Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құралай Әбілхайырова, банк саласының ардагері: теңгені тұңғыш қолыма алғандағы сәт есімнен кетпейді

Құралай Әбілхайырова, банк саласының ардагері: теңгені тұңғыш қолыма алғандағы сәт есімнен кетпейді

Құралай Әбілхайырқызы – ауданда банк саласында ұзақ жыл қызмет еткен ардагер. Байырғы қаржыгер ұлттық валюта – төл теңгеміз айналымға енген уақытта аудандағы банктің басшысы болып, сол жылдардағы қарбаластың қалай өткенін жақсы біледі. Сондай-ақ сол кездегі банк басшысы ретінде ауданда алғаш жаңа валютаны қолына ұстағандардың бірі. Оқырмандар назарына арнайы сұхбатты ұсынамыз.

– Құралай Әбілхайырқызы, ұлттық валюта күнімен қатар еліміздің қаржы жүйесі қызметкерлері 15 қараша күнін кәсіби мереке ретінде атап өтеді. Төл мерекеңіз құтты болсын. Банк саласындағы еңбек жолыңыз қалай бас­талды?

– Көп рақмет, төл теңгеміздің айналымға енуі бүкіл қазақстандық үшін ортақ мереке деп ойлаймын. Тәуелсіздігіміздің нышаны ретінде, егемендігіміздің символы болып 1993 жылы алғаш ұлттық валютамызды қолымызға ұстағанымызда ерекше сезімге бөлендік. Туған жерім – Шіркейлі ауылы. 1952 жылы әкем Әбілхайыр Құлымбетов пен анам Үмбігүлсім Құлымбетованың отбасында дүниеге келдім. Әкем мұғалім, мектеп директоры болған кісі. Ауылдағы мектепті бітірген соң Семей қаржы экономикалық техникумын 1972 жылы қаржыгер финансист мамандығы бойынша аяқтадым. Алғашқы еңбек жолым инспекторлықтан бас­талды. Содан соң аға инспектор, бөлім басшысы қызметін атқардым. Сол кездегі басшымыз Әсербай Айкупешев, бас есепші Кенжегүл Абдукаримова, білікті қаржыгер Мақсұт Нұртазаев, Сәкен Шаудиров аудандағы қаржы саласындағы нағыз жанашыр, білімді азаматтар болды десем, артық айтқандық болмас. 1985 жылы аудандық Партия комитетінің жолдауымен аудандық №4860 жинақ кассасының басшылығына тағайындалдым. Әрине жаңа жұмыстың өз қиындығы мен ерекшеліктері болды. Бас есепші болған Ізтай Әбілдаев, Гүлайым Рысмаханова жинақ кассасының жұмысын алып кетуде сіңірген еңбегі зор. Өздеріңіз білесіздер, жинақ кассасы – жинақ банкісі, Халық банкісі болып қайта құрылу жолдарынан өтті. Халықтың қолындағы алтын заемдар сатылып алынып, ақшалары банкке салынды, нақты ақша жетімсіз бола бастады. Бұл күндер еліміз алғашқы тәуелсіздік алған жылдары өткен қиын кезең еді.

– Биыл ұлттық валютамызға 32 жыл болды. Теңге тарихында 1992 жылы ұлттық валютаны дамыту үшін мамандар тобы құрылғаны айтылады. Жалпы теңгенің тарихына маман ретінде қысқаша тоқталсаңыз...

– Иә, алғашқы жұмыс ұлт мәдениеті дамуының тарихи негіздерін зерттеуден басталғанын білеміз. Ақша бірлігін «танга», «доңға», «тенга» атауы нұсқалары ұсынылған. Негізінен тарихи түркі атауы «теңге» деп атау идеясы белгілі қазақстандық экономист Сауық Тәкежановқа тиесілі. Сол кездегі Мемлекет басшысының 1993 жылы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қоюымен 15 қарашада теңге айналымға енді. Теңге шетелден тасымалданды. Өз елімізде араға екі жыл салынып, 1995 жылы 19 мамырда Ұлттық банктің банкнот фабрикасы ашылғаннан бас­тап шықты. Әр жылдары теңгенің дизайны жаңартылып отырды.

