Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 8 газет

31 қаңтар 2026 ж.

№ 7 газет

27 қаңтар 2026 ж.

№6 газет

24 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Ғылыми Оскардың иесі – сырдариялық ғалым

Ғылыми Оскардың иесі – сырдариялық ғалым

Сырдария ауданының тумасы Мұхит Құлмағанбетов – офтальмолог-ғалым. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медалін иеленген талантты дәрігерді әлем мойындады. Жақында Гонконгта өткен әлемге әйгілі «Hong Kong ICT Awards» халықаралық байқауында өзінің «Entoptica» атты стартап жобасы мен «SLOPE» жүйесін қорғап, «Hardware and Device» санаты бойынша бас жүлде мен алтын жүлдеге ие болып, ғылыми Оскарды жеңіп алды. Бұл – қазақстандық медициналық технологияның жаһандық деңгейде мойындалуы.

Сыр елінің мақтанышы Мұхит Құлмағанбетовтың жетістігіне тоқталып өтсек. Көз дәрігері Ұлыбританияда жасанды интеллект негізінде көз ауруларының диагностикасы бойынша докторан­тураны тәмамдаған. Қазіргі таңда Гонконгтағы кванттық оптика зертханасының жетекшісі. Өзінің ерекше қабілеті мен білімімен шетелді таңғалдырған. Докторантураны бітіргеннен кейін Ұлыбритания, Канада, Жапония, Сингапур, АҚШ, Гонконг елдерінен шақырту алған. Бүгінде Канада мен Гонконг елдерінде ғылыми қызметін жалғастыруда. Маусым айында Мемлекет басшысының қолынан медаль иеленген ғалым сол тұста Ақ Ордаға берген сұхбатында медицинаның әлемдік дамуы жайлы айтып өтті.


– Ғылыми әлемде шекара жоқ, канадалық ғалымның ойлап тапқан инсулинін қазақстандық қант диабеті бар науқастар да қабылдайды. Сол сияқты, біздің де көздеген нысанымыз әлемдегі барлық макулярлы дегенерациясы, глаукомасы бар науқастарға көмек көрсету. Оның үстіне «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай жобаларды бірнеше ел бірге қаржыландырып, қолдау көрсетеді. Жоғарыда аталған топ­тың ішіне жеті елден келген жеті ғалым кіреді. Атап айтсақ, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Сербия және Қа­зақ­с­тан елдері. Тағы бір айтарым, әрбір қазақ өз еліне оралып, үйренген тәсілдерін отандастарының пайдасына қолдануға асығады. Сондықтан да қазір кетіп жатқан білікті дәрігерлер бір күні оралып, Қазақстанды көркейтуге атсалысады деп ойлаймын және сенемін, – деді ғалым.


Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицей түлегі Мұхит Құлмағанбетов – Қалжан ахун ауылының тумасы. Әлемді мойындатқан жобасы мен құрылғысы көз ауруын ертерек диагностикалауда таптырмас жүйе. Жалпы «Hong Kong ICT Awards» премиясы 2006 жылы Гонконг үкіметінің қолдауымен құрылған. Бұл сыйлық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ең беделді премиялардың бірі, сондай-ақ технологиялық әрі медициналық жобалардың халықаралық деңгейде мойындалуының символы болып табылады.


Оның жасап шығарған «SLOPE» құрылғысы байқаудың алтын жүлдесін иеленді. Қазылар алқасы бұл технологиялық жобаның медицина саласы үшін маңызы зор екендігін айтып, жоғары бағалаған. Жаңа жүйе – көздің торқабындағы жасқа байланыс­ты пайда болатын ауруларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді. Яғни диагностика кезінде ешқандай ота жасалмайды, дәрі-дәрмектер қолданылмайды. Ауруды анықтау тек жарық пен толқын технологиялары арқылы жүзеге асады екен. Мұхит Құлмағанбетов жеңісі туралы «egemen.kz» сайтына берген сұхбатында стартап жобасы туралы тоқталып өтеді.

«Біз жасаған «SLOPE» құрылғысы көздің жасқа байланысты макулодистрофиясын (AMD) ерте анықтауға мүмкіндік береді. Қазылар алқасы технологиямыздың инновациясын және қоғамға тигізетін оң әсерін ерекше атап өтті. Жобамыз халықаралық деңгейде жеңіске жеткен кезде бойым­ды мақтаныш сезімі биледі. Болашақта осындай озық технологияларды Қазақстанға әкеліп, еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтергім келеді. Отандастарыма қолжетімді, заманауи және тиімді медициналық шешімдер ұсыну – басты мақсатым» дейді жеңімпаз.

Бұл жеңіс жалғыз Мұхит Құлмағанбетовтің жеңісі емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Қазақ елінен шық­қан ғалымды әлем мойындап, кванттық технология бойынша медицина саласы, оның ішінде көз ауруларын емдеу бойынша әкелген жаңалықтары мен құрылғысы – Қазақстанның медициналық дамуының айқын көрінісі. Шетелді мойындатқан жерлесіміз Мұхит Құлмағанбетов көпке үлгі болары анық. Ол – тек Сырдария ауданының ғана емес, елдің абыройын асқақтатқан қазақ дәрігері.


Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

16 желтоқсан 2025 ж. 279 0