Егемендіктің қорғаны – айбынды әскер
Бүгінде әлем елдерінде саяси ахуал өршіп, қақтығыс салдарынан халықтың көпшілігі зардап шегуде. Бейбіт өмірдің байыбына барған жұртшылық тыныштық пен тұрақтылықты аңсауда. Мұндайда ел билігі өзге мемлекеттермен байланысты үзбей, айқын саяси көзқарас танытып келеді. Әрбір елдің қорғанысы мықты болған жағдайда шекарасы шегенделіп, тәуелсіздіктің ғұмыры ұзақ болатыны белгілі. Осы күні егемен елдің ұландары өз Отанын қорғауда табандылық танытып, әскер қатарына алынуда.Биыл еліміз бойынша әскерге күзгі шақырылымда қазақстандық сарбаздың қатарын 22 000 азамат толықтырады деген жоспар бар. Айбынды жастар қашанда әскери міндетін абыроймен атқарып, ел тыныштығын күзетпек. Күзгі шақырылым мерзімі 1 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығын қамтиды. Сырдария ауданында осы уақытқа дейін 145 адамнан 47 азамат әскер қатарына алынды. Ал 18 адам өз міндетін орындаудан жалтарып жүр. Алдағы уақытта жоспар негізінде 60 сырдариялық әскерге аттануы тиіс. Жүйелі түсіндірме жұмысын аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің мамандары жүргізуде.
– Елімізде 18-27 жас аралығындағы азаматтар әскер қатарына шақырылады. Қорғаныс саласында қызмет ететін жандар келісімшарт арқылы әскер санын толықтыруда. Қазіргі уақытта темірдей тәртіп пен қатаң талаптың арқасында кез келген сарбаз ел қорғаны атануда. «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет ет» деген Бауыржан Момышұлының сөзі жастарға жігер сыйлайды деп білемін. Әскери борышты өтеу барысында мықтылық пен табандылыққа сүйенетін аудан жастары өз қалауымен әскери қызметті таңдап жатады. Бүгінде 5 студент әскери оқу орындарында білім алуда. Болашақта республика аумағында қорғаныс саласын ілгерілетуге күш салатыны жасырын емес. Бөлім басшысы Жомарт Пірназаровтың тапсырмасы негізінде әскер жасындағы баласы бар ата-аналармен жұмыс жасаудамыз. Осы күні әскерден қашқан жандарға талап күшейтілуде, – деді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің Әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс тобының инспекторы Жәнібек Есепбаев.
Заң қай кезде де ел азаматтарына ортақ. Әскерден қашып, бой тасалаған көпшілік үшін әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылған. Егер әскерге шақыру қағазына себепсіз уақытында келмесе, яғни шақыртуда көрсетілген мерзімде тіркелмесе немесе комиссияға бармаса, оған әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай жағдайда айыппұл салынады. Көбіне құжатты жалған жасау, денсаулығына әскерге бармау үшін зиян келтіру, «ауру» деген жалған анықтама алу – қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Сондықтан кез келген ата-ана жауапкершілікке немқұрайлы қарамағаны дұрыс.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөз











