Тәтті идея – тұрақты табыс
Шағын және орта бизнес – қоғамныңтұрақты дамуының негізі. Мемлекетбасшысы Қасым-Жомарт ТоқаевтыңҚазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы жылдағы стратегиялық даму бағытын айқындап, кәсіпкерлікке ерекше назар аударды. Жолдауда айтылған бастамалар еліміздегі бизнес ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің есігін айқара ашатыны сөзсіз. Бүгінде аудан орталығында кәсібін кеңейту мақсатында шағын кондитерлік өнімдер сататын цех ашылған. Ұнататын ісін кәсіпке айналдырып, тәттілері халыққа қуаныш сыйлап жүрген кәсіп иесі – Гүлбану Сәтбайқызы.Осыдан 6 жыл бұрын басталған қызығушылық бүгінде шағын цехке айналып отыр. «Гүлбану тәттілері» деп аталатын кондитерлік дүкен ауданның орталығында орналасқан. Ашылғанына бір айдың көлемі енді ғана болғанымен, тұрақты тұтынушы қалыптастырып үлгерген кәсіпкер ісін сүйіп істейді. 2019 жылы торт істеуді сіңлісінен үйренген Гүлбану көп ұзамай 2020 жылы мемлекеттің қолдауына ие болып, 555 мың теңге шамасында қайтарымсыз грант ұтып алған. Мемлекеттік қолдау тарапынан алған қаржыға торт істейтін миксер, «TEFAL» компаниясының аппаратын алған. Бұл туралы кәсіп иесі өзі айтып өтті.
– Негізгі жоғары оқу орнында оқыған мамандығым – кедендік рәсімдеу және кедендік бақылау. Бұл сала бойынша мүлде жұмыс жасамадым десем де болады. Себебі қызығушылығым осы – тәтті жасау болатын. Алғашында 6 жыл бұрын сіңлімнен үйреніп, әрі қарай ізденіп, алып кеттім. Сол жылдары тіпті сатуға да көштім. Келесі жылы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, ұтып алынған қаржыға үлкен көлемді торттарды жасауға арналған құрал-жабдықтар алдым. Жалпы торт дайындауда кондитерге ең қажетті құрал ол – миксер. Оның сапалы әрі толықтай жабдықтарымен болуы маңызды. Осы қажетті құралымды және керекті аппаратымды алдым. Бастаушы кондитер үшін бұл құралдар өте қажет. Жыл сайын әзірлеген тортым сәтті шығып, тапсырыстар арта түсті. Мерекелік уақытта үй жағдайында 70 дана тортқа дейін шығаратынмын. Қазіргі таңда орталықтан ашылғаннан кейін қорқыныш болды. Жалға алу қаржысы бар, торттың керекті заттары бар дегендей. Бірақ шүкір, бір ай өтпесе де күн сайын сатып алушылар саны артуда. Тіпті түні бойы торт пісірген кездерім де болды. Енді алдағы уақытта барынша тынбай еңбек етіп, осы кондитерлік дүкенімді шағын дәмханаға айналдыру ойда бар, – дейді Гүлбану Сейпулова.
Жолдасы Талғат Сейітовтің қолдауымен кәсібін дөңгелетіп отырған Гүлбану шаңырағында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Мейірімді ана, еңбекқор жан болып үлгі болып жүрген кәсіпкер осы бастаған кондитерлік дүкеніне 2 млн қаржы жұмсаған. Тіл үйіретін торттары халыққа қолжетімді баға 5500 теңгеден басталады. Сондай-ақ тек қана тәттілер ғана емес, түрлі дәмдегі бәліштерді де таба аласыз. Тіпті самсаның бірнеше түрін шығаратын кәсіпкер барлығын өзі дайындайды. Күнделікті шыққан балғын торттар мен тәттілер арнайы тоңазытқышта сақталады. Күніне 7-10 торт әзірлеп жүрген кондитер алдағы уақытта қасына көмекші қыз-келіншектерді жұмысқа алу ойында бар. Өйткені мереке күндері торт пен тәтті санын арттырып, халыққа қолжетімді бағада ұсынбақшы.
Сонымен қатар жасаған әр дәмі тұрғындардың көңілінен шыққаннан кейін, кәсібін үлкейту жағын қарастыруда. Яғни алдағы уақытта дүкеннің бос жерін орындық пен үстелге толтырып, тұтынушылар шай ішіп, демалатын орынға айналдыру мақсаты екенін жеткізді. Бұл үшін мемлекеттік бағдарлама «Ауыл аманатының» көмегіне жүгінгісі келеді. Бастаушы кәсіпкерлер үшін тиімді ұсыныстар қатары көп. Оны дұрыс пайдаланып, бизнес жоспар ұтымды болуы маңызды. Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауын әлі де сезініп, кәсібін жандандырғысы келетін Гүлбану Сәтбайқызы аудан тұрғындарын жақсы жаңалығымен қуантары анық.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ









