Жаңа ойын алаңы балаларға қуаныш сыйлады
Ауданмен іргелес жатқан ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары қашаннан ел игілігіне берілген жаңа бастаманы алдымен көреді. Бұл сөзімізге дәлел – осыдан біршама жыл бұрын аудандағы жүз пайыз таза ауызсу тұтынатын ауыл атанып, әрбір үйге ауызсу жүйесі қосылған-ды. Содан соң кент орталығынан кейін табиғи газға алдыңғылардың қатары болып қосылған ауыл атанды. Сөйтіп, ауыл халқы тас көмір жағатын уақытты артқа қалдырды. Жыл сайын мұндай жетістік арқылы ел-халықтың жағдайы жақсарып, өмір сүру сапасы артуда.Енді міне, жақында ауыл орталығынан жаңадан салынған балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл ауылдағы жалғыз ойын алаңы емес. Жыл басында Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуы қарсаңында ауылдағы Абай көшесінде жаңа алаң салынып, көптен күткен жақсы жаңалық болған еді. Енді міне, тағы бір нысан ауыл көркіне ажар беріп, оның қуанышын барша ауыл халқы болып атап өтті.
Ауылдық округтегі жаңа балалар алаңының ашылуына ауыл әкімі Нұрлан Құрманәлиев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабдолла Алданазаров, ардақты ардагерлер мен балалар қатысты. Ауыл үлкендері жаңа алаңның лента қию рәсімін өткізіп, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтады.
– Заманауи үлгіде сапалы құрылыс заттарынан салынған ойын алаңы – ауыл балалары үшін қуанышты жаңалық. Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан оларға бүгінгі күні дұрыс тәрбие беріліп, шынығып, шымыр болуына жағдай жасауымыз керек. Ойын алаңына орналастырылған жабдықтардың бәрі жоғары сапалы және қауіпсіздік те ескерілген. Енді жас жеткіншектер кез келген жерде ойнамайды, олар осы жерге келіп, ойнайтын болады. Балаларға қуаныш сыйлаған мердігерге айтар алғысымыз мол, – дейді ауыл әкімі Нұрлан Құрманәлиев.
Жаңадан салынған ойын алаңы балалардың қауіпсіздігі мен белсенді демалысын қамтамасыз ету мақсатында заманауи талаптарға сай жабдықталған. Алаңда әртүрлі жас санатындағы балаларға арналған сырғанақ, әткеншек, өрмелеу кешені және дене шынықтыруға арналған шағын спорт құрылғылары орнатылған. Жабдықтар жарқын түстермен боялып, жасанды төсеніш жасалған. Бұл балалардың алаңсыз қауіпсіз ойнауына мүмкіндік береді.
– Қасиетті топырақта туып-өскен кішкентай балаларымыздың шатыққа толы күлкісі мен ойынға толы күндері үшін жасалған алаң. Бұл ауылдың келешегі үшін тағы бір жарқын қадам. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан қандай бақыт бар?! Ауылымыздан тағы бір ойын алаңы ашылып, балалардың қуанышында шек жоқ. Әткеншек, сырғанақ, барлығы керемет. Еліміздің көк Туын желбіреткен небір батырларымыз осындай кішкентай ауылдардан шыққаны мәлім. Қазір балалар көбіне телефонға әуес деп жатамыз. Сондықтан ата-ана балаларын бір сәт сыртқа шығарып, осында әкелсе. Өйткені далада ойын ойнаған бала шымыр болып өседі. Осында немерелерімізді бір мезгіл әкеліп ойнатамыз, – дейді ризашылығын білдірген еңбек ардагері Зылиха Сыздықова.
Ауыл тұрғындары жаңа ойын алаңының ашылуын ерекше қуанышпен қабылдады. Бұл нысан балалардың уақытын тиімді өткізіп, олардың дене дамуына, достық қарым-қатынасты нығайтуына және бойындағы шығармашылық қабілетін дамытуына жағдай жасайды.
Бибісара ЖАНӘЛІ










