Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Берекелі Бесарық – тұрақты даму мен кәсіпкерлік өркендеген ауыл

Берекелі Бесарық – тұрақты даму мен кәсіпкерлік өркендеген ауыл

Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылы бүгінде аймақтағы ең үлгілі елді мекендердің біріне айналып отыр. Соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқын алып, инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасы қалыптасты. Елді мекеннің көркейіп, жаңаша кейіпке енуіне жергілікті кәсіпкерлік құрылымдар мен туған жерге жанашыр азаматтардың қосқан үлесі зор. 

Бүгінде «Берекелі Бесарық» атауы ауылдың шынайы болмысын айқындайды. Ауыл орталығы абаттандырылып, гүлзарлар мен жасыл желекке бөленген аллеялар тұрғындар мен қонақтардың көзайымына айналған. Жолдары тегіс, көшелері жарық әрі таза. Демалыс саябағы, субұрқақтар мен балалар ойын алаңдары ауылдың ажарын аша түскен.

Ауылдың дамуына сүбелі үлес қосып отырған ірі шаруашылықтардың бірі – «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған серіктестік күріш өндірумен қатар төрт түлік мал шаруашылығын дамытып келеді. Сонымен бірге кәсіпорын басшылығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де басты назарда ұстап, ауылды абаттандыру, жолдарды асфальттау, әлеуметтік нысандарды жөндеу және демалыс орындарын жаңғырту бағытында тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Телевизиялық түсірілім тобы ауылға арнайы келіп, қалаға бергісіз келбетке енген Бесарықтың тыныс-тіршілігімен және «Абай-Дәулет» серіктестігі қолға алған түйеқұс шаруашылығымен танысты. Бұл – ауыл шаруашылығындағы тың бағыттардың бірі ретінде ерекше қызығушылық тудырып отыр.

Бесарық ауылында кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында заманауи бизнес орталық пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл орталықта 12 кәсіпкер өз кәсібін жүргізіп, түрлі өнімдер шығарып отыр. Атап айтқанда, пластик құты шығаратын шағын цех тәулігіне мыңдаған өнім өндіріп, нарық сұранысын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар қолөнер шеберханасында көрпе-төсек, қыз жасауына қажетті бұйымдар тігіліп, ал наубайханада нан және кондитерлік өнімдер дайындалып, қала дүкендеріне жөнелтілуде. Бүгінде бұл кәсіпорындарда 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жетістігі 2023 жылы жоғары бағаланып, Бесарық облыс бойынша «Үздік ауыл» атағын иеленді. Бұл жетістік – жүйелі жоспарлау мен инвестицияның нақты нәтижесі. Екі мыңнан астам халқы бар елді мекенде жұмыссыздық деңгейі өте төмен. Тұрғындардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, облыс орталығы мен қала нарығын ет өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Бесарық ауылдық округі әкімдігі аппаратының мәліметінше, 2025 жылға арналған бюджет көлемі 278 млн 397 мың теңгені құрады. Оның ішінде Мәдениет үйіне 50 млн 587 мың теңге бөлініп, жоспарланған жұмыстар толық орындалған. Сонымен қатар 2025 жылы салық түсімдері бойынша 16 млн 135 мың теңге бюджетке түскен. Атап айтқанда, жер, мүлік және көлік салығынан жиналған қаржы 100 пайызға орындалған.

Ауылдың санитарлық тазалығы мен көркейту-көгалдандыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Ішкі аяқ су каналдары тазартылып, 400-ге жуық көшет отырғызылған. Аудандық бюджет есебінен 10 млн теңге бөлініп, балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ ауылға кіреберіс автожол бойына жарық бағаналары орнатылып, бұл мақсатқа 39 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Мәдениет саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Бесарық ауылдық мәдениет үйінде» 13 қызметкер еңбек етеді. Мұнда ән, би, қолөнер, домбыра, хор, жайдарман, көркем сөз бағыттары бойынша 10 үйірме жұмыс істейді. 17 жылдық тарихы бар «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі ауыл мәдениетінің айнасына айналған.

Білім және денсаулық сақтау салалары да назардан тыс қалған емес. Мектепте 85 мұғалім қызмет етеді, олардың 98 пайызы – жоғары білімді мамандар. Ал дәрігерлік амбулатория 1570 тұрғынға қызмет көрсетіп, күндізгі стационар, егу және ем-шара кабинеттерімен толық қамтылған. Бір жедел жәрдем көлігі бар.

Кәсіпкерлікті қолдау бағытында 2024 жылы «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы бірнеше жоба мақұлданып, ондаған миллион теңге несие берілген. Мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы техникасын алуға бағытталған жобалар табысты іске асуда.

Сонымен қатар «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен ауылдағы әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Аяқ су жүйесі толық жаңартылып, каналдар тазаланып, жаяу жүргіншілер жолдары салынған. Бұл жұмыстарға ондаған миллион теңге жеке қаражат жұмсалған.
Қорыта айтқанда, Бесарық ауылы – мемлекет, кәсіпкер және халықтың бірлескен еңбегінің нақты нәтижесін көрсетіп отырған үлгілі елді мекен. Мұндағы жүйелі даму алдағы уақытта да өз жалғасын табары сөзсіз.
22 желтоқсан 2025 ж. 35 0