Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кедергісіз орта

Кедергісіз орта

Қазақстанда 705 мыңнан астам ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады. Со­лардың 421,5 мыңын немесе 59,8 пайызын – еңбекке қабілетті жастағылар, 181,9 мыңын немесе 25,8 пайызын – зейнеткерлер, 101,6 мыңын немесе 14,4 пайызын 18 жасқа дейінгі балалар құрайды екен. Оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау, дербес өмір салтын сақтауына жағ­дай жасау, кедергісіз орта қалыптастыру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Мүм­кіндігі шектеулі жандардың қоғамдағы өмір сүру мүмкін­дігін шектемей, оларға қол­жетімді орта құру мәселесі төңірегінде біл­гіңіз келсе, сараптамамызға назар салыңыз.

ӨЗГЕРІСТЕР ЖОЛЫ: БАРШАҒА ЛАЙЫҚТЫ ӨМІР

«Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» (inva.gov.kz) ақпараттық порталындағы қолжетімділіктің интерактивті картасында республика бойынша 35 мыңнан астам инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың ерекше қажеттіліктері бар адамдарға бейімделгені жөнінде мәліметтер жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша көш басында Алматы қаласы, ал көш соңында Ұлытау облысы тұр. Алғашқысында 4140, соңғысында 364 нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттілігін өтейді. Әрине, бұл жерде мүгедектігі бар адамдар санын да ескермеске болмайды. Мысалы, Алматы қаласында 57 мыңдай, былтыр құрылған Ұлытау облысында 1,2 мыңдай ерекше қажеттіліктері бар адам тұрады.

«Бұл нысандар үш қолжетімділік сана­тына бөлінеді. Олар: қолжетімді, жартылай қолжетімді және қолжетімді емес. Есту, көру, тірек-қимыл аппаратының бұ­зы­луы мен мүгедектер арбасына таң­ыл­ған жандар үшін қолжетімділік еске­ріледі», – дейді ҚР Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүй­сенова.

Сондай-ақ, аймақтарда нысандарды бейім­деу мақсатында өңірлік жоспар бе­кі­­тілген. Осы жоспарлардың бір бөлігін мүгедек­терге арналған нысандардың жай-күйін бақылау құрайды.

«2025 жылға дейінгі кезеңде басымдық берілетін 22 мың нысан анықталды. Олар­дың ішінде мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету орталықтары, денсаулық сақтау мекемелері мен емханалар, білім беру ұйымдары, мәде­ниет, спорт жалпы әлеуметтік көлік инфра­құрылымы сияқты жерлер бар. Байқап отырғандарыңыздай, аталған нысандар халық жиі бас сұғатын орталықтар бо­лып табылады. Бұл тізім «Амаnат» пар­­­тия­сының 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында көрсетілген «Өзгерістер жолы: баршаға лайықты өмір» бағытын негізге ала отырып құрастырылған, – дейді Анархан Қалиқызы.

Сондай-ақ сайлауалды бағдарлама бойынша жыл сайын 4400 нысанда ерекше қажеттілігі бар жандар үшін жайлы орта жасақталуы тиіс. Әр аймақта осы бағыттағы жұмыстың жүйелі жүргізілуіне облыс әкімдері жауапты болса, атқа­рылған жұмыс сапасын бақылау үшін қоғам­дық бақылау топтарының жұмысы да күшейтілгенін атап өткен орынды.

ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ҰЛТТЫҚ ЖОСПАРЫ БАР

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары А.Дүй­сенованың мәліметінше, аталған ба­ғыттағы жұмыстарды тиімді ұйым­дас­тыру аясында елімізде мүгедектердің құ­қықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын арттырудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары қабылданған. Ол жеті бағытты қамтиды. Сондай-ақ 64 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Осы негізде атқарылған жұмыстың бірі – мүмкіндігі шек­теулі жандарға сайлау құқығын пайдалану үшін жағдай жасау. Бұл бойынша 2019 жылы министрлік Орталық сайлау комиссиясымен бірлесе отырып, ұтым­ды шешім шығарған. Аталған қызмет ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес кәсіби бақылау нысанында, жеке және заңды тұлғалардың өті­ніштері негізінде жүргізіледі.

«Бұл жерде негізгі талап мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Ең алдымен баспалдақ, пандус, есік сияқты негізгі қажеттіліктердің мүгедек жандардың мүмкіндігін шекте­меуін қамтамасыз ету керек. Қазіргі таңда көпшілік жиі жүгінетін мекемелерде ғана емес, автотұрақ, аялдама, автобус, сау­да орталықтары мен базар сияқты нысандарда да мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыру мәселесі назарға алынып келеді», – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қоса, анықтамалық, касса сияқ­ты қызмет көрсету орталықтарында да қолжетімділікті қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ерекше жандардың мәдениет ошақтарынан тыс қалмауы, спортпен ер­кін шұғылдана алуы да басты назарда. Осы мақсатта мүгедектердің мәдени, ойын-сауық орталықтарына барып, іс-ша­раларға қатысуы мен спортпен шұғылда­нуы үшін спорт ғимараттарын арнайы құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұ­мыс­тары жүзеге асырылуда.

ЗАҢДЫ БҰЗҒАНДАРҒА ҚАНДАЙ ЖАЗА ҚОЛДАНЫЛАДЫ?

Комитет төрағасының орынбасары әкім­шілік жауапкершілікті қадағалау тәрті­бі ар­найы құқықбұзушылық туралы кодекс­пен реттелетінін мәлімдейді. Ол бойынша әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына, мәдениет ошақтарында қолжетімділік қам­тамасыз етілмеген жағдайда, лауа­­зым­ды тұлғаларға 50 АЕК негізінде, шағын кәсіп иелері мен коммерциялық емес ұйымдарға 120 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК, ірі кәсіп иелеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл ретте айыппұл көлемі жа­уапты тұлғалардың мәртебесіне қарай 172 500 теңгеден 1 380 000 теңгеге дейін барады. Егер әкімшілік жазадан са­бақ алмай, құқықбұзушылық оқиғасы бір жыл ішінде қайталанатын болса, айып­пұл көлемі бастапқыдан көп көлемде тағайындалады. Нақтылар болсақ, лауазымды тұлғаларға 80, шағын кәсіп иелеріне 150, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 250, ірі кәсіп иелеріне 600 АЕК-ті құрайды. Теңгеге шақсақ, айыппұл көлемі 276 000 теңгеден 2 070 000 теңгеге дейін артады.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеу­меттік ортада және қоғамда мүмкіндігінің шектелмеуін тиісті тұлғалар ұдайы бақы­лауда ұстайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпа­ра­тынша, 2022 жылдың 9 айлық қоры­тын­дысы бойынша департамент мамандары 805 тексеру жұмыстарын жүргізген. Оның 507-сі жоспарлы тексеріс болса, қалғаны жоспардан тыс және тосыннан ұйымдастырылған. Нәтижесінде тәртіпке бағынбаған тұлғаларға жалпы соммасы 10,9 миллион теңгеге саятын 106 әкімшілік айыппұл салынған. Нәтижелерге сүйенсек, бұл тұстағы құқықбұзушылықтардың басым көпшілігі пандустың мүлде жоқ болуы немесе талапқа сәйкес болмауы, ша­­қыру түймесінің жоқтығымен сипатта­лады. Сондай-ақ, 2020 жылы осы ба­ғыт­та 970 нысанға тексеріс жүргізіліп, оның 860-ы қолжетімді орта қалыптас­тыруға бағытталған. Нәтижесінде 699 ба­қылау субъектісіне анықталған құқықбұ­зу­шылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілген. Көрсетілген есепті негізге ала отырып, Мемлекет басшысы нысандардың қолжетімділігіне қатысты қазіргі жағдайды «аса көңіл қуантарлықтай емес» деп ба­ғамдайды.

