Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағамнан улану және оның алдын алу

Тағамнан улану және оның алдын алу

Тағамнан улану дегеніміз – микробтармен және оның токсиндерімен, яғни уларымен ластанған азық-түлікті пайдалану салдарынан жедел пайда болатын, адамнан-адамға жұқпайтын аурушаңдық.

Тағамнан уланудың жалпы белгілері: аурудың тез арада жедел түрде басталуы, тез жазылуы, бір уақытта біраз адамның ауруы, аурудың белгілі бір тағаммен байланыстылығы, сезікті тағамды тоқтатқан соң аурудың тоқтауы.

Бактериялар мен микробтар ылғалды, жылы және қоректік ортада тез өрбиді. Тағамнан улану жағдайы тағамның дайындалуы, сақталуы барысында бактериялармен, бактериалды улармен, вирустармен немесе өз табиғатындағы улы заттармен ластанған тағамдарды қолданғанда болады.

Тағамнан уланудың негізгі себептері жеке бас гигиенасының, санитариялық-гигиеналық талаптардың және тамақтарды дайындау барысында технологиялық процестердің сақталмауы, сақтау мерзімдерінің бұзылуынан болады.

Тағамнан уланудың алғашқы белгілері: асқазанның ауырсынуы, құсу, жүрек айну, дене қызуының жоғарылауы, т.б. Тағамнан уланудың клиникалық көрінісі уланудың түріне және зақымданған улы тамақты қанша мөлшерде жегеніне байланысты. Ең алғашқы белгілері зақымданған тамақты жегеннен кейін 30 минуттан соң басталады.

Тағамнан уланудың ең алғашқы белгілері білінген кезде әсіресе балалар, қариялар және жүкті әйелдер тез арада дәрігерлерлік көмекке жүгінуі тиіс. Егер ауру ұзақ уақыт жазылмай, құсу, организмнің сусыздануы, нәжісінде қанның болуы және өткір ішек ауруы сияқты белгілері сақталған жағдайда міндетті түрде дәрігерлік көмекке жүгінген дұрыс. Сәбилердің организмдері тез сусыздануға бейім болғандықтан, ешбір кедергісіз, уақыт созбай емделу қажет.

Аурудың алдын-алу жолдары:

тамақтанар алдында қолды жуу;
термиялық өңдеуге жатпайтын жеміс-жидектерді қайнатылған сумен жуу, қалғандарын ағынды сумен жуу;
тек қайнатылған немесе бөтелке суын ішу;
тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштарда сақтау;
кондитер өнімдерін тек дүкендерден ғана алу, қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына көңіл бөлу;
үй жағдайында дайындалған консерві (ет, құс, балық, саңырауқұлақ) өнімдерін белгісіз адамдардан сатып алмау;
тағамның түрі, түсі, иісі және тағы басқа белгілері күмән тудыратын болса, мұндай тағамды мүлдем пайдаланбау.

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Фото: qazygurt.kz.
22 қараша 2024 ж. 54 0