Жігерлі жастар ел мүддесін жоғары қояды
Жыл сайын Сырдария ауданында жастар форумы өткізіліп, үздіктер анықталады. Сан салада қызмет етіп, өз ісінің білгірі атанған жастар аудан абыройын биіктетіп, өзара даралануда. Биыл XVII жастар форумы өз жұмысын бастап, жетістік жолында жігерленген болашақтың тұтқасын ұстайтын өрендер көкке өрлей түсті. «Жұмысшы жастар: Еңбек және инновация» тақырыбындағы форумға аудан әкімі Берік Сәрменбаев, мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, зиялы қауым өкілдері, облыстық жастар ресурстық орталығының мамандары мен Жалағаш ауданынан келген арнайы қонақтар қатысты.Форумның алғашқы бөлімі «Руханият орталығында» басталды. Мұнда мемлекеттік жастар саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының жұмысы аудан басшысына таныстырылды. Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге арнайы ұйымдастырылған көрме барысында жастармен пікірлесті. Осы уақытқа дейін жетістікке қол жеткізе білген жастардың жобасына жоғары баға берді. Республикалық, халықаралық дәрежеде аудан атын шығарып жүрген жалынды жастардың алға қойған мақсат-міндеті айқын.
Өз кезегінде форум жұмысы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Келелі жиынды ашқан аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында жастар саясатына айрықша мән беріліп, жас ұрпақтың білім алуы, денсаулығын нығайтуы және жан-жақты дамуына бағытталған нақты тапсырмалар жүктеліп келе жатқанын атап өтті. Президент тапсырмаларына сәйкес, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен Сыр өңірінде, оның ішінде ауданда жастарға арналған бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Биыл Тереңөзек кентінде аймақ басшысының бастамасымен «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Аталған орталықта жастар орталығы мен неке сарайы орналасып, жас буынның тәрбиелік, рухани және әлеуметтік дамуына қолайлы жағдай жасалуда. Сонымен қатар, Тереңөзек кентінің көрікті аумақтарының бірінде «Жастар» аллеясы салынды. Ауданда жастардың еңбекке баулынуына ерекше назар аударылуда. Қазіргі таңда ауданға қарасты 6 ауылда жастар бригадалары ресми түрде егін егу жұмыстарымен айналысып, 60 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – жастардың адал еңбекке деген жауапкершілігі мен белсенділігінің айқын көрінісі. Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту мақсатында «Мүмкіндіктер алаңы» атты жылжымалы жәрмеңке ұйымдастырылып, жұмыссыз жастарды қолдауға бағытталған «Үздік бизнес идея» жобалар байқауы өткізілді. Аудан жастары мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, ғылым және спорт салаларында жоғары жетістіктерге жетіп келеді. Жерлесіміз, жас ғалым, Гонконг кванттық офтальмология зертханасының басшысы Мұхит Құлмағанбетов Гонконгтың ақпараттық және коммуникациялық технологиялар саласындағы сыйлығында үлкен жетістікке жетіп, «Ғылыми Оскарды» жеңіп алып, халықаралық деңгейде зор жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар, 17 жастағы жерлесіміз Асылжан Абдуллаев өкпе қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған жасанды интеллект негізіндегі «Cortex AI» стартап жобасын әзірлеп, медициналық диагностика саласына тың жаңашылдық енгізуде. Спорт саласында да аудан жастары биік белестерді бағындыруда. Алматы облысы, Талғар ауданында өткен қол күресінен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 60 келі салмақ дәрежесінде сырдариялық Самат Нұрсәт чемпион атанды, – деді аудан басшысы.
Форум қорытындысында мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға елеулі үлес қосып, аудан көлемінде белсенді қызмет атқарып жүрген 10 жасқа аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 000 теңге көлеміндегі қаржылай сертификат табысталды. Олардың қатарында әскери, құқық қорғау саласынан Асылжан Сақыбеков, өнер мен мәдениеттен Толғанай Мұратқызы, кәсіпкерліктен Зіннәт Маткаримова, білім және ғылымнан Заманбек Аманбеков, спорттан Данияр Жүсіпбаев, денсаулық сақтаудан Динара Тұрлығұлова, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілінен Таңшолпан Шанжарханова, волонтерлік ұйымнан Мұхамед Сейілханов, үздік жұмысшы маман ретінде Дастан Байжүнісов бар. Ал «Жыл волонтері» номинациясына Еркебұлан Басалқаев, Сұңғат Раушанбеков, Қуаныш Сайран, Мақсат Бекенов, Айгерім Үсенова ие болды. Жыл үздігі ретінде Перизат Асқарова, Жаңабай Арғынбай, Исабек Алтынбайұлы, Мөлдір Серікбай, Нұрдаулет Нұрзылда, Гүлбаршын Ешпанова, Ақжарқын Шахманова, Нұркен Жұмашев, Толғанай Айниязова, Жасұлан Кеңес, Оразкүл Сейтакбарова танылды.
Форум аясында жастарға арналған ерекше әрі көңілді кеш ұйымдастырылды. Кештің тізгінін креативті шоумен Жаңабай Сақтағанұлы алып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Бағдарлама барысында түрлі қызықты ойындар ойнатылып, жастар белсенді түрде атсалысты. Әсіресе, алғырлығы мен белсенділігімен көзге түскен қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие болды. Кеш жастар үшін есте қаларлық әсер мен жағымды эмоцияға толы болды. Сонымен бірге аудан өнерпаздары көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Б. ОРДАБЕКОВ