– Біздің ауданда 1993 жылдың 15 қараша күні банк қызметкері ретінде есіңізде қалай қалды? Сол жылдары халық ең көп шоғырланатын жер банктің айналасы еді, ескі ғимараттың іші толған адам болатын. Жұмыстың қиындығын қалай жеңдіңіздер? Қанша қызметкер жұмыс істеді, барлығы қол­мен атқарылатын еді...

– Ол күн шын мәнінде тарихи күн болды. Әсіресе, банк қызметкерлерінің есінде ерекше ұмытылмайтындай болып қалды деп ойлаймын. Есімде, таңғы төртте үй телефоны шырылдады. Тұтқаны көтергенімде: «Жылдам аудандық атқару комитетіне келуіңіз керек» деген хабарды естідім. Көңілім алай-дүлей, шошып кеттім. «Жайшылық па екен, соғыс емес па» деп те ойлап үлгердім. Жолдасым Рахымберді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы еді. Ол: «Соғыс болса, мені шақырады, одан да тез бар» деп әзілдеп, күлді.

Тездетіп жиналып, Атқару комитетіне барсам, бүкіл аппарат қызметкерлері, Агробанк басшысы Мәрия Салықова, Қазынашылықтың басшысы Жарылқасын Дайрабаев және де басқа танымайтын біраз кісілер бар екен. Жиналыста ақшаның құнсызданып, тәуелсіз Қазақстанның төл теңгесі енгені жайлы хабарланды, жұмыс жасау тәртібі түсіндірілді.

Банктің бас есепшісі Асима Масилова, аға кассир Сәрсенкүл Жапбасбаева, аға контролер Сәнімкүл Сүйеубаева тағы да басқа банк қызметкерлерінің ерен еңбегінің арқасында халықтың бет есептеріндегі ақшалары қайта есептеліп, әркімнің жеке бет есебіне қолмен жазылып шықты. Ол кезде компьютер жоқ, жұмыстың бәрі қолмен атқарылады. Халықтың қолындағы нақты ақшалары қолма қол ауыс­тырылды. Ақша Қазынашылыққа жеткізілді. Біз сол жақтан аламыз және ақша банк пен екі ортада жаяу тасымалданатын еді.


Сол ауыртпашылық біздің қызметкерлерді де айналып өтпеді. Шаруашылықтар ақша тауып бере алмаған соң, халықтың алашақ жалақысын ерікті-еріксіз Халық банкісіне аударып жіберіп отырды. Кейбір мекемелердің жалақысы Халық банк арқылы төлене бастады. Нақты ақша жетімсіз, кезек көп. Ол кезде халықтың малын, бақша өнімдерін дайындау мекемесіне Заготконтораға өткізеді, олардың ақшалары да бізге аударылып беріледі. Біраз кісілердің жылдап жинаған ақшалары бір-ақ күнде құнсызданып шыға келді. Обал болды, бірақ сол кездегі саясат, 500 рубль бір теңге болып ауысты. Долларды теңгеге шаққандағы бағамы 4 теңге болды. Банк саласында бірге қызмет еткен Ләззат Жансейтова, Шолпан Исмайлова, Гүлбану Майлыхожаева, Орынкүл Жаппарбергенова, Шолпан Есқалиева, Алтын Наурызбаева, Роза Досжанова, Гүлмира Қарсақбаева, Гүлсім Әбенованың еңбегі ерен.

Сол кезде инвесткупон деген шықты. Еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін бір-бірлеп инвесткупон толтырылды. Одан тұрғын үй купоны шықты, оны да әрбір халыққа жеке-жеке қолмен толтырылды, құжаттар түпнұсқамен толтырылды. Құжатты жинап алу, онымен купондарды толтыру жұмысы өз қиындығымен жүріп жатты.


