Қаржы жүйесі – ел экономикасының тірегі
Бүгін – еліміздегі қаржы тарихындағы ерекше күн. Бұл күні Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңге айналымға енгізілді. Ал 1997 жылдан бастап ұлттық валюта күні қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Содан бері төл теңгенің туған күнімен қатар қаржыгерлер мерекесі жыл сайын атап өтіліп келеді. Кәсіби мерекеге орай аудан әкімі Берік Сәрменбаев қаржы саласының мамандарына сый-құрмет көрсетті. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтті. Аудан басшысы сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды ұлттық валюта және қаржы саласы қызметкерлері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Төл теңгеміздің тарихы Қазақстан Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алып, 15 қарашадан бастап ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде қолданысқа енгізілді. Бұл күн – Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің біріне, ал, ұлттық валюта – ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттігіміздің басты белгісіне айналды. Егемендік жылдары теңгені қолданысқа енгізу – нағыз батыл әрі тарихи шешім болды. Сол сәттен бері теңгеміз нығайып, ұлттық экономиканың сенімді тірегіне айналды. Төл теңгеміз Тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Қаржы жүйесі – елдің экономикасын басқарудың күретамыры, ал сала мамандары – бюджетті жоспарлаушы, мемлекеттік саясаттың орындалуына тікелей ықпал етуші тұлғалар. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз, есеп пен тәртіпке деген адал көзқарастарыңыз ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік қабылдауда ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері мен аудан экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген білікті мамандар марапатталды. Қабылдау барысында сала ардагерлері аудан басшысына алғыс білдіріп, әріптестерін құттықтады.«Қос тойың қабат болсын» дегендей, атаулы мерекеде аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Зағира Рахымшаеваны құрметті зейнет демалысына шығарып салды. Зағира Байқоңырқызы аудан дамуына өлшеусіз үлес қосты. Облыстық қазынашылық басқармасында экономист, қазынашы, бөлім басшысы қызметтерін атқарып, 2015 жылдан бері аудандық қазынашылық басқармасын басқарып келді. Он жыл ішінде аудан қазынасының көбеюіне тынымсыз қызмет атқарып, экономикамызды дамытуға атсалысты. Қаржы жүйесіндегі қажырлы қызметі үшін Зағира Байқоңырқызына облыстың ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасы» табысталды.
Айта кетейік, Ұлттық теңгенің алғашқы топтамасы Ұлыбританиядағы Harrison & Sons фабрикасында басылып шығарылды. Оны елге жеткізу үшін тасымалдаушылар 18 әуе сапарын жасады. Қазақстандық банктерге 8 күннің ішінде бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды.
Қағаз тиындардың орнына жезден жасалған 2,5,10,20 және 50 номиналды монеталар 1994 жылы шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілген болатын.
Елімізде 1995 жылы ақша басып шығаратын өз фабрикамыз ашылды. Содан бері банкнота – Ұлттық банктің Алматы қаласындағы банкнот фабрикасында, ал монета – Өскемендегі Монета сарайында шығарылып келеді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ











