ашылды. Бесарық ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.
Қазірі таңда Тереңөзек кентіндегі заманауи талаптарға сай келетін теміржол вокзалының ғимараты жаңадан салынуда. Бұл мәселе Президентіміздің Жолдауында да айтылып өтті. Аймақ басшысының қолдауымен бүгінде вокзал ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында қажетті техника мен жұмыс күші жеткілікті. Аталған жоба аудан тұрғындары үшін маңызды. Себебі аудан аумағынан өтетін 46 шақырымдық теміржол желісі халықтың еркін қатынауына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Тереңөзек кентінің инфрақұрылымдық дамуына серпін бермек.
Ауданды абаттандыру жұмыстары бюджет көздерінен және бюджеттен тыс демеушілік арқылы қарқынды жүргізілуде. Тереңөзек кентінде ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Жалпы құны 350 млн теңгеге 8 елді мекенде ойын алаңдары салынса, Бесарық пен Н.Ілиясов ауылының кіреберістері түнгі жарықпен қамтылды, Іңкәрдария мен Сәкен Сейфуллин ауылында орталық алаң абаттандырылды. Бұл жұмыстар өз кезегінде тұрғындарға жайлы орта сыйлап, көпшіліктің қуанышын еселеуде.
– Сырдария – аграрлы аудан. Дәнді-дақылдары, бақшалық өнімдері облыс қана емес, республика көлемінде белгілі. Басты дақыл күріш егу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Десе де бұл салада қиыншылықтар да жоқ емес...
– Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Биыл ауданда 33 145 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 19 950 гектарға егіліп, әр гектарынан 61 центнерден өнім алынып, 121 695 тоннаға жуық астық жиналды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Осындай еселі еңбектің нәтижесінде Сырдария ауданы облыста «Егін шаруашылығы бойынша Озат аудан» атанды. Иә, расында су тапшылығы тек біздің аудан емес, ғаламда үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл орайда Президентіміз суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландырып, су үнемдеуде егістік жерлерді лазерлік тегістеудің маңыздылығын атап өтті. Биыл шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3500 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тегістеу жұмыстары 70 пайызға жетті. Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы су мәселесі өте күрделі екенін атап, су үнемдеу технологияларын пайдалану, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беру керектігін жеткізді. Осы орайда алдағы жылы да су тапшылығы орын алатынын ескере отырып, Үкімет тарапынан күріш егістігін қысқарту жұмыстары жүргізілуде. Ауданда егілетін күріш көлемін 30 пайызға дейін қысқарту жоспарлануда.
– Аудандық газет тілшілері жыл бойына барлық ауылдық округті аралап, пресс-тур ұйымдастырды. Бұл орайда ауылдардағы атқарылып жатқан жұмыстармен қатар кәсіпкерлерге арнайы бет арнауды үрдіске айналдырдық. Бұл жұмыстар өз кезегінде кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсету туралы өзіңіздің тапсырмаңызға орай жүзеге асуда. Аудандағы кәсіпкерлік саласы туралы айтып өтсеңіз...
– Кәсіпкерлік – экономиканың басты бағыты. Мемлекет басшысы әрдайым кәсіпкерлік саласын қолдау қажеттігін айтады. Жаңа жұмыс орындарын құру, бизнеспен айналысамын деушілерге әрдайым мемлекет көмек қолын созады. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен соңғы 3 жылда ауданда 1,4 млрд теңгеге 445 жоба әзірленді. Оның ішінде, 370 млн теңгенің 56 жобасы қаржыландырылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету тұрақты назарда. Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар аясында 189 жобаға 5,4 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді.
Жаңа айтып өткеніміздей, ауданда егілетін күріш көлемін 30 пайызға дейін қысқарту жоспарлануда. Бұл шаруашылық құрылымдары мен еңбеккерлер арасында үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Осыған байланысты аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу» жұмыстары басталуда. Жоба құны 40 млрд теңгені құрайды. Инвестор бірінші кезеңде 2026 жылы кептіру қондырғысын орнатуды жоспарлауда. Жоба бойынша 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде индустрияландыру картасы аясында жер телімі беріліп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде және «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойынан 35 гектар жер дайындалып, электр энергиясы тартылғанын айта кету орынды.
