Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейген Жалағаш

– 2024 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына құжат өткізіп, биыл қаңтар айында 4 млн 250 мың теңге қаражат алып «Ақерке тәттілері» атты жеке кондитерлік кәсібімізді бастадық. Мемлекеттен алған қаржыға торт пісіретін түрлі пештерімізді, керек құрал-жабдықтарымызды алдық. Қазіргі таңда келініміз екеуміз тапсырысқа кез келген нан өнімдері мен торт түрлерін пісіреміз. Болашақта кәсібімізді кеңейтіп, аудан көлемін өзіміздің тәтті өнімдерімізбен қамтысақ деген ниетіміз бар,- деді «Разия» жеке кәсіпорнының басшысы Разия Ағатаев.
Ал, Бұхарбай батыр ауылындағы «Арман ком» ЖШС басшысы Еділ Жұмабек 2019 жылдан бері пескоблок өндірісімен айналысып келеді. Ол қазіргі таңда 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, күніне 800 дана өнім шығарып отыр.
– Осы кәсіппен айналысып жатқанымызға бес жылдың көлемі болды. 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қайтарымсыз қаражат алған едік. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша осы кәсіпті дамыту мақсатында 4 млн 440 мың теңге несие алдық. Осыған дейін өндірістен шыққан өнімдерімізді өз ауылымыздан бөлек, көрші аудандарға да жеткіземіз. Қазіргі таңда өнімнің нарықтағы бағасы 300 теңгені құрайды. Өндіріске керек шикізаттың барлығы өзіміздің өңірден шығады,- деді Еділ Жұмабек.
Ауданға қарасты Мақпалкөл ауылдық округі ауыл шаруашылығы бағытында тың жобаларды жүзеге асыруымен танымал. Ауыл тұрғындары жергілікті жердің мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, егін, бау-бақша, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын да қатар дамытып отыр. Мәселен, «Құрманбай ата» шаруа қожалығына қарасты алма бағы 2018 жылы құрылған. Өткен жылы бақтан 80 тоннаға жуық өнім жиналған.
– Жалпы жоба құны 35 млн теңгені құрайды. 6 гектар аумақты алып жатқан бақтың қазіргі таңда 5 гектарына алма ағаштарын отырғыздық. Шаруа қожалығында алма сорттарынан «Голден делишес» – 5 000 түп, «Джонаттан» – 5 000 түп, «Ренет симмернко» – 2 650 түп егілген. Жыл өткен сайын табиғи, таза отандық өнімге сұраныс артып келе жатыр. Биылдан бастап бақ аумағын таза ұстау және зиянкестерден биологиялық жолмен қорғану мақсатында 300 дана қаз құсын өсіру ісін қолға алдық,- деді бағбан Нұрбол Сейсенбаев.
Ауыл аумағында орналасқан тағы бір шаруашылық – «Ер Әлі» шаруа қожалығы. Шаруашылық күріш өсіру саласында өңір бойынша үздік көрсеткішке ие.
– «Ер Әлі» шаруашылығына қарасты егілетін күріш көлемі – 1 700 га құрайды. Шаруашылықта каурис, маршалл, премиум, айсұлу бикунт деген күріш сорттары егіледі. Былтырғы орташа өнім 92 центнер болды. Күріш алқаптарында су үнемдеу мен есеп жүргізуге арналған заманауи «Рубикон» су өлшеу құрылғысы қолданылады. Сонымен қатар, шаруашылыққа қарасты 546 гектар жерге жоңышқа егілсе, тамшылатып суару әдісі арқылы жалпы көлемі 12 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілген,- деді «Ер Әлі» шаруа қожалығының бригадирі Нұрлан Әбжаппаров.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі