Жүз елу жылдық тарихы бар мешіт
Жақында «Руханият орталығында» Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойы және Қызылорда облысындағы ең көне діни ғимарат – «Айтбай мешітінің» 150 жылдығына орай жарық көрген «Айтбай мешіті»: аңыз бен ақиқат» тақырыбындағы кітаптың таныстырылымы өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, кітап авторлары, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай мен Қызылорда қалалық «Айтбай мешітінің» имамы Асхат Асқарұлы, Сырдария ауданының бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы, зиялы қауым өкілдері қатысты.Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев кітапта құнды ақпарат легі жинақталғанын тілге тиек етіп, қос автордың шығармашылық жұмысын жоғары бағалады.
– Ойлы оқырманның олжасына айналған кітапта көптеген мағлұмат келтірілген. Дәлел мен дәйекке жүгінген қос автордың еңбегін жоғары бағалаймыз. Тарих таразысына салсақ, мұндай елеулі оқиға ел-халықтың жадында мәңгі сақталатыны анық. «Айтбай мешітінің» салынуы мен осы уақытқа дейін сақталуы үлкен зерттеуді қажет еткенін білдік. Мазмұны терең кітапта Ташкент қаласына сапар шегіп, ондағы архивтен мол ақпарат алынғаны жазылған. Төрт айға созылған еңбектің жемісі – кітап болып жарық көруі қуантады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойы және Қызылорда облысындағы ең көне діни ғимарат – «Айтбай мешітінің» 150 жылдығы кеңінен аталып өтілуі – жылдың айтулы іс-шарасына айналғанының дәлелі, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Негізінен, 420 беттен тұратын кітапты жазу барысында мешітті салдыруға қатысты Айтбай есімді 5 азаматтың аты аталады. Әрбір адамның өмір тарихына көз жүгірткен қос автор мешіт құрылысын Айтбай Балтабайұлы есімді азамат салдырғаны жөнінде мағлұматқа қол жеткізеді. Ташкент сапары кезінде үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған Нұрсұлтан Мықтыбай мен Асхат Асқарұлы қолына түскен әрбір мағлұматты сүзгіден өткізеді.
– Баршаңызға белгілі, биыл Қазақстан Мұсылмандарының қара шаңырағы – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаны лайықты атап өту мақсатында жыл басында Басқарма төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы ұсынысымен өңір-өңірде өзіндік орны бар имандылық ошақтарының тарихы мен Ислам дінінің кеңінен таралуына еңбек сіңірген тұлғалардың өмірін жан-жақты зерттеу қолға алынған болатын. «Алаштың анасы» атанған Сыр өңіріндегі ең көне құлшылық үйі, іргетасы қалана бастағанына биыл 150 жыл толып отырған «Айтбай мешітінің» тарихы кеңінен зерттеліп, ол деректі фильм мен үлкен зерттеу кітабына арқау болды. Өңір тарихы үшін тың жаңалық болған, рухани ортада аса жоғары бағаланған «Айтбай мешіті»: аңыз бен ақиқат» кітабы мен деректі фильмінің тұсаукесері ағымдағы жылдың 19 қарашасы күні А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының және аймақ басшысының тапсырмасымен Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың арнайы қатысуымен өтті. Айтулы іс-шараға Алматы қаласынан арнайы келген «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мәдениетті, тарихты және этнографияны қолдау» қоғамдық қорының, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының, Өзбекәлі Жәнібеков мавзолейінің, «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы Дүйсенбаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты, – деді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.
Сол жылдары Жарылқасын Үмбетов пен Өзбекәлі Жәнібеков мешіттің сақталуына ерекше үлес қосқан. Кеңес өкіметінің қысымына бірнеше мәрте ұшыраған мешіттің құрылысы ерекше. Осы күнге дейін сақталып, сәулетімен айрықша мәнге ие болған мешіттен жерасты жолы салынған. Ертеректе жер аударылған 232 корей ұлтының азаматы Айтбай мешітінде тұрғаны жөнінде дерек бар.
– Кітапты жазу кезінде архив саласы мамандары еңбегінің ауырлығын айрықша сезіндік. Бірнеше ғасыр бойы сақталған Сыр бойындағы мешіттерге қатысты құнды құжаттардың басым бөлігі Ташкент қаласындағы архивтерде сақтаулы. Біз кітапты жазу барысында Айтбай Балтабайұлына өзге азаматтардың мешіт құрылысын салуға ешбір қатысы жоқ екенін дәлелдедік. Оны жан-жақты зерттеп, кітапта келтірдік. Айта кетейік, Айтбай мешітінің тарихы Сырдария ауданымен тікелей байланысты, – деді Асхат Асқарұлы.
Өз кезегінде аудандық орталық кітапханаға «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы табысталды. Жиын барысында Мұса Келдібаев, Марат Омаров, Сансызбай Сәдуақасұлы пікір білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