Сондай-ақ 2026-2028 жылдары Ұлттық цифрлық платформа аясында ауданда «Қызылорда Энерджи ЛТД» серіктестігінің «Қуаттылығы 1100 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы» жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Құны 1,6 триллион теңгені құрайтын жобаға 280 гектар жер учаскесі анықталып, резервке алынды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба 2026 жылы басталып, 510 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар табиғи газ өндіретін шағын өңдеу зауыты, Шаған ауылында тауарлы сүт фермасының жобасы жасалды. Аталған кәсіпорындар іске қосылғанда көптеген жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық көрсеткіші едәуір қысқаратын болады.
– Тазалық табалдырықтан басталатыны белгілі. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аудан көлемінде кеңінен қолдау тапты. Акция аясында қандай жұмыстар атқарылды?
– Ауданымызда республикалық экологиялық бағдарлама қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Тазалық жұмыстарына тиісті мекеме қызметкерлерімен қатар барлық бөлім, мекеме қызметкерлері атсалысады. Соның нәтижесінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерде өтетін сенбілікке еріктілер, тұрғындар қолдау көрсетіп жатады. Тазалық ең алдымен өзімізге керек, бұл денсаулықтың кепілі екені рас. Бүгінгі күнге тазалық шараларына барлығы 27 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері қатысты. Нәтижесімен 7 мың тоннадан астам қоқыс қалдықтары шығарылып, елді мекендердегі 20 сквер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, 80 әлеуметтік нысан, 322 өнеркәсіп және бизнес нысандары, 60-тан аса су объектілері мен 226 көшелердің бойы тазартылды. Оған 200-ден аса техника жұмылдырылды. Жыл басынан облыс бойынша 17 400 дана өңірдің климатына сәйкес жерсінетін қарағаш, терек және сырталының көшеттері егілді.
– Аудан жастарына аға буын ретінде көңіліңіз тола ма?
– Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – жастар саясатын дұрыс, ұтымды ұйымдастыру. Аудан жастары өте белсенді. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы қай сала болсын жалынды жастарымыз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Шетелде, республиканың түкпір-түкпірінде аудан атын асқақтатып жүрген жастарымызды мақтанышпен айтамыз. Дәстүрге сай жыл қорытындысына орай жастар форумы өтіп, жас буынмен кездесіп, пікір алмастым. «Өрлеу» сыйлығын табыстап, жыл үздіктерін марапаттадым. «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ауқымды жұмыстар атқарылып, жас жұмысшылар да назардан тыс қалмады. Бұл өз кезегінде жігерлі жастарға серпін беретіні анық.
Жастар – ел ертеңі, болашағымыздың кепілі. Олардың ойлы, саналы, ұлтжанды болуы қажет. Қай саланың да алға жылжуына аға буынның ізін басқан жас буынның үлесі зор. Десе де қазіргі ақпараттық технологиялардың дәуірінде жастарымыз ұлттық құндылықтардың отын өшіріп алмауы керек.
– Берік Әбдіғаппарұлы, арнайы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге ризашылығымды білдіремін. Мереке қарсаңында аудан тұрғындарына қандай тілек айтасыз?
– Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген жақсы сөз бар. Біз де Жаңа жылға үлкен үмітпен қарап, берекелі іс пен баянды бақыт күтеміз. Өтіп бара жатқан жылан жылы өңіріміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Жылды жақсы нәтижемен аяқтап, келер жылға зор үмітпен қадам басу – негізгі мақсат. Біздің жеткен жетістіктеріміз – аудан халқының бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бұл ретте осындай оң нәтижелерді халыққа жеткізу, ақпараттандыру барысында жүйелі жұмыс жасап келе жатқан аудандық газет ұжымына алғыс білдіремін. Жаңа 2026 жылқы жылы құтты, берекелі жыл болсын!
Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