Сол жылдары компьютер техникасы бірінші болып Халық банкісіне келді. Оның тілін білетін маман жеткіліксіз еді. Компьютерді алғашқы меңгерген мамандар Кенішкүл Нарымбетова, Ақбота Раймованың еңбегін де атап өтер едім. Себебі компьютер тілін білетін, керісінше, банктың жұмысын білмейді. Мамандар компьютерді меңгеруді жұмыс жасаумен қатар атқарды. Әр кезеңнің қиындығы болады. Біздің қиындығымыз жарықтың әлсін-әлсін өшіп қалуы еді. Қосымша мотор қосып, жұмыс жасау үйреншікті болды.

Банк жұмысы күн-түн демей, халықтың ашу-ренішіне төтеп беріп қызмет жасаған әрбір банк қызметкерінің жұмысын ерлік деп санаймын.
– Халықтың теңгені қолына алғандағы көңіл-күйі қандай еді, қандай пікірлер есіңізде қалды?

– Өте қарбалас сәт еді. Халықтың эмоциясын жеткізу қиын. Көргеніміз қуаныш та, реніш те болды. Дегенмен теңгені алғаш көріп қуанғандар оның құнсызданбауын тілеп жатты. Дербес ел болғанымыздың белгісі деп алақандарына алып, көзіне жас алғандар да болды. Әрине, алғашқы сәттегі қобалжу мақтаныш сезімге ұласты. Еліміздің болашағы жарқын болатынына күмәнданбадық. Өз валютамыз, өз теңгеміз жаңашылдыққа ұмтылдырды. Жақсы жаңалыққа қуанбаған адам болмады. Ұлттық валютаға бейнеленген қазақтың ұлы тұлғаларын көріп, теңгені дүниеге әкелген дизайнер, суретшілердің есімдерін жұрт ақпарат құралдарынан біле бастады.


– Халықтың тілегі орындалып, банк жаңа ғимаратқа көшкенде жұмыс ырғағы өзгерді ме?


– Халық банк жаңа ғимаратқа көшкенде Зейнетақы төлеу орталығында қызметте едім. Әрине, іші кең, самаладай жарқыраған жаңа ғимараттың ашылуына куә болдық. Ол кезде де халықтың қуанғаны, заманауи банктен ақша алатындарына қуанып, риза болды. Бұрынғыдай кезекке тұрмай, талонмен кассадан ақша алатын жағдайға жетті. Одан бөлек карточка арқылы банкоматтан ақша алуға мүмкіндік берілді. Бұл банк саласының жеткен үлкен жетістігі еді.


– Қызмет жолыңызда елімізде алғашқы рет жұмысын бастаған Зейнетақы төлеу орталығына басшылық еттіңіз. Орталық жұ­мысы қалай ұйымдастырылды?

– Иә, 1998 жылы жаңадан құрылған Зейнетақы төлеу орталығына басшылық қызметке ауыстым.

Орталықта жеке әлеуметтік код дегенді жасадық. Ол да жұмыс жасаушылардың еңбекақысынан 10 пайыз ұсталып, зейнетақы қорына жинақталды. Мекеме есепшілерінің қателігінен адамдардың аты-жөні қате толтырылып, біраз адамдардың табысы адасып кетті. Мұнда да компьютер маманы жетіспеді. Свет жоқ, вокзалға, почтаға барып түнімен жұмыс жасадық. Халықты уақытылы зейнетақымен қамтамасыз ету, жәрдемақы тағайындау бір жолға қойылғанша сала жұмысы үздіксіз жүргізілді, оны да абыроймен атқардық деген сенімдемін.
– Соңғы сұрақ, банктің ба­йырғы қызметкері ретінде ақшаға байланысты қандай да бір ырым ұстанасыз ба?
– Ақшаға байланысты ырымдар бар ғой. Банк қызметкерінің барлығында дерлік өз ырымы бар. Енді оның қайсысын ұстанатынымды айтпай-ақ қояйын. Дегенмен ақшаны бір түн үйге түнелту, қарызды түске дейін беру секілді ырымдар бар екені рас.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Бибісара ЖАНӘЛІ

15 қараша 2025 ж. 179 0