Жаңа жылдық мереке қарсаңында балалар арасында тағамнан уланудың алдын алу
«Ауру – астан» дейтін халқымыз әр нәрсенің орнын, ретін біліп айтқан. «Тамақ ішу үшін өмір сүрме, өмір сүру үшін тамақ іш» дейді ғой. Сол айтпақшы, ағзаны нәрлендіретін негізгі азық көзін тағамнан алатынымыз белгілі. Десе де бойдағы дерттің асқынуына да негізгі себеп – дұрыс тамақтанбау болуы ықтимал.Қазіргі таңда дүкен сөрелерінде шетелдік жазумен қапталған өнімдер толып тұр. Қанша жерден «сатуға болмайды», «жеуге болмайды» дегенмен, көбіне сырттан әкелінетін тауарды дүкен иесі сөреге қояды. Қызыл-жасыл болып көз тартатын өнімді мектеп оқушылары міндетті түрде алып жейді. Ал оның құрамында қандай заттар бар екені беймәлім. Өткір иісті, дәмдеуіштер қосылған ондай тағамдар ағзаны улайтыны анық.
Бұл ретте сала мамандары алдағы мереке күндері осындай жағдайлардың алдын алу қажеттігін айтып, дабыл қағады. Күнделіктіден бөлек, мейрам күндері азық-түлік саудасы қыза түсетіні белгілі.
– Заңдылық талаптарды басшылыққа ала отырып тағамнан улану және жедел ішек инфекциялары ауруларының алдын алу мақсатында мынадай талаптарды ескеруді сұраймыз. Ең алдымен жаңа жылдық сыйлық алғанда арнайы санитариялық талапқа сай келетін сауда нысандарынан алу және сәйкестік құжаттарын қарау. Қаптамның жапсырмасына, өнімнің таңбалануына назар аудару маңызды. Шығарылған күні, жарамдылық мерзіміне баса назар салу керек. Сондай-ақ кез келген өнімнің сыртында құрамы жазылып тұрады. Бояғыш крем, жасанды бояу, тағамдық қоспа, консерванттар мен зиянды өнімдер құрамында кездессе, ондай тағамнан аулақ болған жөн. Негізі көпшілік мән бере бермейді. Сондай зиянды заттардың әсерінен адам ағзасында бірден біліне бермейтін өзгерістер пайда болады. Ол жайлап көбейіп, соңы ауыр дертке де апаруы мүмкін. Тамақтану кезінде де «Сақтансаң, сақтаймын» деген ережені естен шығармау қажет. Сондай-ақ балалардың жеке бас гигиенасына үлкен жауапкершілікпен қарау керек, – дейді Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы – Ұлжан Нұрбаева.
Бұл ретте сала мамандары білім беру ұйымдарында мектеп асханасын ұдайы залалсыздандырып, талап-ережелерді сақтау қажеттігін айтады. Сонымен қатар балалар ойыншығын таңдауда сыртқы түрі мен өнімнің қауіпсіздігіне ерекше мән беруді ұсынады. Өткір иісі бар ойыншықтар мен күмәнді өнімдерді саралап қарау көптеген қауіптің алдын алмақ.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Бұл – бұлжымас қағида іспетті. Расында аманат денсаулықтың қадірін ауырмай тұрып күткен жөн.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ










