Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ
Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы аудан көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында маңызды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.Соның бірі ауданда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын және босатылған, сонымен қатар пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру жобасы. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры жобаның жеңімпазы болып танылды. Тапсырыс беруші ұсынылған техникалық ерекшеліктерге және талаптарға сәйкес жоспарлы іс-шараларды қор жанынан құрылған белсенді үйлестіруші топ ұйымдастырды. Егер адам қателікке ұрынса, одан сабақ алып, қайталамауға тырысу керек екенін ұғынғаны жөн. Осы әлеуметтік шаралар арқылы басына іс түскен адам бостандықтың қадірін біліп, өмірге көзқарасы өзгеретіні белгілі. Сол сәтте жаза басқан әрбір адамның өмірі жаңа арнаға түсіп, тура жолын табатыны мәлім. Олар өткеннің өкінішін ұмытып, жарқын болашақтың ақ парағын ашатыны айқын.Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқықбұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзетуге бағытталған қызмет түрі мен бақылау, әлеуметтік-құқықтық сипаттағы іс-шаралардың Заңмен белгіленген жүйесі.
Мәселен, қор тарапынан «Әз-Наурыз», «ҚР Конституция күні», «16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесінде аудандық Руханият орталығында танымдық іс-шаралар өткізіліп, есепте тұрған 65 азаматтың отбасына азық-түлік түрінде бір реттік қайырымдылық көмек жасалды. «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры «Мектепке жол» акциясына атсалысып, есепте тұрған 15 азаматтың балаларына өз өтініштеріне сәйкес оқу құралдарын алып берді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын және босатылған, сонымен қатар пробация қызметінің есебіндегі тұрған азаматтарға жыл көлемінде 3 мәрте психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетілді. Жоспарлы түрде жеке қоғамдық қабылдаумен қатар, «Кәсіп, кәсіп түбі – нәсіп» атты тақырыпта семинар-тренинг өткізілді. Аталған іс-шараға тәжірибелі заңгер Қалдыгүл Назарова, психолог Тимур Садақбаев, адвокат Ғабит Сақтағанов шақырылды. Сондай-ақ тапсырыс берушінің келісімі бойынша 3 мәрте спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Спорттық іс-шараға белсене қатысқан жандар арнайы диплом мен бағалы сыйлыққа ие болды. Айта кетейік, пробация есебінде тұратын азаматтарға арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар да жүзеге асты. Аудандық тарихи өлкетану музейінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қалжан ахун медресесінде болып, оның тарихымен танысты. Аудандық музей қорындағы аса құнды және қайталанбас этнографиялық жәдігерлерді көріп, «Тағзым алаңына» саяхат жасады.
Жоба аясында ұсынылған қолдау шаралары – қатысушылардың болашаққа сеніммен қарауына, қоғамда өз орнын табуына және дұрыс бағытта дамуына жол ашатын маңызды әрі игілікті бастама болып табылады.
Марат ОМАРОВ,
«Сырдария-Нұрдария»
қоғамдық қорының төрағасы
Фото: Ашық дереккөзден










