Орман – тыныс, орманшы – тыныштық кепілі
Қазан айының үшінші жексенбісі – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Дана халқымыз «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» деп бекер айтпаса керек. Адам өзіне қажеттіліктің барлығын қоршаған ортадан алады. Ал табиғаттың қалыпты сақталуын, аң-құстың жойылып кетпеуін орман саласы қызметкерлері қамтамасыз етеді.Аймақ басшысының қолдауымен өңірдің орман алқаптарын ұлғайту, саладағы ғылыми жұмыстарды жандандыру және жаңа технологияларды енгізумен бірге орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жаңа серпін берілуде. Аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің қызметкерлері өлшеусіз үлес қосуда. Газетіміздің бүгінгі санында Сырдария орманшыларының жұмысын саралап, оқырманға ұсынуды һәм үлгі етуді мақсат еттік.
– Аймағымыз – еліміздегі ерекше экологиялық аймақтардың бірі. Орман шаруашылығының тарихы әріден басталады. Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі Қызылорда орман шаруашылығы бірлестігінің 1992 жылғы 27 сәуірдегі №48 бұйрығы негізінде құрылды. Қазіргі таңда орман мекемесінің аумағы Қызылорда облысы, Сырдария әкімшілік ауданының аумағында орналасқан. Мекеме құрылған жылдан бері бізге белгілісі Иван Савин, Марат Сақтапов, Болат Байсалбаев, Ораз Дүйсенов, Құдайберген Батниязов, Ғайрулла Алданазаров, Болат Дүйсекеев, Сахабадин Зиядинов, Жарбол Ешмаханов, Әлібек Рахымжанов, Болат Бисенбаев басқарды. Былтыр орман шаруашылығы саласы өзінің 90 жылдық мерейтойын тойлаған болатын. Биыл да атаулы күн кең көлемде аталып өтілді. Бүгінде Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі аудан көлеміндегі орман қоры жерлерін қорғап, тиімді пайдалану ісін жүзеге асырады. Мекемеге қарасты 263361 гектар орман қоры жері бар. Осы жер қоры 13 айналымға бөлінген, 178 орамнан құралған. Осы жерді қорғау, молайту, тиімді пайдаланумен қатар, орман өртінің алдын алу – мекеме қызметкерлерінің басты міндеті. Жалпы қазіргі таңда мекеменің штат кестесі бойынша 51 қызметкер саланың жан-жақты сапалы жұмысын үйлестіруде, – дейді Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы Болатбек Ұлтанбекұлы.
Орман шаруашылығы қызметкерлеріне артылар жауапкершілік қашан да өте жоғары. Аталған саланың жауаптылығымен қатар қауіпті тұстары да баршылық. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында уақытпен санаспай жұмыс істеп, тіпті олар демалыс немесе мереке күндері де жұмыстың басы-қасында жүріп, орман қауіпсіздігіне жауап береді.
– Биылғы жылдың көктемінде көшет қазу бойынша мекеме тұқымбағынан 2230 дана үйеңкі, қараағаш, сыр талы секілді ағаш көшеттері қазылып, ағаш көшеттері кент және мектептерге көктемгі ағаш отырғызу акциясы кезінде тегін таратылған. №9 аялдама саябағында көктемгі ағаш егу, жер жырту, жеміс ағаштарын толықтыру секілді жұмыстар жүргізілді. Саябақты тазалау, ағаштардың түптерін әктеу, қораларды қоршау және тағы да басқа жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда Арал ұлтанына ағаш егу тапсырмасы Мемлекет басшысының тарапынан берілгені белгілі. Осы орайда Іңкәрдария елді мекенінің маңайына 10 гектар тұқымбақ жері қоршаланып, жыртылып, Орман селекциялық тұқым өсіру орталығынан сексеуіл тұқымының сапасына сай куәлігі алынған соң тұқымбақты егу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда сексеуіл тұқымбағының шығымдылығы 30-35 пайызды құрап отыр. Шығымдылыққа сай Арал ұлтанына сексеуіл көшеті қазылып жөнелтіледі. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған ұлтанының күзгі орман молықтыру жұмыстарына қажетті ағаш тұқымдарын жеткізу бойынша жұмыс жоспарға сай жүргізілуде, – дейді мекеме басшысы.
Орманшы инспекторлар биыл жабайы жануарларды браконьерлерден қорғау және орман заңдылықтарын бұзудың алдын алу бойынша 32 рет рейдке шығып, 17 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде аң аулау заңдылығын бұзу бойынша 14 жағдайға ӘҚБтК-нің 382-бабымен 14 хаттама толтырылып, заңбұзушыларға олжалаған аң-құсы болмағандықтан 5 жағдайға ескерту шарасы көрілген. Барлық жағдайлар бойынша тиісті айыппұл мен шығын толық өндірілген.
Байқап отырғанымыздай, орманшылар тек орман өсірумен айналыспайды. Олардың қыруар міндеттеріне орманды қорғаудан бастап, қылмыстың алдын алу, өрттен сақтау сияқты бірқатар қызмет кіреді. Бұл орайда сала мамандары құқық қорғаушылармен және төтеншеліктермен тығыз әріптестік байланыс орнатқан.
– Төтенше жағдай орын алған жағдайда қатысатын Урал және ЗИЛ арнайы өрт сөндіру автокөліктері, Lutong-2404 тракторы, ХТА-200 доңғалақты трактор соқасымен, МТЗ-82 тракторлары тіркемесімен, Нива және ГАЗель автокөліктері бар. Мекемеде бір аға өрт сөндіруші мен алты өрт сөндіруші жұмыс істейді. Мекеме орман күтушілері және өрт сөндірушілері байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Өртке қауіпті маусымдарда тәулік бойы мекеме ғимаратында және өрт бақылау мұнарасында кезекшілік ұйымдастырылуда, – деді саланың жан-жақты қауырт қызметінен хабар берген Болатбек Ұлтанбекұлы.
Дана халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөз бар. Ұлы дала төсінде жайқалған әсем табиғаттың өзі – ұлттың киелі қазынасы, баға жетпес байлығы. Бүгінгі бүкіл жаһанды алаңдатып отырған экология мәселесінің оңалуына орман шаруашылығының маңызы орасан зор. Елімізде тал егу, табиғатты тосын қатерден қорғау, орман шаруашылығына, соның ішінде орманды алқаптарды ұлғайту мәселелеріне баса назар аударылып, әрдайым басымдық беріліп келеді. Жылдың төрт мезгілінде болатын ауа райының қолайсыздығына қарамастан табиғаттың осынау керемет сыйын көзінің қарашығындай қорғап жүрген орман шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ











