Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайнай бер, сыр шаһары – Қызылорда

Жайнай бер, сыр шаһары – Қызылорда

Қойнауы құт, шырайлы қала Қызылорда жайнаған, жасарған, гүлденген қалаға айналды. Бүгінде Қызылорда қаласының астана болғанын, қазақ атауының қайтарылғанына 100 жыл толуын және «Қала күні» мерекесін Сыр жұртшылығы атап өтуде. Алғашында «Қамысқала» бекінісі болып, екі ғасыр ішінде қала болған Ақмешіт – еліміздің астанасы болды. Бұл атаумен 1922-1925 жылдары аталды.

Қазақ АКСР-і Орталық комитетінің 1925 жылғы 9 ақпандағы шешімімен республика астанасы Ақмешітке көшірілгені ел тарихында жазулы. Ақмешіт бұған дейін астана болған Орынборға қарағанда қазағы көп өңір ретінде ерекшеленді. 90 пайыз қазақтар тұратын қаланы ел астанасы ету мәселесінде сол кездегі республика басшылары Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов ұлттық мүддені басты назарға алған. Сонымен қатар араға бір-екі ай салып, 1925 жылдың 15 сәуір күні Ақмешіт қаласында Қазақстан еңбекшілерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестерінің V съезі өтті. Съездің басты қарарында «қырғыз» ұлты­ның «қазақтар» атауын қалпына келтіру» туралы қаулы қабыл­дады. Осы құжат бұр­­ма­­ла­нып келген «кир­гиз» атауы «қазақ» де­ген тарихи атауын қайта қал­пына келтірді. Сонымен бірге съезд «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп атауға, ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы қабылдады.

Сонымен Алты алаштың астанасы болған Қызылорда Қазақстан астанасы деп аталғаны жаңа тарихтың бетін ашты. Жаңа астананың іргесі бекітілді. Қалада жаңадан құрылыс нысандары жүргізіле бастады. Қала тұрғындарының саны арта бастады. Қала толығымен электр жарығымен жарықтанды. Астана мәртебесіне қол жеткізген соң түрлі мекемелер мен өндіріс орындарының іргетасы қаланды. Біртіндеп кондитерлік фабрика, ет комбинаты, тағы да басқа кәсіпорындардың қатары көбейді. Жаңа оқу орындары мен халыққа қызмет көрсету ошақтары, жаңа ғылыми-зерттеу институттары, денсаулық сақтау мекемелері, ауруханалар бой көтерді.

– Ел іргесін бекітуде, Қызылорданы рес­публика астанасына айналдыруға Сұлтанбек Қожанов саяси басшылық жасап, ауқымды іс атқарды. Мұхамед­жан Тынышбаев пен Сүлеймен Есқараев жаңа астанада жүргізілген құрылыс жұмыстарының бас инженері болып, қаланың бас жоспарын жасады. Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов оқу-білім, мәдениет саласына басшылық жасады. Респуб­ликаның Халық комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нығмет Нұрмақов пен Абылай Серғазиев астана құрылысына қаражат жағынан қолдау көрсетті. Осылайша Сыр бойындағы Қызылорда қаласы 1925-1929 жылдары қазақ елінің астанасы болған екінші қала ретінде қазақ тарихында алтын әріптермен жазылды, – дейді ардагер Мұса Келдібаев ел тарихы жайлы өз сөзінде.

Бүгінде қала келбетін бұрынғымен салыс­тыруға келмейді. Тіпті осыдан 5-6 жыл бұрын­ғы қаланың көркі қазіргі ажарынан алыс. Қазақылық қаймағы бұзылмаған бұл мекеннің бүгініне тамсанбайтын, таңданбайтын адам жоқ шығар. Дәулетіне сәулеті келіскен зәулім ғимараттар, жіптіктей болған көшелер, ажар­ланған демалыс орындары, бәрі-бәрі өркені өрісті, дамуы келісті шаһардың шырайын ашып тұр. Оның үстіне, бас қалаға қарап байыпты бастамаға барған Сыр жұртшылығы ерке Есілдің оң-сол жағалауы секілді сұлу Сырдың сол жағалауына «Жаңа қала» тұрғызылды. «Елге ел қосылса құт» демей ме?! Бүгіннің өзінде құрылысы қызу жүріп жатқан «Жаңа қаланың» зәулім ғимараттары әлі де бой көтеріп жатқаны қандай ғажап. Жалпы соңғы жылдары облыс орталығында жаңадан бірнеше шағын аудандар бой көтеріп, мыңдаған қызылордалық баспаналы болды. Биылғы жылы да осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мәселен, қазіргі таңда қалада жаңадан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынуда. Оның ішінде, жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен ондаған көпқабатты тұрғын үй тұрғызып жатса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы да көп­қабатты баспана бой көтеруде. Осыдан-ақ қала көлемі ұлғайып, халық санының көбейіп жатқанын аңғаруға болады. Бұл алғашқы астана­ның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артқанын білдіреді.
Сондай-ақ игілікті инвестиция мен өрісі кеңейген кәсіпкерліктің нәтижесінде қала жаңа­шылдыққа жол салып, дамудың дара үлгісін көрсетуде.

Күннен-күнге көркейген Сыр шаһары рес­публикадағы облыс орталықтарынан оқ бойы озық екенін мақтанышпен айтамыз. Оның үстіне, гүлзарлармен көмкерілген қаланың кейпі, сан түрлі архитектуралық кескіндер алыс­­тан көз тартып, құдды бір өзге әлемге енгендей күй кештіреді. Осының өзі әрбір жанға ерекше көңіл-күй сыйлайды.

Қай кезеңде де қалаға қарап бой түзесек, бүгінгі қос ғасырдың куәсі болған Қызылорда – инвестициялық, туристік әлеуетімен, сыр тұн­ған, рухани құндылыққа толы мәдениетімен, көш ілгері дәулетімен, көрікті, сұлу сәулетімен өзге өңірлерге үлгі.

Дүлдүл ақынымен, дулығалы батырымен, әйгілі әншісімен, күмбірлеткен күйшісімен мақта­натын Қызылорда дара дамуын жалғай бермек. Жасай бер, жайнай бер, сүйікті қала – Қызылорда!

Бибісара ЖАНӘЛІ

18 қазан 2025 ж. 230 0