«Біз мүгедек жандарға қолайлы орта құ­руда жасалуы керек шаруалардың түгел атқарылмағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікті енгіздік. Десек те, бұл саладағы құқықбұзушылық әлі де саябырламай тұр. Іс жүзінде қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін өздігінен көшеге шығып, тиісті орталықтарға өзі бара алуы мүмкін бола бермейді. Оның үстіне, тұрғындар жиі жүгінетін орталықтарда оларға қо­лайлы жағдай жасалмаса, тіпті қиын. Бұл алаңдатарлық мәселе» деді Мемлекет басшысы 2021 жылы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің Ү отырысында сөйлеген сөзінде.

ТАСЫМАЛ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

Анархан Дүйсенова көлік тасымалы саласында мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына да тоқ­талып өтті.

«Көлік саласында қолданылып келе жатқан ережелерге біршама толық­ты­рулар мен түзетулер енгізілді. Солар­дың бірі – теміржол вокзалдары мен әуе­жайларда кедергісіз орта құру мәселесі. Сондай-ақ пойыздарды арнайы мүге­дектерге қолжетімді вагондармен жаб­дықтау да күн тәртібінде. Көлік қызмет­керлерін мүгедектерге қызмет көрсетуге дағдыландырып, оның ішінде ымдау тілін үйренуін қамтамасыз ету маңызды. Әуежай, вокзал, әлеуметтік-мәдени объек­тілер мен алаңдарда, кез келген кө­шеде мүгедектерге арналған арнайы әрі тегін көлік тұрағының болуы да қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен қолдау болып табылады» дейді ол.

Айта кетейік, мүгедектігі бар жандардың жұмыс орнындағы жабдықтары мен еңбек жағдайына қойылатын талаптары да бас­ты назарда. Және арнайы жұмыс орындарын құруда белгілі стандарттар бекітілген.

ЖЫЛ САЙЫН ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Әрине ортақ тақырып, мәселе болған­дықтан, аталған тақырып төңірегінде ау­дандағы ахуалға тоқталмауға болмайды. Жалпы ауданда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы жұ­мыстарды ұйымдастыру бағытында «Үй­лестіру кеңесін құру туралы» және «Сыр­дария ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз орта қалып­тастыру мәселелеріне мониторинг жүр­гізу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы» өкімдеріне сәйкес нысандарды бейімдеу жұмыстары жүргі­зіліп келеді.

– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Интерактивті қол­жетімділік картасы» ақпараттық порталы бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келеді. Порталға біздің ауданымыз бо­йынша жүз мекеме енген. Сол негізде жыл са­йын жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Мысалы, 2021 жылы 32 мекеме, өткен 2022 жылы 34 нысан толықтай бейімделді. Заң талаптарын сақтау жә­не арнайы тапсырма негізінде биылға бекітілген 32 нысанға толық бейімдеу жұ­мыстарын 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау қажет. Жалпы осы күнге дейін 66 мекемедегі жағдай толықтай талапқа сай жаңартылды. Қалған 34 нысандағы қолжетімділікті биыл жә­не келесі жылдың ішінде толықтай жөндеп, интерактивті картаға енгізетін боламыз. Аудан мекемелерінде мүгедек адамдар үшін жағдай жасалып, кедергісіз орта қалыптастырылған деп айта аламыз. Десек те, кейбір мекемедегі пандустар бекітілген талапқа сай келмей жатады. Осы ретте қазіргі таңда тиісті мекеме басшыларымен тығыз байланыс орнатып, қарқынды жұмыс жасап келеміз, – дейді аудандық жұмыспен қамту әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Ақкенже Исаева.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғам­нан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Аталған тақырып мәселе ретінде күн тәртібіне қойылып, Мемлекет басшысының да ұдайы назарында. Мүмкіндігі шектеулі жандардың – ру­хы мықты. Олар қатардан қалмай қыз­мет­ке де араласып, қоғамнан алыс­тамай, қоғамның дамуына өз үлестерін қосады. Ел намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген жігерлі жандар да жеткілікті.

Осы ретте ауданымызда осы мәселе төңірегінде арнайы комиссия отырысы өткі­зіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізі­луде. Яғни, жағдай толықтай бақылауда. Толықтай бейімделген нысандар туралы мәліметтер ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Интер­ак­тивті қолжетімділік картасы» ақ­парат­тық порталына енгізіліп отырады.

ОНЛАЙН КАРТАНЫҢ ОҢТАЙЛЫ ТҰСЫ КӨП

Әрине, 705 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар жандар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру жолында азаматтық қоғам да өзінің жауапкершілігін сезінеді. Айталық, 2019 жылдың қаңтарынан бастап елімізде «Қолжетімді Қазақстан» онлайн картасы енгізілді. Қажеттілікті дер кезінде қамтамасыз етіп, нақты ақпарат беретін онлайн картаның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін оңтайлы тұсы көп. Интерактивті карта кез келген ғимараттың мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаншалықты ың­ғайлы екенін көрсетіп береді. Яғни онда пандус дұрыс орналасқан ба, дыбыс құрылғылары жұмыс жасайды ма немесе мүгедектер арбасына арналған жол бар ма екендігін анықтауға болады. Онлайн картаны қолдану барысында үш түрлі түс арқылы ғимараттың мүгедек адам үшін қаншалықты қолайлы екені анықталады. Жасыл түс объектінің толық қолжетімділігін білдірсе, сары түс жартылай қолайлылықтан хабар береді. Ал қызыл түс жанған ғимаратқа бас сұғу – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қауіпті.

Онлайн картаның мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пайдасы орасан. Ол арқылы ерекше қажеттілігі бар адамдар өз күнін оңтайлы жоспарлап, қауіптің алдын ала алады. Бұл туралы «Қоғамдағы ерекше жандарға кедергісіз орта қажет» дейді «Қолжетімді Қазақстан» жобасының авторы Александра Шаронова.
doskaz.kz картасы көбінесе «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпа­рат­тық порталдарына балама ретінде ұсы­нылады. Алайда, жоба авторының пікі­рінше мемлекеттік және азаматтық карталарды қатар қойып қарастыру орынсыз. Себебі алғашқысы мемлекеттік ме­­ке­ме­лерді көрсетсе, азаматтық карталар адам­дардың күнделікті қажеттілігін өтей­тін орындар туралы ақпараттарды ұсы­нады.

«Қолжетімді Қазақстан» картасы еліміз бойынша көбіне сары яки қызыл түсті белгі беретінін де айта кеткеніміз жөн. Бұл дегеніміз мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамдық орындардың көпшілігі жартылай қолайлы немесе мүлде қолжетімсіз екенін білдіреді.

ТҮЙІН

Иә, қоғамда түрлі жағдай, түрлі тағдыр бар. Кімнің қандай сынақты бастан өткізіп, кімнің алдында не күтіп тұрғаны Аллаға ғана аян. Тағдыр талқысына түсіп яки туа бітті мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Ондай ерекше қажеттілікте өмір сүретін жан­дардың өмірге деген құштарлығы дені сау адамнан әлдеқайда күштірек. Себе­бі олар денсаулықтың, емін-еркін өмір сүрудің қадір-қасиетіне қаныққан. «Адам­ның күні адаммен» деген және бар. Қоғамда­ғы мүмкіндігі шектеулі жандардың ортадағы мүмкіндігін шектемей, қолдау көрсету – мемлекеттің де, адамзаттың да парызы.

Осы ретте, 2021 жылдың басында ел Президенті ерекше қажеттілігі бар адамдардың сұранысқа ие нысандарға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Бұл ретте Мемлекет басшысы «табалдырықтан төрге дейін» принципін басшылыққа алу керектігін атап өтті. Ол үшін елдегі мүмкіндігі шектеулі жандар жиі баратын ғимараттар тізімін жасаудан басталатын атқарылуы тиіс шаруа әлі де шаш етектен.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 сәуір 2023 ж. 366 0